Ұлттық баскетбол қауымдастығы (ҰБҚ) тарихындағы ең нәтижелі ойыншы Кәрім-Абдул Джаббар екені баршаға белгілі. 20 жыл бойы ойын алаңында жасындай жарқыраған Нью-Йорк қаласының тумасы жуырда ғана, яғни 16 сәуірде 73 жасқа толған еді.
1969-1989 жылдар аралығында «Милуоки Бакс» пен «Лос-Анджелес Лейкерстің» намысын қорғаған Кәрім-Абдул Джаббар 1 560 ойын өткізіп, 38 387 ұпай олжалады. 42 жасқа дейін алаңда атой салған ол әр кездесуде орта есеппен 24,6 ұпайдан еншіледі. Кәрім-Абдулдың бойы – 218 сантиметр, салмағы – 121 келі.
Бұл тізімде Карл Мэлоун екінші орында тұр. 1985-2004 жылдар аралығында өнер көрсеткен айтулы баскетболшының қоржынында 36 928 ұпай бар. Алайда Мэлоун 2004 жылы спорттық карьерасын аяқтады. Сол себепті де енді оның Джаббарға бәсекелес бола алмайтыны анық.
Үшінші орында –Леброн Джеймс. Дәп осы ойыншының Джаббарды қуып жетуге жақсы мүмкіндігі бар. Өткен жылдың соңында 35 жасқа толған «Лос-Анджелес Лейкерстің» шабуылшысы әзірге 34 092 ұпай олжалады. Өзінің даңқты отандасын қуып жету үшін оған әлі 4 295 ұпай жию керек. Қазіргі кезде Джеймс әр бәсеке барысында орта есеппен 27,1 ұпайға иелік етуде. Егер осы қарқынын бәсеңдетпесе, Леброн шамамен 170 кездесуден кейін Кәрім-Абдулдың рекордын жаңартуы мүмкін. Бүгінгі таңда барлық букмекерлік кеңселер «Джеймс Джаббарда оза ма?» деген сауалға бас қатырып, барша жанкүйерді бәске ақша тігуге үгіттеуде.
Сондай-ақ, ҰБҚ-ның ең нәтижелі «ТОП-10» ойыншысының тізімінде мына баскетболшылар еніп отыр: Коби Брайант (33 643 ұпай), Майкл Джордан (32 292), Дирк Новицки (31 560), Уилт Чемберлен (31 419), Шакил О’Нил (28 596), Мозес Мэлоун (27 409) және Элвин Хейз (27 313). Бірақ бұл ойыншылардың барлығы да спорттық карьераларын әлдеқашан аяқтаған. Сондықтан да олардың Кәрім-Абдул Джаббарды көрсеткішін жаңарта алмасы анық.