Коронавирусқа байланысты бірнеше рет кейінге шегерілген UFC 249 турнирі 9 мамыр күні АҚШ-тың Флорида штаты аумағында өтетін болды.
Жер-жаһанды коронавирус індеті жайлап тұрған кезде жарысты өткізудің өзі де оңайға соқпайды. Тіптен, осы әрекеті үшін UFC ұйымының президенті Дана Уайт сан мәрте сын садағына да ілікті. «Күллі әлем жұртшылығының басына үлкен қауіп-қатер төніп тұрғанда жарыс ұйымдастырудың қажеті жоқ еді-ау», «Уайт тек пайданы ғана ойлайды. Ақша десе, ол арын сатудан тайынбайды», деген сыңайдағы әңгімелерді де құлағымыз шалды. Бірақ айтқанынан қайтпайтын бірбеткей бизнесмен ақыры жарыс өткізудің жолын тапты.
Естеріңізге сала кетейік, осы турнирдің басты жекпе-жегі жеңіл салмақ дәрежесі бойынша «уақытша чемпион» атағы үшін АҚШ-тың қос саңлағы Тони Фергюсон мен Джастин Гэтжи арасында өтеді.