• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Сәуір, 2020

Жамбыл облысында жол жөндеуге 30 миллиард теңге қарастырылған

381 рет
көрсетілді

Жамбыл облысында биыл облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды жөндеуге 30 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұл туралы өткен жиында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтып, сонымен қатар облыс орталығындағы және Алматыға баратын республикалық жолдардың нашар жағдайына назар аударды. Сондай-ақ, жолдардың нашарлығымен қатар, айналасының да қоқысқа толы екенін жеткізді.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтің айтуынша, 122 жоба жергілікті және республикалық бюджеттен қаржыландырылуда екен. Сондай-ақ, 84 жоба «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы, 845 жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асатын болса, 96 жоба Қордай ауданының көшелерін орташа жөндеуге бағытталған. Ал, 74 нысан бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары аяқталса, 22 нысанда өндірістік жұмыстар басталған. Бөлінген қаржы есебінен 1334,6 шақырым жолға жөндеу жүргізу жоспарлануда. Бұл ретте 1310,5 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді. Оның ішінде 180,5 шақырым облыстық, 136,5 шақырым аудандық маңызы бар автожолдар және 1017 шақырым елдімекендердің көшелері. Сондай-ақ, 6,1 шақырым жолды қайта жаңғырту және 18 шақырым жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекендердегі көшелерді салу жоспарланған. «Барлық аудан әкімдері өз аумағында орналасқан асфальтбетонды зауыттармен келісім-шарт жасасып, жөндеуді қажет ететін жолдар тізімін, қажетті материалдардың көлемін жасауы керек. Жол активтерінің сапа орталығы, техникалық қадағалау органдары өздеріне жүктелген функцияларды тиісінше орындап отырған жоқ. Сапасыз асфальттің салдарынан жолдардың жағдайы көңіл көңшітпейді. Сондай-ақ, көлік инспекциясы үлкен жүк көліктерінің қозғалысын бақылауды күшейтуі керек», деді әкім. Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев қоғамдық көліктерді газға көшіру жөніндегі жұмыстардың әлсіз екенін айтты. Егер олар газға көшкен жағдайда Тараз қаласының экологиясына және оның тұрғындарының денсаулығына оң әсерін тигізетінін атап өтті. Тағы бір мәселе, электрондық билеттендіруді енгізу шараларын жандандыруды тапсырды. Ал, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы Жамбыл облыстық филиалының директоры Өмірзақ Ерембаев ағымдағы жылы «Мерке-Бурылбайтал» республикалық автожолының бір бағыты бойынша құрылыстың аяқталатынын, жол толығымен 2022 жылы тапсырылуы тиіс екенін жеткізді.

«Ұзындығы 266 шақырым жол салу үшін бес жыл деген өте  ұзақ мерзім. Бұл жолды 2021 жылы аяқтау керек. Ең бастысы – құрылыс барысында қаржыны уақытылы игеру, жоғары сапаға мән беру, жергілікті материалдарды пайдалану, жұмыс орындарын құру және жұмысшылардың жалақысын  кідіріссіз төлеп отыру», деді Бердібек Сапарбаев. Сондай-ақ, ол бірінші кезекте Тараз қаласындағы Абай мен Қойгелді көшелерін ретке келтіруді тапсырды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, Абай көшесіндегі жолды жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін, Қойгелді көшесіндегі  жұмыстар 20 мамырға дейін аяқталады. Және басқарма басшысы тараздықтарға ыстық су шілде айына дейін беріліп, одан кейін келесі жылыту маусымына дайындық бойынша жоспарлы жұмыстар басталатындығын жеткізді. Басқосуда 15 мың теңге мөлшерінде халықтың әлеуметтік осал топтарындағы жеті санаттағы азаматтарға коммуналдық қызметтердің шығындарын төлеу тетіктері пысықталып жатқандығы да айтылды. Бердібек Сапарбаев коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық қарызды 1,6 миллиард теңге көлемінде қысқарту бойынша қажетті шаралар қабылдау керектігін, «Таразэнергоцентр» және «Жамбыл жылу» мекемесімен тығыз байланыста жұмыс істеуді тапсырды. Сонымен қатар, қала және аудан әкімдеріне келесі жылыту маусымына дайындық  барысында өткен жылғы қателіктерді ескеру, бюджеттік ұйымдар жүктемесін төмендету, жылуды есептеу құралдарын орнатуды жандандыру қажеттігі тапсырылды.

 

Жамбыл облысы