Әлемде COVID-19 инфекциясының таралуына байланысты биыл жаһан бұрын-соңды болмаған бетперделі көктемді бастан өткеріп отыр. Шартараптағы барлық елдерді шеңгелінде ұстаған осынау вирустың құрбандары да өсіп барады. Сондықтан дәрігерлер коронавирустық инфекция кезінде аллергиясы, қант диабеті бар жандарға сақ болуды ескертеді. Індет жүрек-қан тамырлары кеселдерін тез асқындырады. Неліктен? Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының бірқатар маманы осының мәнісіне тоқталып, кеңес берді.
Аллергиясы барлар абай болуы қажет
Алматы қаласындағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының Республикалық аллергологиялық орталығының жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы, жоғарғы санаттағы дәрігер Динара Талғатбекова маусымдық және тыныс жолдарының созылмалы аллергиялық ауруларына шалдыққан адамдарға коронавирустың таралуына байланысты жоғары қауіп төнуі мүмкін екенін жеткізді. Динара Жеңісбекқызының айтуынша, мұрын-жұтқыншақ – вирустар мен аллергендердің негізгі кіретін қақпасы. Қауіпті агенттердің алғашқы тосқауылы саналатын мұрын-жұтқыншақтың сілемейлі қабығына ерекше назар аудару қажет. Тыныс жолдарының созылмалы аллергиялық қабынуы пациенттің сілемейлі қабығын вирустарға әсер етеді. Сондықтан көктем мезгілінде, әсіресе сәуір мен мамырда ағаштар шаң баса бастағанда мегаполис тұрғындары сақ болуы тиіс.
Мұрын қуысы сілемейлі қабығымен үнемі вирустармен күресіп, мұрын арқылы өтетін ауаны тазартып отырады. Оған әртүрлі бактериялар, вирустар, шаң-тозаңдар жиналады. Вирустық инфекция ағзаға тыныс алу жолымен еніп, тыныс алу жолдарының жасушаларында – көмей, трахея, бронхтарда жиналады. Бұл аллергеннің сілемейлі қабыққа оңай енетінін білдіреді. Иммунитет әлсіреген кезде зақымдалған сілемейлі қабықтар арқылы вирустар мен аллергендер ағзаға зиян келтіреді. Егер вирусқа көктемдегі өсімдіктердің гүлденуіне байланысты аллергия қосылса, науқастың жағдайына әсер етуі мүмкін.
Сондықтан инфекция аллергияның барысын, ал аллергия вирустық инфекцияның ағымын жылдамдатады. Аурудың алдын алу өте маңызды. Ең қарапайымы – таңертең тісті тазалау сияқты, мұрынды, ауызды және тамақты тұзды сумен шаю. Біз тісімізді таңертең-кешке тазалаймыз, қолымызды күніне бірнеше рет жуамыз, мұрынның сілемейлі қабығына да солай жасау керек. Вирустық инфекция кезінде мұрын-жұтқыншақтың уақтылы емделмеген аурулары (синуситтер, фарингит) ауыр асқынуға әкелуі мүмкін. Аллергиясы бар науқас, әсіресе қазір өсімдіктер гүлдеп жатқанда аурудың белгілері мен ауырлығын бақылау үшін дәрігердің тағайындаған терапиясын қабылдауы тиіс. Вирустар әрдайым аллергиялық аурулардың, әсіресе бронх демікпесінің өршуінің арандатушысы сияқты әрекет етеді. Бронх демікпесі болған жағдайда, пациент дәрігер тағайындаған негізгі қабынуға қарсы терапияны алуы керек, сонымен қатар вирустық/бактериалды инфекциясының қосылу ерекшеліктерін ескере отырып, емдеуде вирус пен бактерияға қарсы иммуномодуляторлық дәрі-дәрмектерді қолдануға болады.
Қант диабеті барларға қауіпті
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, COVID-19 жұқтыру қаупі әсіресе қант диабеті, гипертония, жүрек-қантамыр жүйесі мен созылмалы өкпе және қатерлі ісік аурулары бар егде адамдарға төнуі мүмкін.
Алматы қаласындағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты эндокринология курсының жетекшісі, медицина ғылымының кандидаты Лаура Даниярованың айтуынша, осы санаттағы науқастардың аурудың декомпенсациясы салдарынан ағзаның иммунологиялық реактивтілігі төмендеуі мүмкін. Созылмалы гипергликемия (қандағы қанттың көбеюі) кез келген инфекциялық агенттердің, соның ішінде вирустың өсуі мен дамуына «қолайлы» қоректік орта саналады. Қант диабетімен ауыратын адамдар да вирустық инфекция өршіген кезде, оның жүру барысы қандағы глюкоза деңгейінің ауытқуы және қант диабеті салдарынан асқынатыны белгілі.
«Қант диабетімен ауыратын адамдарға коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін азайту үшін сақтық шараларын сақтау қажет», дейді Лаура Бақытжанқызы.
Өз кезегінде Халықаралық қант диабеті федерациясы қант диабетімен ауыратын адамдарда коронавирустың алдын алу жөнінде ұсыныстар жариялаған болатын. Ең бастысы, өзін өзі бақылау болғандықтан, қандағы глюкоза деңгейіне ерекше назар аудару керек. Тұрақты түрде бақылау – қандағы жоғары немесе төмен глюкоза деңгейінен туындайтын асқынулардың алдын алуға көмектеседі дейді мамандар.
Сонымен мамандардың кеңесіне сәйкес, тұмау белгілері болған жағдайда (дененің қызуы, жөтел, ентігу), міндетті түрде дәрігерге қаралу керек. Кез келген инфекция қандағы глюкоза деңгейін жоғарылатады және сұйықтыққа деген қажеттілікті арттырады, сондықтан жеткілікті мөлшерде су ішіңіз. Диабетке қарсы қажетті дәрі-дәрмектер жеткілікті екеніне көз жеткізіңіз. Егер бірнеше апта бойы оқшаулану керек болса, сізге не қажет екенін ойлаңыз. Жалғыз тұратын болсаңыз, сізде қант диабеті бар екенін білетін, сенім артуға болатын адамның бар екеніне көз жеткізіңіз, өйткені ауырып қалсаңыз, сізге көмек қажет болуы мүмкін. Сондай-ақ дұрыс тамақтанып, дене қимылының көп болуына да назар аудару керек, сондықтан гликемиялық индексі төмен тағамдарды таңдап, қуырылған, майлы тағамдарды тұтынбауға тырысу да өте маңызды.
Жүрек-қан тамырлары дерттерін тез асқындырады
Алдын ала мәліметтер бойынша, COVID-19-ға шалдыққан пациенттердің 25%-дан 50%-ға дейін жапсарлас аурулары бар. Жүрек-қан тамырлары аурулары, қатерлі ісік, созылмалы респираторлық аурулар және қант диабеті сияқты патологиялары бар коморбидті науқастар үшін қолайсыз нәтижелер қаупі халықтың орташа деңгейіне қарағанда едәуір жоғары.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты кардиология кафедрасының доценті, медицина ғылымының кандидаты Күлзида Қошумбаева популяцияда жиі кездесетін жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастар ерекше қауіп тобын құрайды дейді.
«Жүрегі ауыратындар науқастардың қатарын көбейтпеу үшін қарапайым алдын алу шаралары мен дәрігердің ұсыныстарын ұстану керек. Бұл бірінші кезекте мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, медицина қызметкерлері тарапынан ұйғарылған карантиндік шараларының қатаң сақталуы. Сондықтан алдымен көпшілікпен байланысты айтарлықтай шектеу, үйде болу, адамдар көп жиналатын орындарға шықпау, әртүрлі көлікпен жүрмеу, немерелердің ата-әжелерімен байланысын уақытша азайту маңызды, өйткені балалар асимптоматикалық вирус тасымалдаушылары болуы мүмкін», дейді Күлзида Қошумбаева.
Қоғамдық орындарға амалсыз барған кезде, басқа адамдарға қатысты (1,0 - 1,5 метрден астам) қауіпсіз қашықтықты сақтау керек, медициналық маска киіп, қол алысудан бас тартып, бетіңізге, көзіңізге, мұрныңызға және аузыңызға қолыңызды тигізбеңіз, қолды мүмкіндігінше жиі жуып, сабын және құрамында спирт бар дезинфекциялық сұйықтықты қолданыңыз. Мамандар дәрігерлердің барлық ұсынысын қатаң сақтап, тағайындалған дәрі-дәрмектерді қабылдауды жалғастыру қажеттігін алға тартады. Пациенттердің бұл санаты пандемия уақытша екенін сезініп, үрейге бой алдырмай, ақыл-парасатпен өзін сақтау арқылы қорғайды. Коронавирус инфекциясына шалдыққан жүрек-қан тамырлары аурулары бар пациенттердің 90%-ы сауығып кеткенін айта кеткен ләзім.
Сонымен қатар дәрігерлер ыстық ванналар мен моншалар COVID-19-дан қорғамайтынын ескертеді. Керісінше жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастар үшін қауіпті болуы мүмкін. Бұл пікірді коронавирус инфекциясын алкогольмен «емдеу» әрекетіне де қатысты айтуға болады.
АЛМАТЫ