Ұлттық банк Президенттің қаулысы бойынша жыл соңына дейін заңды тұлғалардың банктерден қолма-қол алатын ақша мөлшерін шектеу туралы шешім қабылдағаны белгілі. Қолма-қол ақшаның шекті мөлшеріне қатысты өзгерістер бірінші маусымнан бастап күшіне енеді.
Заңды тұлғалар үшін банктегі шоттардан шешіп алуға болатын қолма-қол ақшаның шекті сомасы белгіленген. Атап айтсақ, бір ай ішінде шотынан шағын бизнес – 20 млн, орта бизнес – 120 млн, ірі бизнес өкілдері 150 млн теңгеге дейін ала алады.
Сонымен қатар егер заңды тұлғалар екінші деңгейдегі банктерге тиісті негіздемені ұсынса, белгіленген лимиттен артық ақша алуға рұқсат етіледі. Өз кезегінде соманы көбейтуге арналған өтінімді Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне жіберіп, 3 жұмыс күні ішінде келісуі керек. Мұндай жағдайда өтініш қабылданбауы да мүмкін. Себебі кәсіпкерлердің жылдық есеп-қисабына арнайы тексеріс жүргізіледі. Соның нәтижесінде ғана рұқсат беріледі.
– Бұл шешімді қабылдамас бұрын біз жағдайды, оның ішінде заңды тұлғалардың қолма-қол ақшаны алу мақсатын және сомасын жан-жақты зерттедік. Егер компания үш жұмыс күні ішінде Мемлекеттік кірістер комитетінен жауап алмаса, қолма-қол ақшаны алу бойынша транзакция автоматты түрде мақұлданады, – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Ғалиева.
Статистикаға сүйенсек, 2017 жылы заңды тұлғалар банктегі есепшоттарынан 1,6 трлн теңге, 2018 жылы 2,4 трлн теңге алған. Ал былтыр бұл сома 2,8 трлн теңгеге дейін көтерілді. Осылайша қолма-қол ақшалай алатын қаржы жылдан-жылға өсуде. Бұл ретте, кәсіпкерлердің өздері көрсеткендей, аталған қаражат белгілі бір тауарлар мен әртүрлі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Компаниялар мұндай операцияларды қолма-қол ақшасыз да жүргізе алады. Ешқандай шектеу жоқ, оған барлық қажетті жағдай жасалған. Мысалы, 2019 жылы заңды тұлғалар 65,6 трлн теңге сомаға қолма-қол ақшасыз тауарлар мен қызметтер ақысын төледі, бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштерден 14%-ға жоғары.
Экономист Расул Рысманбетов енгізілген лимиттер бизнеске теріс әсер етпейтінін айтады.
– Төлемдерді онлайн режімде аудару бұрыннан келе жатқан іс. Қолайлы жағдайды пайдалана отырып, Ұлттық банк тұтастай алғанда қолма-қол ақша айналымын неғұрлым ашық көрсетуге көшті. Бұл қаржының үлкен көлемін «көлеңкеден» алып шығуға көмектесетін таптырмас шешім. Көлеңкелі бизнес жасайтын орта және ірі компаниялар көп болғандықтан, жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес өкілдері қиындыққа тап болмайды деп ойлаймын. Сондықтан бұдан келер ешқандай қауіпті көріп тұрған жоқпын. Өкінішке қарай, бүгінде көлеңкелі бизнеске қарсы күрес туралы көбірек айтуға мәжбүрміз. Сонымен қатар енгізілген лимиттерді банкпен келісім бойынша реттеп отыруға да болады ғой, – дейді сарапшы.
Айта кетейік, бұл шектеудің қатысы жоқ заңды тұлғалар санаты да бар. Соған байланысты Қаржы нарығын реттеу агенттігі өз шешімін шығарды. Бұл қатарға жеке кәсіпкерлер, микрокәсіпкерлік субъектілері, азық-түлік және балық өнімін сатып алуды жүзеге асыратын заңды тұлғалар, тамақ өнімдерін, сусындарды, фармацевтикалық, медициналық және ортопедия тауарларын бөлшек сатумен айналысатын кәсіп иелері жатады.
Д.Ғалиеваның айтуынша, Ұлттық банктің шешімі көлеңкелі экономиканы төмендетуге, бизнес субъектілер жүргізетін операциялардың ашықтығын арттыруға жол ашпақ. Әрі заңсыз жолмен алынған ақшаны жылыстатуға қарсы күреске және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге ықпал етеді.
Ұлттық банктің мәліметі бойынша, қолма-қол ақша нысанында есептеудің шекті мөлшерін белгілеу тәжірибесі басқа елдерде де бар.
Айталық, Еуропалық одақ елдерінде қолма-қол ақшамен төленетін мәмілелер мен сатып алулар бойынша шекті мөлшерлер заңға байланысты 1-15 мың еуро аралығында. АҚШ-та – 10 мың долларды, Канадада – 10 мың Канада долларын, Аустралияда 10 мың Аустралия долларын құрайды.
– Банктер жалақы жобаларын ұйымдастырған. Бізде төлемдер, қолма-қол ақшасыз есеп айырысулар мен аударымдар жасауға арналған қолайлы орта бар. Былтыр орташа статистикалық есеп бойынша, бір заңды тұлға жылына шамамен 9 млн теңгені немесе айына 747 мың теңгені қолма-қол ақшамен алған. Біз енгізетін лимит жоғарыда көрсетілген саннан әлдеқайда жоғары. Сондықтан біз бизнес үшін қандай да бір қиындықтар туындайды деп ойламаймыз, – деп атап өтті Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау Үкіметтің басты міндеті екені белгілі. Күрделі кезеңде туындаған кедергілерді еңсеру үшін шұғыл әрі нақты шешімдер қабылдауға тура келеді. Ұлттық банктің бұл қадамын осыған жатқызуға болады.