• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Сәуір, 2020

Ақылы жолдардың ауқымы артпақ

207 рет
көрсетілді

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Жол инфрақұрылымының сапасын арттыру» мәселесіне арналған баспасөз маслихаты өтті.

Былтыр инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жұмыстар толығымен аяқталған болатын. Нәтижесінде автомобиль жолдарының 3 мың шақырымы қайта жаңартылып, 10 мың шақырымы жөнделген еді. Ал биыл 4 мың шақырым жол құрылысы іске аспақ.

– Жолдардың 682 шақырымына төлем алу жүйесі енгізілді. Автомобиль жолдары саласындағы жұмыстарға 100 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Сонымен қатар, жергілікті маңызы бар жолдардың 15 мың шақырымы жөнделді. Аталған шаралар жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін 88%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде, жергілікті тас жолдардың үлесі 71%-ға дейін артты. І-ІІ техникалық санаттағы көлік жолдарының ұзындығы 8,2 мың шақырымға ұлғайды, – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов.

Айталық, былтыр Үкімет қаулысымен инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бекітілген болатын. Бағдарлама аясында алдағы 6 жылда 10 мың шақырым жолды салу және реконструкциялау, республикалық желідегі 11 мың шақырым автомобиль жолын күрделі және орташа жөндеуден өткізу жоспарланған. Бұған мемлекет жалпы көлемі 3,5 трлн теңге бөлген еді.

С. Бармақовтың айтуынша, еліміздегі сапалы жолдардың ұзындығы 60%-ға өседі. Сонымен қатар, Елбасының ел өңірлерін көліктік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажеттігі жөніндегі тапсырмасына сәйкес жергілікті жолдардың 27 мыңнан астам  шақырымы жөнделеді. Бұл облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 95% пайызын жақсы жағдайға жеткізуге мүмкіндік бермек.

Баспасөз маслихаты барысында «QazAvtoJol» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов тағы да бірнеше қалааралық жолдарға төлем алу жүйесі енгізілетінін айтты.

– «Computer Vision Technologies» ЖШС басқаратын  консорциуммен 11 мың шақырым жолда төлем алу жүйесін орнату және оны күтіп ұстау жөніндегі келісімге қол қойылды. Жоба құны 138,8 млрд теңгені құрайды. Келісім аясында реконструкциядан өткен 5,7 мың шақырым жол ақылы болады деп жоспарлануда – деді ол.

Айта кетейік, наурыз айында оңтүстік өңірлерде құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Ауа-райының қолайлы жағдайы орнағанда жұмыстар солтүстік өңірлерге қарай ауып, сәуір айының соңына дейін жолшылар барлық жобалар аясындағы құрылыс жұмыстарына кірісетін болады. Құрылыс алаңында мамандарды короновирустан қорғауға қажетті шаралар қабылданған.