Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен алынған хабар бойынша су тасқынының қарқыны басылып, құтқарушылар кері қайтарыла бастады.
Департамент осы жылғы наурыздың басында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, су тасқыны қауіпі басым аудандарға қосымша күш жұмылдыру туралы шешім қабылдаған болатын. Өңірдің төрт ауданына тиісті шаралар ұйымдастыру үшін 142 құтқарушы жіберілді.
–Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, су тасқыны кезеңінде апаттан құтқару жұмыстарын жүргізу үшін үлкен күш жұмылдырды. Атап айтқанда, 2410 адам, 1058 техника, 60 сүңгуірші, 251 мотопомпа су басу қаупі жоғары аймақтарға жіберілді. Әсіресе, биылғы жылы Астрахан, Атбасар, Аршалы, Целиноград аудандарындағы жағдай аса күрделі болды. Құтқарушыларға қалыптасқан төтенше жағдайды жою міндеті қойылды. Атқарылған жұмыс зая кетпей, су деңгейі төмендеп, құтқарушылар кері қайтуда. Ақмолалық құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен әрекетінің нәтижесінде бір де бір үйді су басуына жол берілмегенін атап өткім келеді, дейді Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алексей Советов.
Сондай-ақ Астрахан ауданындағы Старый Колутон селосының тұрғыны Петр Подоксенов жұртшылық атынан жазылған хатында ел алғысын былайша білдіріпті: «Төтенше жағдай қызметкерлеріне шын жүректен алғысымызды білдіреміз.Олар тынбастан тәулік бойына су тасқынына бақылау жасап, үйлердің айналасына құмнан бөгендер қойды. Өзен ернеуінен асып, үйлерге таяп қалған суға тосқауыл қойып, қауіптің бетін қайтарды».
Табиғат апатымен екі ай бойы күресіп, жүктелген міндеттерді аса зор жауапкершілікпен орындаған құтқарушыларды жергілікті атқарушы органдар Құрмет грамоталарымен марапатталды.