• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Сәуір, 2020

Қарағанды облысы: Карантиннің кезекті «қызықтары»

676 рет
көрсетілді

Бүгін облыстық әкімдік жағынан «Коронавирустің жаңа жағдайлары» деген көңілді астан-кестең ететін ақпараттың болмағанына кәдімгідей қуанып отырмыз. Оның үстіне облыста осы індеттен емделіп шыққандар санының тап бүгін 19 адамға жеткені де қуанышты еселеп, жүректің төрінде сенім отын жағады. Ал карантиндегі Қарағандының тірлігіне үйде отырып қарап отырсаң, талай «қызығына» куә боласың...

Отыз тістің қадірі...

Отыз тіс қақсамасын деңіз. Алпыс екі тамырыңды солқылдатып ол қақсаса бар ғой, оның жанында коронавирустің өзі «ойнамай» қалатын шығар..?

Осыны жақсы білетін болса керек, Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы бүгіннен бастап емханалар жанындағы стоматологиялық кабинеттердің жұмыс істеуіне рұқсат берді. Бұған қоса, стоматологиялық емхана балаларға арналған екі хирургиялық кабинеттің де есігін айқара ашты.

Бұған дейін тісі ауырған тұрғындар «Облыстық стоматологиялық емхана» мекемесіне барып, күні бойы ұзын-сонар кезекте тұратын. Енді, олардың құдайын беріп, тәулік бойы басқа да тіс дәрігерлерінің көмегіне жүгіне алатын болды.

 

Әкім де дүкен аралайды екен

Алыстағы Алманияның канцлері Ангела Меркельдің дүкенде кезекте тұрған суретін көріп таң қалушы едік. Сөйтсек, онымыз осы бүгін естіген жаңалығымыздың жанында түк те тұрмайды екен.

Бүін Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровтің өз аяғымен дүкенге барғаны туралы ақпарат кеншілер қаласын «дүр сілкіндірді». Коронавирус көше кезіп жүргенде, басын бәйгеге тігіп барған, тіпті жұрт қатарлы кезекке де тұрған ғой. Әйтеуір, мына қиын заманда жалғыз бармай, жанында көмекшісінің болғанына тәубе дедік.

Әубәкіровті дүкенде көріп қалған бір шүйкебас таңданғаннан есі шығып: «Сізді суретке түсіруге бола ма?», деп шалғайына жармаса кетіпті. Әкім аса жақтыра қоймаса да қыздан құтылмасын біліп, қолындағы тауар толы себетті көмекшісіне беріпті де, ұялы телефонның камерасын нұрландырған екен.

 

Майқұдық Қарағандыны қалай ренжітті?

«Яндекс» деген сервис еліміздегі өзін-өзі оқшаулау индексі бойынша озып тұрған қалалар рейтінгісін шығарыпты. «Сырт көз – сыншы» деген, айтары жоқ, тамаша һәм тың жоба!

Міне, осы аталған индекс бойынша біздің Қарағанды өзгелерден оқ бойы озық тұр екен. Мәселен, кей күндері әлгі индекс елордада 2,9, Алматыда 3,5  болса, кеншілер астанасында 3,6 деген санды құрайтын көрінеді...

Мақтағанды кім жек көрсін, «Яндекстің» жан семіртер жаңалығына бек қатты риза болдық та қалдық. Бірақ, қуанышымыз ұзаққа бармады: масайраған көңілді атақты Майқұдықтың бұзып жібергені... Сөйтсек, мұндағы жұрт кешкісін жаппай көшеге шығып, «дала дискотекасында» жүр екен. Қап...

 

 

 

Қарағанды облысы