Елімізде төтенше жағдай енгізілгеніне де бір жарым айдың жүзі болды. Екі дүние арасын бір қадам қылған қатерлі вирусқа қарсы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған қатаң шаралар қысылтаяң кезеңде нәтижесін берді.
Әлбетте, бұл кезең тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, жұртшылыққа оңай тимегендіктен жылдар бойы жадыдан өшпейтін, жер-жаһанды да, жан дүниені де өзгерткен, адамзат рухын жаныған өзгеше уақыт болғаны анық. Бұл кезең Президент айтқандай, төрт қабырғаға оқшауланған отбасыларға да, қоғам қажеттілігі мен қауіпсіздігі үшін күн мен түн қатып қызмет еткен отандастарымызға да оңай тиген жоқ. Десе де «көппен көрген ұлы той» демекші, ел-жұртымыз бұл сынақта да жұмыла білді.
«Ауру атанды да жығады» деген сөз бар. Ал биылғы індет бүкіл дүниені бүк түсірді. Адамдар табысынан айрылды, нәпақасыз қалды, кәсіпорындардың көбі кілт тоқтады, экономикалар тұралады. Қазір жаһан жұрты пандемиядан кейінгі сын-қатерлерге қарсы күреске де бас қатырып жатыр. Осылайша асқынған ауру насырға шабатынын анық көрсеткен COVID-19 індетімен күрестің соңы ұзаққа созылатын сыңайлы.
Төтенше жағдай жарияланған 16 наурыздан бері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа бір рет Үндеу, екі мәрте мәлімдеме жасаса, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қиын сәтте қолдау көрсетуге үндеген Үндеуі мен «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласын жариялады. Ақылды басшы алдырмас деген, төрелі жерге ел тоқтады. Қасықтан қағылып, қасірет шегетін азаматтар қай елде де бар. Алайда осы бір күрделі сәтте қоғам болып қозғалып, қайырымдылықтың сан үлгісі салтанат құрғанына куә болдық. Мемлекет әр азаматты назардан тыс қалдырмайтынын дәлелдеді. 4,5 млн-ға жуық азаматқа қаржылай көмек көрсетілді, 500 мыңнан астам адамға азық-түлік таратылды. Азаматтардың несиелері шегерілді, орта және шағын кәсіпкерлер уақытша салықтан босатылып, жеңілдіктерге ие болды. Шаруа адамдарына арзандатылған дизель отыны мен тұқым сатып алуына, басқа да қажеттіліктеріне қаржы бөлінді. Мұның барлығы ел қазынасына 6 трлн теңгеге түсіп отыр. Бұл – қомақты қаражат. Коммуналдық төлемге де көмек көрсетілуде. Елбасы бастамасымен құрылған «Біргеміз» қорынан қаржы бөлінді. Nur Otan партиясы барлық өңірде белсенді жұмыс жүргізуде. Еліміздің маңдайалды ауқаттыларынан бастап арнайы қорға ақшаларын аударды. Одан орта буындағы кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтар да қалыс қалмай, барымен бөлісіп, қолынан келгенше жәрдемдесті.
Осылайша, жиналған азық-түлік қоры мен алғашқы қажеттілікке енетін әлеуметтік тұрмыстық тауарлар себеті әр үйге дейін еріктілердің көмегімен жеткізілуде. Әсіресе, қатерлі дертпен бетпе-бет келген медицина мен қашықтан қызмет етіп жатқан білім саласының қызметкерлеріне құрмет арта түсті. «Әр істің қайыры бар» дегенді қазақ осындайда айтса керек. Бұл індеттің қыспағында да ізгіліктің толастамайтынын, адам адамға пана екенін аңғартты.
Әсте, адам шыдағанға құрыш шыдамайды. Президент кешегі халыққа арнаған мәлімдемесінде «Төзім тілекке жеткізеді» деген толымды сөз айтты. Сондықтан қазақстандық истеблишменттің төтенше жағдай режімін 11 мамырға дейін созуы мен содан кейінгі мерзімде де сақтық шараларын сақтап, сабырлыққа шақыруы халық тарапынан да құпталып отыр. Өйткені, кез келген ел үшін ең басты құндылық – адам. Ал адам денсаулығы – мемлекеттің де сау-саламаттылығының көрсеткіші. Осы орайда Президент халықтың санитарлық қауіпсіздік пен жауапкершілікті босаңсытып алмауынан бөлек, Үкіметке халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодексті жетілдіре түсетін ұсыныстар енгізуді тапсырып отыр. Бұл ретте індетпен күресте отандық ғылымды ілгерілетудің де орайы келіп тұр. Яғни қазақстандық ғалымдарға иммунобиологиялық препараттарды әзірлеуде қолда бар мүмкіндіктерді пайдалану және отандық өнімге басымдық беру қажеттігі айтылды. Сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банкке дағдарыстан кейінгі кезеңге дайындалу, экономиканы қалпына келтіру жоспарын әзірлеу жүктелді.
Емнің алды – еңбек. Қазір қазақстандықтар қоғамдағы қалыпты тіршілігіне қайта оралуды тағатсыздана күтуде. Бұл үшін бір ғана шарт бар – босаңсымау. Иә, бір өкініштісі, «көзі ауырған күнді көрмейді» дегендей, қазір жер әлем жасарып, жан-жақ жасыл түспен жасанғанда, жан-дүниең сол ғажап әлемнің аясынан қатер күтіп, жасқанып тұратын болды...