• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Сәуір, 2020

Тілегін өлеңмен жеткізген кәсіпкер

1043 рет
көрсетілді

«Ел ерімен еңселі» дейді халқымыз. Үлкен-кішіге үлгі-өнегесімен танылған мұндай жандарға ел іші кенде емес. Соның бірі – «Алпамыс батыр» республикалық қоғамдық қорының төрағасы, жеке кәсіпкер Бауыржан Оңғарбаев. Түркістандық азамат 2014 жылы Жетісайда өз қаржысына биіктігі 14 метр болатын Алпамыс батыр ескерткішін орнатқан болатын.

Меценат жыл сайын мектеп оқушыларының шетелге жарысқа баруына демеушілік жасайды, мәдени-рухани салаларға қолұшын созып отырады. Ауданда өтетін патриоттық, дәстүрлі ән байқауларына, «Жігіт сұлтаны», «Айтыс», «Алтын аймақ аруы» сынды жобаларға тұрақты түрде демеушілік етеді. Тұрмыстық деңгейі төмен, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға материалдық жағынан көмек көрсетеді. Айтайын дегеніміз, ақын-жазушылардың шығармаларын бала кезінен жаттап өскен азаматтың ара-тұра қолына қалам ұстап, жастарды жігерлендіретін өлең жазатын өнері тағы бар.

Алты құрлықты алаңдатқан қауіпті дертті жеңіп шығу үшін адамзат баласынан сабыр мен тәртіп талап етілуде. Бүкіл ғалам өзін-өзі сақтыққа бағындырып, бір тілектің бойына байлануда. Ұлт саулығы сынға түсіп жатқан сәтте кәсіпкер азамат та ауылдастарына қолынан келгенше көмек беріп, азаматтық парызға әрдайым адалдық танытуда. Карантин кезінде ауылдастарын рухани жағынан қолдап, күні-түні көз ілмей адам өмірі үшін арпалысқан ақ желеңді абзал жандарға, медицина қызметкерлеріне арнап мынадай жыр шумақтарын жолдапты:

Бірдей көрген ханды да, қарашаны,

Мәртебеңмен кім сенің таласады.

Сын сағатта бәйгеге басын тіккен,

Батыр десек, сіздерді жарасады.

 

Біргесіңдер қашанда сүйікті елмен,

Кішісіңдер, кезің жоқ иық керген.

Гиппократ антына адалдығы,

Шұғыла боп тарайды биіктерден.

 

Бәрі өтеді, ертең-ақ Күн күледі,

Еңбегіңді біз білмей, кім біледі?!

Інілері айбынды Алпамыстың,

Гүлбаршынның сүйкімді сіңлілері.

 

Шуақ шашқан жүзіңнен бақ табамыз,

Ақ тілекті құрметпен ақтарамыз.

Рақмет, алтын қол – абзал жандар,

Біз сіздермен әрдайым мақтанамыз.

Жақсылық жасау үшін адамға асқан байлықтың қажеті жоқ деп жатамыз. Бастысы, жүректе мейірім болуға тиіс. «Өмірдің мәні елге, халыққа адал қызмет етумен өлшенеді» деп есептейтін ақынжанды азаматтың ендігі бір өлеңі ел тыныштығын күзеткен тәртіп сақшыларына арналыпты.

Арқалаған қаймықпай заман жүгін,

Ауыр міндет жүктелген саған бүгін.

Ел үмітін мың есе ақтадыңдар,

Күзетумен халықтың амандығын.

 

Қиындыққа тап болды ел күтпеген,

Хабар-ошар көңілді сергітпеген.

Сын сағатта қасқайып қарсы тұрған,

Еңбектерің пара-пар ерлікпенен.

 

Қамқор болып сауға да, ауырғанға,

Жүресіңдер қалада, ауылдарда.

Көзін ілмей күзеткен тыныштықты,

Рақмет, полицей бауырларға.

 

Ел деп соққан жүрегің – бағаң бөлек,

Қайсар жандар қосады заманға леп.

Рухы бар бойыңда Алпамыстың,

Өздеріңдей қазаққа адам керек.

 

Биік қойып ар-ождан, намысыңды,

Туған елге арнадың әр ісіңді.

Үлгісімен генерал Дәлбековтің,

Адал өтеп жүрсіңдер парызыңды.

 

Шұғыл істен, жұмыстан шаршамаған,

Тыныштықты кезің жоқ аңсамаған.

Рақмет, полицей бауырларым,

Өздеріңе қарыздар қаншама адам.