Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында көктемгі егіс науқаны мен шаруаларды қаржыландыру жұмыстарының атқарылу барысына арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Жиында белгілі болғандай, карантинге қарамастан, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер көктемгі егіс жұмыстарын қарқынды атқарып жатыр. Егіс науқаны 7 өңірде жүргізілуде. Соның ішінде еліміздің оңтүстік аймақтарында жаздық егіс алқабының 80 пайызы егілді.
– Мемлекет басшысы көктемгі егіс жұмыстарын тиісті мерзімде жүргізу үшін жағдай жасауды тапсырды. Бұл тапсырманың орындалуы министрлікте де, әкімдікте де барлық деңгейде жүзеге асырылуда. Жамбыл облысында – 326 мың, Алматы облысында – 239 мың, Түркістанда – 230 мың, Қызылордада – 28 мың гектар жерге егін егілді. Өзге өңірлерде де егіс жұмыстары басталу сатысында. Өңірлер арзандатылған жанар-жағармаймен, тұқыммен қамтамасыз етілген, тыңайтқыш жіберіліп жатыр. Техникалар дайын, – деді Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров.
Карантин кезінде азаматтардың жүріп-тұруын шектеуге байланысты блок-бекеттерден өту қиындығына қатысты редакциямызға фермерлерден, салалық қауымдастықтардан көптеген шағым келіп түскен болатын. А.Сапаровтың ақпараты бойынша, бұл мәселе шешімін тапқан сыңайлы.
– Бұл ретте Ішкі істер министрлігі көктемгі егіс жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын жер-жердегі барлық полиция құрылымдарына жеткізді. Ақмола және Қарағанды облыстары блок-бекеттердің жұмысын жеке тексердік. Фермерлер кедергісіз өтуде. Әрине түсініспеушіліктер болуы мүмкін, десе де біз барынша жедел жұмыс істеп жатырмыз. Ең бастысы, әкімдіктер жергілікті жерлерде дер кезінде әрекет етіп, шұғыл штабпен байланыс ұстауы қажет. Өйткені шұғыл штаб өкілдері күнде блок-бекеттерде жұмыс істейді, – деді бірінші вице-министр.
Сонымен қатар А.Сапаров көктемгі егіс жұмыстарына Елбасының тапсырмасы бойынша 100 млрд теңге бөлінгенін атап өтті. Бұл қаржы толығымен ауыл шаруашылығын қолдауға жұмсалады.
Баспасөз мәслихаты барысында «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков еңбек өңімділігі 2,5 есеге артатынын тілге тиек етті.
– Көктемгі егіс жұмыстары басталғанға дейін топырақ жағдайын, климатты ескере отырып фермерлерге 100-ден астам ұсыныс жасадық. Диқандармен 52 онлайн-кеңес өткіздік. Шетелден мамандарды да тарттық. Кеңеске 60 мыңнан астам адам қатысты. Эфир барысында түскен сұрақтар сарапталып, тиісті жауап берілді. Алдағы уақытта 400-ге жуық онлайн-кеңес өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Т.Рақымбеков.
Айта кетейік, биыл фермерлердің өнімін форвардтық сатып алуға ерекше назар аударылмақ. Бұл туралы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қанат Қарауылов айтты.
– Форвардтық сатып алуға қажетті бюджет қаражатының жалпы сомасы 24,5 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыру алдын ала төлем арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, бидайға қатысты алдын ала төлем бір тоннасына 50 мың теңгеден болады. Қалған сома күзде қалыптасатын нарықтық бағалар негізінде есептеледі, – деді Қ.Қарауылов.
Ал «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Бағлан Құлтаев несие бойынша пайыздық мөлшерлеме 7%-дан 5%-ға дейін төмендейтінін жеткізді. Әрі «Кең дала» несиелендіру бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиемен 2346 агроөнеркәсіп субъектісіне қолдау көрсетілмек. Сондай-ақ шаруалар ұсынатын құжаттар тізбесі де қысқартылады. Бұл несие алу үшін есіктен есікке жүгірген фермерлерге үлкен көмек болмақ.