Күн кеше «Soccerex» халықаралық аудиторлық компаниясы әлемдегі қаржылық жағдайы ең тұрақты футбол командаларының рейтингін жариялады.
Үздіктерді анықтауда басты бес көрсеткіш негізге алынды. Олар – әр команда сапындағы ойыншылардың трансферлік құны, материалдық активтері, қаржылық жағдайлары, клуб қожайындарының әлеуетті инвестициялары және таза қарыздары.
Жоғарыдағы жайттардың барлығын ескере келе, сарапшылар Франция чемпионатында өнер көрсетіп жүрген «Пари-Сен-Жерменді» (ПСЖ) ең үздік деп тапты. Осыдан тура жарты ғасыр бұрын іргетасы қаланған команданың қазіргі қожайыны – 47 жастағы катарлық бизнесмен Нассер Ганим аль-Хелаифи. Париждіктер соңғы жеті жылда алты рет ел бірінішілігінде бас жүлдені олжалады. Тек 2016/17 жылғы маусымда «Монакодан» қалып қойып, күміс медальді қанағат тұтқан еді.
Сондай-ақ, қаржылық жағдайы ең тұрақты 10 команданың қатарында мыналар бар: «Манчестер Сити» (Англия), «Бавария» (Германия), «Тоттенхэм» (Англия), «Реал» (Мадрид, Испания), «Арсенал» (Англия), «Челси» (Англия), «Ливерпуль» (Англия), «Ювентус» (Италия) және «Боруссия» (Дортмунд, Германия).