• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Сәуір, 2020

Алматының әсем табиғаты ішкі туризмнің тынысын ашады

1549 рет
көрсетілді

Карантин уақытында үйде отырған ел тұрғындары аты жаман індеттің өткен шақта қалуын, қалыпты өмірге тезірек қадам басуды тілеп отырғаны анық. Азаматтардың ес жиып, етек жиған соң жаңа сапарлар мен саяхаттар туралы да толғануы қалыпты нәрсе. Бірақ алыс шетелдер біз үшін кем дегенде күзге дейін қолжетімсіз, сондықтан жоспарларды тек қазақстандық ішкі туризмге қатысты құруға болатыны рас. Өз кезегінде осы маусымда ішкі туризмге үлкен сұраныс болатын тәрізді. Алдағы уақыттағы ішкі туристердің ағымын қалай еңсеруге болады және жыл сайын 4,5 миллионға дейін турист тартуға қабілетті, елдегі ең үлкен туристік әлеуеті бар Алматы тау кластері (АТК) биыл біздің отандастарымызға не ұсына алады? Осы және өзге де мәселелер туралы «Қазақ туризм» Ұлттық компаниясының Алматы өңіріндегі өкілдігінің және АТК Біріккен Жобалық Кеңсесінің басшысы Еркебұлан Хасеновті әңгімеге тартқан едік.

 – Еркебұлан Ермекбайұлы, ең алдымен, Алматы тау кластерінің Біріккен Жобалық Кеңсесінің мақсаттары мен міндеттері туралы айтып өтсеңіз. Өңірімізде туризмді дамыту бойынша қандай жобалар жүзеге асып жатыр?

 – Біздің кеңсе ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің тікелей тапсырмасы бойынша құрылды, ал оны құруға үш тарап қатысты. Олар, «Қазақтуризм» ҰК, Алматы облысының және Алматы қаласының әкімдігі. Біздің міндеттерімізге, ең алдымен, АТК дамыту бойынша барлық стейкхолдерлердің күш-жігерін үйлестіру, кластер жобаларының мониторингі, осы жобалардың инженерлік және көліктік инфрақұрылымын қамтамасыз етуге жәрдемдесу, инвесторларды, оның ішінде халықаралық инвесторларды тарту бойынша жұмыс, маркетинг және жылжыту, сондай-ақ туризмді дамытудың институционалдық аспектілері кіреді. Бұл ретте заңнамалық базаны дамыту, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша ұсынымдар, проблемалық мәселелерді жүйелі шешу бойынша ұсыныстар әзірлеудің маңызы зор. Бұған қоса, қазіргі жағдайдағы ең маңызды аспектілердің бірі – бұл адам ресурстарын дамыту жөніндегі жобалар, яғни туристік сала үшін кадрлар мен мамандарды даярлау. Атап айтқанда, Мәдениет және спорт министрлігі қазір Алматыда туризм саласы үшін қажетті мамандықтар бойынша маман дайындайтын компетенциялар мен дағдылар орталығын құруды жоспарлап отыр. ЖОО тәмамдаған туризм менеджерлер көп болғанымен, бізде нақты мамандар жетіспейді. Мәселен, тау шаңғысы курорттарында тау нұсқаушылары, кәсіби гидтер секілді мамандар сұранысқа ие. Біз қазір Алматы тау кластерінің осы кадрларға деген қажеттілігін анықтаумен айналысамыз. Олардың біліктілігіне қойылатын талаптарды анықтаймыз және осы ұсыныстарды келешекте Компетенциялар мен дағдылар орталығына беру үшін жинақтаймыз.

     

Жобалар өте көп. Біз туристік сала экономиканың 10-нан астам саласына қатысты деп санаймыз.  Ал Дүниежүзілік туристік ұйым (ДТҰ) тіпті 32 сала туралы айтып жүр. Егер бізде фермерлер үшін субсидия бөлінсе, бұл Қазақстандағы гастро мен этнотуризмді дамытуға мемлекеттің жанама қатысуына жол ашады. Мысалы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолын салу, Алматы-Қорғас автожолының әлеуеті Алматы облысының Шарын, Көлсай, Алтын Емел, тіпті Хан-Тәңірі шыңы секілді әйгілі туризм объектілеріне қолайлы және қауіпсіз жетуге оң септігін тигізді. Олардың барлығы біздің назарымызда. Біз басты ден қоятын АТК-нің ірі жобаларының қатарында, ең алдымен «Oi-Qaragai Lesnaya Skazka», «Ақбұлақ», «Шымбұлақ», «Табаған», «Пионер», ЦСКА сияқты тау курорттары бар. Біздің міндетіміз – оларды қолдау және одан әрі дамытуға жәрдемдесу.

Сондай-ақ ұлттық саябақтарды сақтай отырып, экологиялық туризмді дамытуға басымдық беруіміз керек. «Түрген» шатқалындағы тау шаңғысы курортының құрылысын ауқымды жаңа жоба деп қарастыруға болады.   Әзірге бұл үлкен инвестицияны қажет ететін жоба болып тұр. Жоғарыда айтып өткенімдей, әлемдік тау кластерлерімен бәсекеге түсе алатын халықаралық деңгейдегі тау шаңғы курортын құруға бел бусаңыз, сөз жоқ, «Түрген» – айқын нұсқа. Аймақта биіктіктің оңтайлы алмасуымен 180 км созылатын тау шаңғысы трассаларын салуға, 16 мың төсек-орын құруға болады. Аумақтың ғажап табиғатын суреттеуге тіл жетпейді. Түргеннің әлеуетін халықаралық сарапшылар да жоғары бағалады. Сарапшылар дәл мұнда тау шаңғысы инфрақұрылымын салу, жылына 2 миллион туристі қабылдауға мүмкіндік беретінін, өз кезегінде шыққан шығын аз уақыттың ішінде ақталатынын тілге тиек етеді. Бұл ретте мемлекет Үкімет атынан инфрақұрылымды қорытындылау және рұқсат беру құжаттарын рәсімдеуді қамтамасыз ету арқылы инвесторларға көмектесуге дайын.

 – Карантинде отырған отандастарымыз табиғат аясын сағынғаны анық. Әлеуметтік желілерді парақтасақ, шектеу шаралары аяқталғаннан кейін өздерінің демалыстары мен бағыттарын белсенді талқылап жатқандарды көреміз. Жалпы ел тұрғындары арасында жергілікті туристік маршруттарға, тау жорықтарына қызығушылық қай деңгейде?

 – Сауалыңыз орынды. Отандастарымыз биыл «өз жерінде де» демалуға көп уақытын жұмсайды деп үміттенеміз. Әлі күнге дейін Медеу немесе Шымбұлақта болмаған адамдар бар, дейтұрғанмен, олар жыл сайын Түркияға, Египетке немесе Тайландқа барады. Осыны түзету үшін бүгінгі күн – нағыз қолайлы кезең. Әлеуметтік желілердегі толқындарға келетін болсақ, KazakhTourism де Инстаграм мен Фейсбуктағы өз аккаунттарында «Карантиннен кейін қайда жол тартасыз?» челленджін бастады. Челленджге көптеген отандастарымыз қосылды, оның ішінде біздің селебритилер де бар. Бастаманың шарты бойынша қазақстандық турдестинация аясында фотосуретіңізді жариялап, азаматтарға қайда барып демалуға болатыны туралы кеңес беруіңіз қажет. Алакөл, Бурабай, Маңғыстау (Каспий және Бозжыра), Түркістан, Қатон – Қарағай және т.б. әр түрлі ұсыныстар айтылды. Бұл челлендж арқылы біз барлық қазақстандықтарды өз жеріміздегі демалатын орындарды таңдауға шақырамыз.

 – Жалпы әлемдегі коронавирус жағдайы Қазақстанның туристік саласына қалай әсер етеді? Биыл көптеген халықаралық туристік маршруттар қазақстандықтарға қолжетімсіз деп болжауға негіз бар. Жергілікті ішкі туризмнің белсенділігі туралы не айтасыз?  

 – Әрине, короновирустық пандемия бүкіл әлемдегі туризм саласына ауыр соққы болды. Қазір барлық елдердегі туризм тақырыбы «құлдырады». Ендігі кезекте, олардың жай-күйі бірдей. Табысты стартқа қол жеткізе аламыз ба, бұл өзімізге байланысты. Бүкіл әлемдегі карантиндік шаралармен ағымдағы жағдай – бұл барлық турдестинациялар үшін, оның ішінде Қазақстан үшін «ішкі чемпионатты» күшейту, яғни жергілікті туристерді тарту үшін «матчтарды» өткізу бойынша бірегей мүмкіндік. Сондықтан біздің ағымдағы жұмысымыз туризм саласында қызмет көрсетушілерді дайындауға арналған: орналастыру орындары, тамақтану және басқа да демалыс сипатындағы қызметтер. Қазақ туризмнің Алматы және Алматы облысының әкімдіктерімен, туристік бизнес-қоғамдастықпен және ассоциациялармен әртүрлі тақырыптарға вебинарлар сериясын өткізу бойынша топтастырылған қызметі жүріп жатыр. Біздің көрікті жерлеріміз бен қызмет көрсетуші мамандарымыз туралы ақпараттар  бойынша белсенді жұмыстар  жүргізілуде.

 –Алматы маңындағы туризм инфрақұрылымы туристер санының еселенуіне қаншалықты дайын? Табиғи ескерткіштер мен саябақтарға түсетін антропогендік жүктеме артпай ма? Бұл мәселеде қалыпты тепе-теңдікті сақтау үшін не істеу қажет?

 – Туризм инфрақұрылымы дайын және ол әрқашан ішкі туристің назарына тапшы. Антропогендік жүктемеге байланысты айтарым, бұл – бүкіл әлем үшін ауыр мәселе. Бұл ретте келесі мәліметтерді келтіруге болады: Қазақстанда 13 ұлттық парк бар, оларға жылына 1,5 миллионнан астам адам келеді. Мысалы, Cambridge университетінің (Ұлыбритания) сараптамалық мәліметтері бойынша, АҚШ-тағы GoldenGate ұлттық паркіне жыл сайын 13,7 млн.адам, ал Гранд Каньонға 4,29 млн. адам барады. Басқа елдер бойынша да осындай статистиканы келтіруге болады. Ұлыбританиядағы LakeDistrict ұлттық паркіне 10,5 млн., NewFores ұлттық паркіне 4,3 млн., Канададағы SevenMontain ұлттық паркіне 9,2 млн. адам ат басын тірейді. Яғни, біздегі көлем өте аз. Бұл мәселеде ұлттық парктерге бару табиғатқа зиянын келтіріп қана қоймай, керісінше пайдасын әкелетінін де түсіну маңызды. Дегенмен, табиғатты сақтау – бұл тек мемлекеттің ғана емес, ең алдымен туристердің де жауапкершілігі екенін түсінгеніміз абзал. Туризм мәдениетін дамыту қажет. Біздің барлық ұлттық парктер туризмді дамыту ісіне үлкен қызығушылық танытады. Алайда, ұлттық парктердің алдында үш міндет тұр – бұл биоалуантүрлілікті сақтау, экологиялық білім беру немесе ағарту, сондай-ақ туризм. Биологиялық әртүрлілікті сақтау міндеті ғана аз-маз орындалады. Дегенмен, кейде ұлттық парктердің қызметкерлері өз аумақтарында қисынсыз әрекеттерге жол беріп жататынын да ақпарат құралдарынан ара-тұра көріп қаламыз. Өз уақытында Грузияда елді танымал туристік бағыт ретінде көрсететін ресурстарға зерттеу жүргізілді. Грузия танымалдығының бірден бір сипаты ретінде ұлттық парктер танылды. Шетелдік мамандарды шақыру арқылы айтарлықтай жұмыс жүргізілді, олар бірінші кезекте ұлттық парктерді басқару жүйесін өзгерту керек деген ұсыныс берген. Барлық ұлттық парктер Ауыл шаруашылығы министрлігінен алынып, ұлттық парктердің Жеке ұлттық агенттігі құрылған. Мұнда барлық үш маңызды міндет толық көлемде және халықаралық стандарттарға сәйкес орындалған. Сондықтан Қазақ туризмнің және жалпы Үкіметтің алдында, әсіресе дағдарыстан кейінгі кезеңде келесі сұрақтың тұруы оңды. Ұлттық парктерді басқарудың ескі жүйесі бүгінде біздің алдымызда тұрған сын-қатерлерге жауап бере ала ма деген сұрақ туындайды. Біз ұлттық парктерді басқарудың барлық жүйесін түбегейлі өзгерту керек деп есептейміз және осы мәселе бойынша жұмыс істейміз.

 – Әлемде экологиялық туризмнің танымалдығы артып келеді. Осы туризм түрінің әдеттегі туризмнен қандай айырмашылығы бар? Ол үшін қандай арнайы инфрақұрылым құрылуы керек?

 – Біреулер экотуризмді рюкзак асынып, қолға шатыр ұстап және жайлылықты сезіне отырып, қорыққа жеке сапар шегу деп санайды. Орманда қоқыс тастамау және аңдарды өлтірмеу – бұл экологиялық туризм деп ойлайды. Көріп отырғанымыздай, бұл термин екі сөзден тұрады. Егер «туризм» сөзі түсінікті келсе, онда «эко» сөзіне қатысты қазір түрлі пікірлер көп. Барлық «жасыл» және «экологиялық» ұғымдар баяу түрде сананы жаулай түсті. Жасыл жапырақтар мен «эко» жазуы кез-келген затқа таңбаланады – тек бір рет қолданылатын ыдыстарға, агрессивті химиялық құралдарға, пластикалық пакеттерге және тіпті экологиялық емес заттармен де қатыстырылады.

Шын мәнінде, экотуризмнің туризмнің басқа түрлерінен негізгі айырмашылығы – тұрақты туризм ұғымының оған қатысты болуы. Ал ол табиғи аумақтарға жауапкершілікпен саяхат жасауды, мәдени көрікті жерлерге баруды көздейді. Саяхат тек экожүйені сақтап қана қоймай, оны жақсартуға және байытуға мүмкіндік береді. Яғни, экотуризмнен түскен табыс аумақтың тұрақты даму мақсаттарын сақтауға бағытталады. Тұрақты туризмнің және экотуризмнің екінші маңызды міндеті – жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсарту. Жергілікті қоғамдастық туристердің келуінен тікелей пайда алуы тиіс. Бұл тұрғыда экотуризм кең түсінікке ие – мұнда агротуризм және оның басқа да түрлері (аңшылық, балық аулау, атқа міну, жаяу жүру), сондай-ақ мәдени іс-шаралар, дәстүр немесе ұлттық спорт түрлерін көрсету. Сондай-ақ турист келетін аумақтың рухына сәйкес келеді. Бұл тұрғыда Қазақстанның артықшылығы, табиғи сұлулыққа байлығы ғана емес, сонымен қатар осылардың этнотуризммен тығыз байланысты екендігі.

Экологиялық туризм үшін инфрақұрылым капиталды қажет етпейді, яғни салыстырмалы түрде арзан. Бұл жағдайда Қазақстанның үлкен артықшылығы бар, өйткені бізде дамыған инфрақұрылымды тез құруға болады. Бұл көрікті және тартымды жерлерде орналасқан этноауылдар, кемпингтер, тенттік глэмпингтер мен арзан орналастыру объектілерінің желісі. Осының барлығы жергілікті халықты тартуға, яғни бұл ресурстарды барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақ туризм мен біздің жобалық офисіміз алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – ұлттық парктерде, орман-дала аймақтарында адам бір тәулікке тоқтап, табиғатқа зиян келтірмей, қызметтердің барлық қажетті тізбесін ала алатын орналастыру объектілерінің ұлттық желісін қалыптастыру.

 – Сіздің ойыңызша, экологиялық туризм алматылықтар мен жалпы Қазақстан тұрғындары үшін қаншалықты қажет болуы мүмкін? Болашақта экологиялық туризмге шетелдік қонақтар келуге дайын ба?

 – Әрине! Әлемде көптеген елеусіз, аз зерттелген жерлер жетіп артылады, солардың бірі – Қазақстан. Өз қызметім бойынша мен тек облыстағы ғана емес, бүкіл Қазақстанның көптеген туризм нысандарында болдым. Асқан қызығушылықпен қарайтын шетелдік туристерді де жиі кездестірдім, жергілікті студенттер тобы да кезікті, оларды «өркениеттен» алыс, интернетсіз жерге «әкелген». Бүгін бізге коронавирус берген ең басты сабақ – нағыз, шынайы құндылықтарға ие бола бастауымыз. Міне, осындай шынайы құндылығымыз біздің табиғатымыз бен қазақи қонақжайлығымыз деп айта аламыз. Мен қалалардағы ірі агломерациялардан, тар пәтерлерден шығып, адамдар Қазақстанға қуана келетініне сенімдімін.

Бұл тұрғыда біз тек үлкен сұранысқа ғана емес, елімізге келетін экотуристер санының нақты өсуіне дайын болуымыз керек. Бұл дайындық базалық инфрақұрылымды жақсартудан, жолдардың жай-күйінен, жаяу жүргіншілер жолдары, маркетинг пен жылжытуға дейінгі шаралардың тұтас пакетімен анықталуы тиіс. Айтпақшы, соңғысы туралы айтатын болсақ, бізде өте маңызды серіктес – шетелдік ықпалды Индигайд халықаралық веб-платформасының иесі, Швейцариядан келген этникалық қазақ Атахан Тосун бар. Платформа Орта Азия мен Монғолияның аумағындағы ең беделді және сенімді ресурстардың бірі болып табылады. Ол арқылы шетелдік туристер ақпарат алады және турларға нақты тапсырыстар жасайды.

 – Экологиялық туризм тұрғысынан «Қазақ туризм» қазіргі таңда біздің өңірде не ұсына алады? Алматы облысында осы бағытта қандай да бір қызықты жобалар бар ма?

 – Алматы облысында Іле Алатауының тау жүйелері өте маңызды. Алматы облысы мен Оңтүстік Қазақстанның аса перспективалы аумақтары арқылы өтетін жүздеген шақырым жол бар. Әрбір турист осы жолдың кез-келген кезеңінде ішке еніп, белгілі бір уақыт аралығын, қашықтықты еңсерген соң, қайтып орала алады. Бұған орналастыру орындары ғана емес, ерекше инфрақұрылым қажет. Мұнда қажетті жақсы навигация, соқпақтардың көрсеткіштері, веложолдар және т.б. бар. Бізде ат туризмінің осы бағыттың шеңберінде дамуына арналған ерекше жоспарлар бар. Бұл мәселе жөнінде де жұмыс істейміз. Ал қазір туристерге эко-жиналымдарды төлеу жеткілікті және Алматы облысының бес Ұлттық парктерінің бірін көруге болады.

 

Әңгімелескен,

Арман ОКТЯБРЬ