Азық-түлік белдеуіндегі Ақмола облысы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарын сүт және сүт өнімдерімен 30 пайыз ғана қамтып отыр. Облыс шаруашылықтарында 502 052 бас қара мал болса, ауылдағы ағайынның қолындағысы 267 037 бас. Сауын сиыр да негізінен ауылдағы шаруаның қолында. Сүт өндіргені үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарына төленетін субсидия оларға бұйырмай отыр.
Нұр-Сұлтан қаласын сүт және сүт өнімдерімен қамтуға Целиноград ауданындағы «Родина», Ақкөл ауданындағы «Еңбек», Астрахан ауданындағы «Камышенка», Аршалы ауданындағы «Ижевск» тәрізді ірі тауарлы-сүт фермалары қомақты үлес қосып отыр. Оған қоса облыста ұзын-ырғасы қырыққа жуық тауарлы-сүт фермасы бар. Бұл фермалардың ең шағыны 50-60 басқа дейін сиыр сауады. Мамандардың есептеуіне қарағанда, тауарлы-сүт фермасы сауын сиырдың саны 400-ден асқанда ғана өзін-өзі ақтап шығады екен. Әйтпесе «сиырдың сүті тілінде» дегендей, мықты азық-түлік базасын қалыптастырып, қора салудан бастап, сауын аппараттарын алуға дейінгі қыруар шығыны бар. Демек мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, шағын тауарлы-сүт фермаларын ірілендіру қажет. Есеп қарапайым ғана, шағын фермалар ірілендіру арқылы қаражат қуатын арттырса, есесіне сүт өнімі де молая түсер еді. Мал басын өз төлі есебінен көбейтуге толық мүмкіндік бар. Жайылым да жеткілікті. Негізінен, ауыл шаруашылығына бейімделген облыста мал азығы дақылдарын бүгінгі көлемнен әлдеқайда молайта алар еді.
Биыл облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың арнайы тапсырмасымен әр ауданда тауарлы-сүт фермалары ұйымдастырылмақ. Қаржы институттарында бұл саланы қолдауға қажетті қаражат та бар. Тек ынталы адамдардың сол қаражатты алуға кепілдігі жоқ.
Бас-аяғы 18 жоба қарастырылғанымен, әзірге біреуі ғана Бурабай ауданындағы «Қоянды-Агро» шаруа қожалығында қолға алынып отыр. Шаруашылық 280 басқа дейін сауын сиыр ұстауды межелеген. Қазіргі күні 100 басы бар, оның 50-і Словакиядан әкелінген асыл тұқымды сауын сиырлар.
Біздің айтпағымыз, облыстың сүт және сүт өнімдерін өндірудегі бар қуаты толық кәдеге аспай жатқаны. Мәселен, жаңа жылдан бері облыста барлығы 62,7 мың тонна сүт өндірілген. Мұның 20,2 мың тоннасы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен шаруа қожалықтарының еншісінде. Ал енді мал сүмесімен күн көріп отырған халық 42 мың тоннаға жуық өнім өндірген. Шамалап айтқанда, барлық сүттің 68 пайызы халықтың еншісі. Бірақ бұл өндірілген сүт ішкі қажеттілікті толық қанағаттандырғанымен, малсақ қауым айтарлықтай табыс тауып отырған жоқ. Ірі шаруашылықтар болмаса, жекеменшік иелері бағамындағы малдың өнімін сатып, нәтижесін көре алмауда. Басты себеп ұйымдастыру жұмыстарының оралымсыздығынан. Мәселен, елді мекендерде сүт жинау жұмысы дұрыс жолға қойылмаған.
Егер ауыл адамдарынан сүт сатылып алынса, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы көп-көрім жақсарып қалар еді. Мәселен, жұмыс жолға қойылған жерде халықтың қолындағы сүтті егер майлылығы 3,5 пайызды құрайтын болса, литрін 99-95 теңгеден сатып алады. Майлылығы одан жоғары болса, 120 теңгеден өткізе алар еді. Бұл арадағы бағаның қалыптасуы өнімнің тасымалдау қашықтығына тікелей тәуелді.
Сүт зауыттары үшін шалғайдағы ауылдардан сүт тасымалдау өзін-өзі ақтамайтын іс болып есептеледі. Олай болатыны, жол шығыны қымбат. Сонда бірер малының сүмесімен күн көріп отырған қарапайым халық мал өнімдерінен табыс таппайтын болып шығады. Енді осы жайды қалай шешуге болады. Біздің мынадай ұсынысымыз бар. Мәселен, шалғайдағы ауылдық округте бес елді мекен бар делік. Халықтың қолындағы сүтті сатып алып, кәдеге жарату үшін округ орталығынан сүт жинайтын арнайы орын ашылса. Әрине бұл орын тоңазытқышпен қамтылуы қажет. Міне, осы тоңазытқышқа таңғы сауын мен кешкі сауынды қосып жинап, сүт зауытына бір-ақ тасымалдаса. Осы әдіс ұтымды болар еді. Екі сауынның сүтін бір қосқан соң тасымалдау шығыны арзандайды. Әйтпесе ауыл тұрғындары сиыр сауып, табыс тауып отыр деп айту қиын. Оның үстіне жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен шаруа қожалықтарына төленетін субсидия жеке шаруашылыққа төленбейді. Таратып айтсақ, егер тауарлы-сүт фермаларындағы сауын сиырдың басы 600-ден асса, онда бір кило сүтке 35 теңгеден, 400-ден асса 20 теңгеден, 50-ден асса 10 теңгеден субсидия төленеді. Айтпақшы, сүт жинайтын кооперативтер де бұл несібеден құр қалып отырған жоқ. Оларға да әр килосы үшін 10 теңгеден субсидия беріледі. Ал облыста сүттің 70 пайызына жуығын өндіріп отырған ауыл тұрғындарына көк тиын төленбейді. Негізгі жүк мал иелерінде емес пе? Біздің солтүстік өңірде қара мал бағу қияпат шаруа. Мәселен, бір сауын сиырды қыстату үшін екі тіркеме шөп қажет. Былтыр әр тіркеме шөп сапасына байланысты 35-40 мың теңгеден сатылды. Оған күздің өзінде шарықтап кеткен жем бағасын қоссаңыз, малдың құнына жетіп қалады. Демек, мал баққан ауыл адамы қара малдың өзін етке өткізіп, жарытымды пайда таба алмайды. Жоғарыдағы есеп бойынша, қысы ұзақ өңірде мал өзінің құнын алты ай қыста жеп бітіреді. Демек, табысты көзге айналу үшін сүтін де кәдеге асыру керек. Бұл орайда талпыныс та болды. Кооперативтер құру жөнінде бастама көтерілді. Кооператив демекші, 2016 жылы облыста 21 кооператив құрылған болатын. Қазір тек 12-сі ғана жұмыс істеп тұр.
– Бұл орайда адамдардың жұмыс істеуге талпынысы бар, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Қайрат Көшенов, – кооперативтердің қолын байлаған жай, тіркету болды. Түсінікті болуы үшін таратып айтайын, шаруашылық жүргізуші нысан ретінде ол жылжымайтын ғимаратта болуы керек. Сонда ғана тіркеледі. Ал бірқатар кооперативте олай болмай шықты. Әйтпесе бастама көп-көрім жақсы еді. Мәселен, 2019 жылы 5 мың тоннаға дейін сүт жинап, өңдеуші кәсіпорындарға жеткізді.
Қорыта айтқанда, сүт молшылығын жасауға ауыл тұрғындарының да ықпалы көп болар еді. Тек жап-жақсы бастама ретінде көтеріліп, алға ұмтылған шаруаның аяқасты қалып жатқаны өкінішті-ақ.
Ақмола облысы