Төтенше жағдай жарияланғалы білім жүйесіне де өзгеріс енгізілді. Оқушылар теледидардан сабақ тыңдап, әлеуметтік желі арқылы үй тапсырмасын орындайды. Студенттер де оқуын қашықтан жалғастырып жатыр. Осы орайда қашықтан оқуға көшкен студенттердің жағдайы туралы Қазақстан студенттер альянсының төрағасы Ілияс Түстікбаевтан сұраған болатынбыз.
– Жаңа жүйеге қатысты студенттердің шағымы бар ма? Оқу процесі қалай жүріп жатыр?
– Пандемия еліміздегі білім саласының барлық деңгейіне де әсер еткені мәлім. Бұқаралық ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желілерден мектеп оқушыларының қашықтан оқуға байланысты көрген қиыншылықтарын, үйренісе алмай жатқанын оқып, көріп отырмыз. Бұл мәселе жоғарғы оқу орындарын да айналып өткен жоқ. Студенттер тарапынан интернет жылдамдығының нашар екені туралы шағымдар жиі айтылды. Оған қоса қашықтан оқуға қажет платформалар мен порталдардың ашылмауы, кейбір студенттерде оқуға қажетті құрылғылардың, яғни компьютер, роутердің жетіспеушілігі сияқты қиындықтар туындады. Бұл мәселелердің барлығы тиісті органдарға хабарланды. Бүгінде Білім және ғылым министрлігі мен университет ректорлары қажет шараларды талқылау үстінде.
– Осы мәселеге байланысты студенттер альянсы білім алушылар мен оқу орындарының арасындағы көпір ретінде қандай міндеттер атқарады?
– Жуырда 20 сәуір күні Білім және ғылым министрлігі өкілдері, университет ректорларымен видео-конференция өтті. Студенттердің атынан аталған жиынға қатыстым. Ұйымға келіп түскен хаттарды, әлеуметтік желіде қозғалған сұрақтарды саралап, тиістілерін сол конференцияда айттым. Құзырлы органдар студенттердің мәселесінен толықтай хабардар. Оқу жылы қорытындыланатын кез жақындаған сайын студенттерді емтихан, мемлекеттік аттестация мәселелері көбірек толғандырады. Конференцияда белгілі болғандай, Білім және ғылым министрлігінің 2018 жылғы бұйрығына сәйкес, әр оқу орны арнайы комиссия құрып, емтихан алу ретін өзі шешетін болады. Осы орайда еліміздегі білім жүйесі Болон процесіне негізделгенін, яғни студенттердің таңдауына басымдық берілетінін еске салып, емтихан ретін белгілеуге студенттерді араластырып, олардың ойына құлақ асса деген тілегімді жеткіздім.
– Биыл ұйымның құрылғанына 15 жыл толыпты. Осыған орай қандай бастамалар қолға алынды?
– Негізі, 15 жылдыққа байланысты жоспар көп болатын. Дегенмен карантин кезінде олардың барлығын іске асыру мүмкіндігі жоқ. Алайда хакім Абай атамыздың 175 жылдығына орай жастар арасында ұлы ақынның өлеңдерін, қара сөздерін әлеуметтік желілерде насихаттаудамыз. Осыған орай карантин кезінде бос уақытты тиімді пайдалануға шақырып, Жастар ғылыми зерттеу орталығымен бірлесіп кітап оқу марафонын бастадық. Нәтижесі жаман емес. Жастардың арасында белсенді, кітапқұмарлар саны да көп. Сонымен бірге вирустың алдын алуға қатысты ақпарат таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бұл да індеттен сақтанудың бір жолы. Әр облыста Nur Otan партиясымен бірлесіп жұмыс істеп жатқан волонтерлік топтарымыз бар. Мерейтой қарсаңында әр облыста 1500 маска, 150 қолғап таратып, әлеуметтік жағдайы төмен 15 отбасыға көмек көрсетілді.
– Республикамыздың түкпір-түкпіріндегі студенттермен байланыс жолға қойылған ба?
– Әр облыстың әкімдігімен байланыс орнатылған. Сондықтан студенттермен байланысымыз еш үзілмейді. Олар кез келген уақытта, әртүрлі мәселемен хабарласа алады. Қашықтан оқу әлі жалғасады. Сондықтан министрлік тарапынан қабылданған әрбір шешім мен хабар міндетті түрде студенттерге жеткізіледі. Жаңа жүйені дамытуға да көмегімізді аямаймыз. Білім және ғылым министрі айтқандай, осы жағдайдан кейін білім жүйесі өзгере түспек. Ал жастар оған дайын болғанымыз абзал. Біздің ұйым заман талабына сай, технологиядан хабары бар, көзі ашық жастарды қалыптастыруды мақсат етеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»