Туған елдің түтінін түзу ұшыру төскейіндегі адал да нәтижелі еңбекті басты парызы санайтын перзенттерінен екен. Сірә, «ауыл көркі – азаматынан» деген қанатты сөздің осындай оңды мысалдан туғанына еш шүбә жоқ.
Зайыры ауылдастар бір-бірінің өміршең өнегесін көріп, алға ұмтылған берекелі қимылына қызығып, өздері де қатардан қалмас үшін табаны тастан таймайтын тарланбоздай талпынып еңбек еткеннен болар, Мәдениет ауылындағы шаруа қожалықтарына қарап көзің сүйсініп, көңілің өседі. Осы топыраққа ынтымақ ұялап, ырыс дарыған тәрізді. Әр шаруаның босағасына береке байланып, шаңырағына еңбекпен келген шаттық дарығандай. Қазір Мәдениеттегі малсақ қауым ата кәсіп – мал шаруашылығын тәуір-ақ дамытып отыр.
Ел ағасы Сатыпалды Бұланов сонау 1994 жылы «Еркебұлан» шаруа қожалығын құрған екен. Тәжірибе бар. Көзін ашқалы ауыл шаруашылығындағы таусылып бітпейтін қайнаған істің ортасында келеді. Жұмыс таңсық болмағанымен, жаңа жосықтағы шаруа қожалығын ұйымдастыру таңсық еді. Әйтпесе, бұрын трактор-егіс бригадасының бригадирі, бөлімше басқарған адамға шағын шаруашылықтың жұмысын жолға қою не тәйірі?!
Нарықтық қатынас қоғамға дендеп енгелі басын тауға да ұрды, тасқа да ұрды. Өзіне лайық өлшемді жол іздеген. Қол қусырып қарап отыруға бола ма? Әуелі шеге шығарып көрген. Экономикалық қарым-қатынас үзілген шақта шегенің өзі қасқалдақтың қанындай қат болып кетті емес пе? Одан соң лай айдап, балшық басып, кірпіш шығарумен де айналысты. Екеуі де ел қажетіне жарап-ақ тұрды. Әйтсе де, көңілі қоңылтақси берді. Сатыпалды ақсақал үшін шаруаның оңдысы – ата кәсіпті өрістеткен.
Қабырғасымен кеңесті, оң-солын барласты. Үлкен іске көзсіз қойып кетуге де болмайды ғой. Етке деген сұраныс қандай, мал өсірудің жағдайы қалай болмақ? Әрқилы шым-шытырық есеп-қисап. Шындап кіріссе, нәтиже шығаратын тәрізді. Ішкі ойы әбден пісіп жетілгенде, құжат жинауға кірісті. Бұрын білмепті ғой, бұл шаруа да оңай емес екен. Кеңседен кеңсе қоймай жүріп ізденгенде, 120 гектар егістік алқап пен 60 гектар жайылым бұйырды. Сатыпалды інісі Серік екеуі тізе қосып кіріскенше әжептәуір уақыт өтті. Шаруа қожалығының асығын алшысынан түсіретін сәт кейін туды.
Өткен жылы өздеріне бөлінген жер учаскесінде мал қорасын салды. Қора болғанда қандай, сыңғырлап тұр. Ұзындығы – 90 метр. 2018 жылы ауыл шаруашылығына шарапаты мол «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 16 млн теңге қаржы алғанда, төбесі көкке бір сүйем жетпей қалды. Алдымен асыл тұқымды мал, қалған қаржыға жаңа трактор, егіске қажетті техникалар сатып алды. Көкірегі алға ұмтылғанымен, техниканың жоқтығы еңсесін түсіріп жүр еді. Бүгінде «Еркебұлан» шаруа қожалығында жүзден астам ірі қара бар. Абердин ангус, герефорд және қазақтың ақбас сиыры. Үйдей сиырлар теңселе басып жайылымға шыққанда көз алдыңа сиыр емес, дәулет, ырыс, береке кетіп бара жатқандай елестер еді.
– «Сыбаға» бағдарламасы кем-кетігімізді толтыруға әбден оңды болды,–дейді Серік Бұланов, – мал баққан біз үшін өте қолайлы екен. Тек бір әттеген-айы, әлі күнге дейін бағдарлама бойынша уәде етілген субсидияны ала алмай жүрміз. Шағын шаруаның еңсе көтеруі де оңай емес. Мәселен, жыл басында трактордың субсидиясын алуға құжат тапсырдық. Трактордың өзін алғалы екі жыл өтті.
Шаруашылыққа бағымдағы 120 бас асыл тұқымды қара малды өз төлі есебінен көбейту де оңай шаруа емес. Мал басы өссе, өздеріне ғана емес, өзгеге де тиімді. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Тек үйдегі ойды базардағы нарық бұзып тұр. Әне-міне дегенше көктемгі егіс уақыты да келеді. Оның арғы жағында мал азығын дайындау қажет. Айтуға оңай, әйтпесе, қаншама қаражат пен күш-жігерді талап етеді. Биыл несие каникулы аяқталып, төлене бастауы керек.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Көшеновтің мәлімдеуінше, субсидия түріндегі мемлекеттік қолдау облыстағы шаруалардың бәріне берілуде. Биыл облыс фермерлеріне асыл тұқымды мал басын көбейту үшін 4,6 млрд теңге бөлінген. Субсидия алу мәселесі бұрынғыға қарағанда біршама жеңілдетілген. Фермерлер өтінімді электронды түрде бере алады. Бұл жерде бәрі ашық. Солай делінгенімен, елдегі шаруа қожалықтарының ішінде субсидияға қол жеткізе алмағандар баршылық. Біз Бурабай ауданындағы «Еркебұлан» шаруа қожалығының неліктен субсидия ала алмай отырғанын сұрадық. Мәселенің мәні республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатта екен. Таяуда ұзақ уақытқа созылған бұл мәселе де шешіліп қалатын сыңайлы.
Бір айта кетерлігі, шоқ жұлдыздай ғана шағын Мәдениет ауылы облыстың өзге елді мекендерімен салыстырғанда өте оңтайлы өңірде орналасқан. Біріншіден, табиғаты тамылжып тұр. Мал азығына қажетті шөптің неше атасы өседі. Екіншіден, облыс орталығынан бар-жоғы 120 шақырым жерде. Ауыл жанынан Щучье – Нұр-Сұлтан бағытындағы республикалық күре жол өтеді. Демек, мал өнімін өткізуде анау айтқандай қиындық туа қоюға тиісті емес. Әйтсе де, жайылым мәселесі күрделі. Мал басы көбейген соң шаруа қожалығының түлігі әсірелеп айтқанда, тоқымдай ғана алпыс гектарға сыятын емес.
– Әзірге ауыл округіне тиісті бос жерде мал бағуға рұқсат етілуде, – дейді Серік Сатыпалдыұлы, – мұндай еркіндік шамамен енді екі-үш жылға ғана созылуы мүмкін. Сонда қайда бағамыз? Өзіміз сияқты төрт түлікті өсіріп, тіршілік етіп отырған әріптестерге айтарым, қазақтың босбелбеулігіне салынып жүре бермей, қазір қажетті жерді заңдастырып алу керек. Ертең кеш болады.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөліміндегі мамандардың айтуына қарағанда, ауылдық округте ат айналатын да бос жер қалмапты. Әр кәсіпкер өз ісін дамытуға мүдделі. Сол себепті жылдан жылға мал басы көбейіп келе жатыр. Жайылым да тарыла бастады. Бурабай аудандық жер қатынастары бөлімінің маманы Ержан Жұматаев бүгінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің тізімі дайындалып, конкурсқа шығарылады деп отыр. Тендер өткізілмек.
Шағын шаруаның ісі оңға басқаны баршаға мерей. Мәселен, «Еркебұлан» шаруа қожалығының басшылары, ағайынды Бұлановтар Зеленобор ауылдық округімен жыл сайын меморандумға қол қояды. Ауылдастарына мал азығымен көмектеседі. Мерекелерді атап өтуге, жергілікті мектепке де қарайласады. Дәлел ретінде 2018 жылы Құрбан айт мерекесі қарсаңында ауылдық округтегі жалғызілікті отбасыларға бір-бір тіркемеден тегін шөп жеткізіп бергенін айтса да болар. Бұл ел еңсесін көтеремін деп алға ұмтылған епсекті жандардың қайырымды ісінің бір парасы ғана.
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы