Ғалымдар бұл сұраққа қатысты ойлары мен тұжырымдарын Жас ғалымдар альянсы ұйымдастырған «Ғылымтану» еркін талқылау алаңында айтты.
Стэнфорд университетінің биология бағыты бойынша докторантурасын тәмамдаған ғалым, молекулярлық, клеткалық биология және эмбриология бағытын зерттеуші биолог Нұрлыбек Мұрсәли:
– «Коронавирус HIV (human immunodeficiency viruses – адамның иммун тапшылығы вирусы) инфекциясының гені екен, яғни қолдан жасалыпты» деген пікірлер болды. Тіпті осыған байланысты ғалымдар зерттеу жүргізіп, нәтижесін жариялағысы да келді. Бірақ онда ғылыми фактілер мен аналитика болмады. Мен осы саладағы ғалым ретінде COVID-19-дың генетикалық инжинерия арқылы қолдан жасалмағанын айта аламын, – деді.
Ал Ұлттық ғылыми кеңестің «Өмір туралы ғылым және денсаулық» бағыты бойынша мүшесі, профессор Қайсар Табынов:
– Қазір COVID-19-ға қатысты жай ақпарат түгілі ғылыми зертттеулердің саны да күрт артты. Аталған тақырып өте өзекті болып тұрғандықтан, оны ғылыми басылымдар «құшағын ашып» қабылдайды. Сол ғылыми мақалалардың өзінде әлі күңгірт, атүсті қаралған дүниелер бар. Сондықтан қандай да бір қорытындыға келмес бұрын, дәл осы көзқарасқа пікір білдіру үшін аздап күту керек. Күту кезеңі ғалымар үшін қарбалас жұмыс болғаны абзал. Мұндайда әрине Отардағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтына вирусты таратушы сүтқоректі жарғанаттарға арнайы зерттеу жүргізуге жағдай жасалуы қажет. Дегенмен, бір нәрсе маған анық болып тұр: биологиялық қару оны қолдан жасаған ғалымдардың бақылауынан шығып кете алмайды, COVID-19-ды бүкіл әлем ғалымдары қазір басқара алмай отыр. Вакцинасы да вирус жайлаған жағдайдың артынша табыла салған жоқ. Демек, бұл биологиялық қару емес, – дейді.
Профессор пандемия деген ұғымның өзін дұрыс түсінуге шақырады. Профессордың пайымдауынша, пандемия – жаңа вирустың пайда болып, әлемге таралуы. SARS 2002-2003 жылдары пайда болып, 8 мың адамға жұқты. Кейін жоғалды дедік, бірақ қайда кетті? Вирус өзінің өмір сүруін жалғастыру үшін бір популияциядан екіншісіне өтеді. Ал осы процес кезінде вирус міндетті түрде биологиялық, генетикалық тұрғыдан өзгереді. Сондықтан Қ.Табынов қоғам арасындағы «Коронавирус SARS-тың немесе жоғарыдағы басқа да инфекцияның гені, түрі, көшірмесі» деген ұғымның қате және COVID-19-дың жаңа вирус екенін айтады.
Виргиния штатындағы Джордж Мейсон қоғамдық зерттеу университетінің микробиология және жұқпалы аурулар бағыты бойынша докторантурасын тәмамдаған вирусолог Юрий Кимнің пікірінше, «Коронавирус қолдан жасалған» деген пікір қоғамның пандемиямен күресуіне кері әсер етеді, негатив тудырады.
– Коронавирустың (түрлері көп) биоинформатик мамандарының қатысуымен осы мәселеге арнайы зерттеу де жүргізілді. Мамандар сол зерттеудің нәтижесінде COVID-19-дың эволюциялық жолмен бірте-бірте дамып, қазіргі деңгейге жеткенін анықтады. Вирустың генетикалық инжинериясы, яғни ойлап табылған вирустар енгізілетін жүйе бар. Ал аталған жүйеден COVID-19-дың ізі де табылмады. Сол себепті жоғарыдағы көзқарас – миф, – дейді Ю.Ким.