Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде Қазақстанда 6,5 мың инфрақұрылымдық жоба бойынша 255 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Жол картасы Үкімет басшысының биылғы 27 наурыздағы өкімімен бекітілген болатын.
Ең көп жұмыс орны Алматы қаласында ашылады деп жоспарланған, мегаполисте 26 мың адам жұмыспен қамтылуға тиіс. Одан кейінгі орындардағы Түркістан облысында – 21,9 мың, Алматы облысында 21 мың адамға жұмыс беріледі.
Қызметкерлердің кемінде жартысы халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа алынады деп күтілуде. Жастарға басымдық берілетінін айта кету керек.
Жұмыспен қамтудың жол картасы инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру 4 негізгі бағыт бойынша өтеді. Олар: әлеуметтік-мәдени объектілерді күрделі және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу (білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, демалыс және тағы басқа объектілер); тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау (сумен жабдықтау, кәріз, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау жүйелері); инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу (автомобиль жолдары, тротуарлар, бөгеттер, дамбалар мен көпірлер, арналар, су шаруашылығы объектілері мен құрылыстары); елді мекендерді абаттандыру (аулаларды абаттандыру, көшелерді, саябақтарды, скверлерді жарықтандыру және көгалдандыру, иесіз объектілерді бұзу және тағы басқалары).
Осы төрт бағыттағы жұмысты жүзеге асыруға барлығы 1 трлн теңге бюджет қаражаты бөлінді. Оның 37%-ы, яғни 373 млрд теңге құрылыс жұмыстарына, 19%-ы – 182 млрд теңге күрделі жөндеу жұмыстарына, 31%-ы 2 308 млрд теңге ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстарына, 16 %-ы, яғни 127 млрд теңгесі нысандар мен құрылыстарды реконструкциялауға жұмсалады.
Жоспар бойынша күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау жұмыстары республикалық немесе коммуналдық меншіктегі объектілер бойынша жүргізіледі. Инфрақұрылымдық жобаларды іріктеуді және жұмыстарды іске асыруды жергілікті атқарушы органдар есептелген қаржыландыру лимиттерін және жұмыстардың тиісті құжаттамасының болуын негізге ала отырып жүзеге асырады.
Алматы облысында – 977 жобаны, Шығыс Қазақстанда – 813, Жамбыл облысында – 690, Қарағанды облысында 625 жобаны іске асыру жоспарлан- ған.