• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Білім 24 Сәуір, 2020

Төтенше жағдай кезінде диплом қорғау кейінге қалдырыла ма?

720 рет
көрсетілді

Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты білім беру ұйымдары арасында бірінші болып жоғары оқу орындары қашықтан оқыту форматына көшкен еді.

Қазіргі таңда студенттер тосын таңдауға әжептәуір төселіп қалғанымен, дипломына қойылатын кешенді емтихандарды және дипломдық жұмыстарын қалай тапсыратынына алаңдап отыр. Өйткені әне-міне дегенше, оқу жылын қорытындылайтын кез де таяп қалды, ал пандемия керісінше өршімесе, әзірге тыншымай тұр.

Отандық университеттер 2018 жылы Ұлт жоспарының 78-қадамына сәйкес академиялық және басқару дербестігін алған болатын. Сондықтан бұл ретте мәселені, яғни студенттердің емтихандарды қалай тапсыратынын және дипломдық жұмыстарды қашан, қандай бағытта қорғайтынын әр университет өздері кеңесіп шешеді. Әлбетте бұл бір жағынан университеттерді өз жүйесіне түсіп, тиімді тетігін табуда өзара бәсекелестікке бастаса, екінші жағынан отандық жоғары білім жүйесін бірізділіктен алшақтатуы мүмкін.

Жалпы, жаңа формат елі­міз­дегі университеттерге жаңалық емес екенін айтқанымызбен, каран­тиндегі қашықтан оқыту сту­денттердің сапалы білім алуына және бастысы болашағына бөгет болмауы тиіс. Себебі дәл қазір ізденушілер дипломына қорытындысы түсетін маңызды қадамдарға – емтихандарға елеңдеп отыр. Ал дипломдағы емтихандар мен дипломдық жұмыстардың нәтижесі олардың ертеңгі күні лайықты қызметке орналасуына және білімін беделді оқу орындарының бірінде жалғастыруына ықпал етеді.

Университеттер академиялық және басқару еркіндігін иелен­ген­і­мен, ауқымды жұмысты жүр­гізуде шашыраңқылыққа жол бермес үшін арнайы бір нұс­қаулық керек-ақ.

Мұны Білім және ғылым ми­нистр­­лігі төтенше жағдай жария­­л­ан­ған кезде универ­ситет­тер­дегі оқу процесін ұйымдас­тыру талап­­тары мен ректор, проректор, декан, оқыту­шылар және сту­дент­тердің міндет­теріне дейін көр­сетіп, арнайы бұйрықта жаз­ған-тын. Бұл бұйрық наурыздың 14-інде шық­ты. Студенттердің ал­дағы алаңына бай­ла­нысты жа­қында өткен ведомствоның он­­лайн-конференциясында мә­селе тағы да тал­қыланып, емти­хан мен диплом жұмыстарын қабыл­даудың негізгі бағыттары белгіленді.

Білім және ғылым министрінің жоғары білім, ғылым бойынша жауапты орынбасары Мирас Дәуленов жоғарыда аталған онлайн отырыста ЖОО ректорларымен бірге қашықтан білім беру жағдайында емтихандар мен дипломдық жұмыстарды қорғау қалай өтетінін түсіндірді.

«Жоғары оқу орындары ака­демиялық және басқару дер­бестігінің талаптарына сай емтихан өткізу түрлерін өз бетінше анық­тайды. Дегенмен қашықтан оқыту жағ­дайында министрлік тарапынан әдіснамалық қолдау көрсету қажеттілігі туады. Сон­дық­тан біз барлық жоғары оқу орын­дарымен алдын ала тал­қыланған алгоритмді әзірледік», деді М.Дәуленов.

Вице-министр емтихан тап­сы­ратын сту­денттерді екі санат­қа бөлді. Студенттердің бірін­ші санатына 1, 2, 3-курс сту­дент­тері жатады. Бұл санат­тағы студенттердің емтиханына қатысты қиындық жоқ. Өйт­кені олар сессия­ларын тап­сырады. Министрлік 1, 2, 3-курс студенттерінен емтихан қабылдауға 3 жолды ұсынды. Біріншіден, емтиханды қашықтан тапсыру форматын таңдауға болады. Екінші, пән бойынша бағаны ағымдағы бағаларының негізінде қою. Бұл нұсқа негізінен қазірдің өзінде мектептегі 9 бен 11-сыныптардың аттес­таттау емтихандарына енгізілді. Яғни аталған сынып оқушылары аттестаттау емтихандарын тапсырмайды, тиісінше оған пән бойынша қорытынды бағалары қойылады. Үшіншіден, «I» (Incomplete) бағасын қою арқылы емтихан тапсыру мерзімін кейінге қалдыруға болады. Incomplete сөзі ағылшын тілінен «аяқталмаған» деп аударылады. Демек бұл таңдау студенттерге емтиханды кейін тапсыруға (жазға немесе күзге қалдыруға) мүмкіндік береді және оларды оқудан шығарудан қорғайды.

Студенттердің екінші санаты – соңғы курс сту­­дент­тері. Бітіруші курс студенттерінен ке­­шен­ді емтихан қабылдауда әрбір ЖОО тө­мен­­гі курс студенттерінің қорытынды ем­тихан­да­ры­­на қатысты жоғарыда ұсынылған үш нұс­­­қа­ның бірін қолданады. Мұндағы қадам мен нұс­­қаның бірін таңдау – академиялық ер­кін уни­­вер­­ситеттің еркінде. Сондықтан ЖОО ми­­­нистр­лік тарапынан рұқсат алмай-ақ жиын­­­тық бағаны базалық пәндер бойынша ба­ға­­­лары­­ның негізінде қою арқылы кешенді ем­ти­­­хан­­дарды өткізбеу туралы шешім шығара алады.

Негізі, екінші санаттағы студенттерге ке­шен­ді емтиханнан да маңызды нәрсе бар, бұл – дипломдық жұмысын қор­ғау. Осы мәселеге министрлік: «Егер карантин­дік шектеу­лер алынбаса, онда дипломдық жұмыстар қа­шық­­­тан қорғалады. Айта кетер­лігі, сту­денттер дипломдық жұмыс­тарын ақ­пан-наурыз айларында алдын ала қорғаған бо­латын, яғни негізгі жұмыс атқарылды», деп мәлім­деме жасады. Демек дип­ломдық жұ­мыст­арды қабыл­дауда университеттердің алдында 1 ғана таңдау тұр, бұл – қашықтан қор­ғау. Әл­бет­те екінші таңдау тек төтенше жағ­дай мен ка­ран­тин уақыты біте қалса ғана бері­летіні бел­гілі. Сол себепті әзірше жалғыз жолы бар, бі­тіру­шілер қашықтан диплом қор­ғауға, сәй­ке­сінше оқытушылық құрам жұ­мыс­ты қа­был­дауға дайындала бергені ләзім. Айт­пақ­шы, бұл нұсқаулық магистрлік дис­сер­та­ция­ларға да қатысты. Білім және ғылым ми­нистр­­лігіндегі Жоғары оқу орнынан ке­йін­­гі білім беру департаментінің директоры Әді­лет Тойбаев бізге берген жауабында: «ЖОО карантин кезеңі әрі қарай созылса, із­дену­­ші­­лердің магистрлік диссертациясын қор­­ғауын мейлінше кейінге қалдырмағаны жөн. Себебі магистрлер жаңа дәрежесімен көз­­де­ген жаңа жұмысқа орналасуды қалауы мүм­­кін, педагогикалық ма­ман­дықта еңбек ете­тін­дер үшін үстемеақы төленетіні тағы бар. Сон­дық­тан мүмкіндігінше қашықтан оқыту­дың сту­дентке ыңғайлы тетіктерін қолданып, ғыл­ыми дис­сертациясын қорғауына жағдай жасауы қажет», деді.