• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Сәуір, 2020

Батыс Қазақстанда 8 медицина қызметкері вирус жұқтырған

370 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында COVID-19 инфекциясын жұқтырған адамдардың саны 25 сәуірдің таңында 102-ге жетті. Өткен тәулікте анықталған 10 адамның бәрі де – Ресей Федерациясынан келген вахталық жұмысшылар.

Келген адамның бесеуі – батысқазақстандық болса, үшеуі – Түркістан, екеуі – Қызылорда мен Жамбыл облысының тұрғындары.

Сонымен, Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқпасымен тіркелген адамдардың саны – 103-ке жетті. Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, олардың 100-і – облыстық жұқпалы аурулар ауруханада ем алуда. Сондай-ақ провизорлық стационарда – 24, карантиндік стационарда – 110 адам орналастырылған. 1386 адам үй жағдайында оқшаулануда.

– Вирустың өршуіне байланысты енді барлық жүкті әйелдерден стационарға жатқызылған кезде коронавирус жұқпасын анықтау үшін сынама алынатын болды, - деді Нұрлыбек Мұстаев.

Сонымен бірге осыдан бір апта бұрын Батыс Қазақстан облысының бас санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаев жариялаған күшейтілген карантиндік шаралардың мерзімі сәуірдің 28-іне дейін ұзартылды. Бұл шешім бойынша 16 сәуірден бастап Орал қаласында жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көлік қозғалысы тоқтап, барлық азық-түлік базарлары жеке тұрғындарға қызмет көрсетуін тоқтатқан болатын. Қазір базардағы көтерме сауда нүктелері ғана азық-түлік дүкендеріне тауар таратып жатыр. Ал екінші деңгейлі банктер жұмысын күндізгі 16.00.-ге дейін шектеп, тек қана түрлі жәрдемақы береді.

Айта кетейік, облыс бойынша коронавирус жұқтырып тіркелген азаматтардың басым бөлігі Ресей Федерациясынан келген. Олармен қарым-қатынас арқылы вирус жұқтырып алған батыс қазақстандықтардың саны 12 болса, соның 8-і – індетпен күресіп жүрген медицина қызметкерлері екен.

 

Батыс Қазақстан