Кезінде даңқты бапкер Әбдісалан Нұрмаханов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ұлттық құрама сапындағы өзінің таңдаулы шәкірттерінің бірі Нұржан Смановты «Қазақ боксының ақыл-ойы!» деп атаған еді. Көпшілік мұны жас жігіттің айшықты өнері ғана емес, ой-өресінің де биіктігіне берілген баға ретінде қабылдады. Иә, ұзақ жылдар отандық боксты өрге сүйреген Әбекеңдей ақсақалдың дуалы аузынан шыққан осы теңеуге ешкімнің таласы болмауға тиіс. Шырайлы Шымкент өңірінің тумасы еліміздің ең үздік былғары қолғап шеберлерінің бірі әрі бірегейі болғаны баршаға мәлім.
Шынында да, Нұржан ойлы боксшы еді. Сонымен қатар оқығаны мен тоқығаны көп, ой-өресі биік, парасаты жоғары азамат жайшылықта қарапайым қалпынан айныған емес. Осы қасиетінің арқасында айналасындағы адамдарды өзіне бірден баурап алатын. Қай жерде жүрсе де Смановтың қолынан кітап түспейтін. Сапарға шыққанда немесе қауырт жаттығудан қолы босаған сәтте әлем әдебиеті мен қазақ қаламгерлерінің шығармаларын тегістей оқып шығатын. Міне, сол азаматпен жуырда жүздесудің сәті түсті.
– Нұржан Дініқұлұлы, сіздің спорттық жолыңыз өте жарқын басталды. Олай деуге негіз, 1987-1990 жылдар аралығында жасөспірімдер мен жастар арасында өткен КСРО біріншіліктеріне төрт мәрте қатысып, барлығында бас жүлдені олжаладыңыз. Мұндай орасан табыстардың тегін келмейтіні белгілі. Сол құпияңызбен бөліссеңіз.
– Оның еш құпиясы жоқ. Былғары қолғапты алғаш киген күннен бастап бағыт-бағдарымды анық айқындап алдым. Жаттығу барысы немесе жарыс кезінде аянып, тартынып қалған кезім жоқ. Мақсат тауына шығу жолында барымды салдым. Бағыма орай, Нұрғали Сафиуллин мен Хайртын Файзуллин сынды білікті бапкерлерден тәлім-тәрбие алу бақыты бұйырды. Ұстаздарымның әр тапсырмасын бұлжытпай орындадым. Айтқан әр ақыл-кеңесіне құлақ астым. Бір сөзбен айтсам, өзім таңдаған кәсіпке барынша адал болуға тырыстым. Ал жаттығу залында төгілген тердің зая кетпейтіні белгілі ғой. Шеберлігім толыса келе, өз қатарымның алды болдым. Әуелі облыстық, іле-шала республикалық додаларда дараландым. Содан кейін бүкілодақтық жарыстарда ел намысын қорғау құрметіне бөлендім. Алғашында жасөспірімдердің Львов пен Дондағы, Ростовта өткен КСРО біріншіліктерінде топ жардым. Одан кейін Шымкент пен Иркутскіде ұйымдастырылған жастар арасындағы жарыста жоғарыдағы нәтижені қайталадым. Сол бәсекелердің екеуінде ең үздік боксшыға тиесілі арнайы сыйлыққа ие болдым.
– Бүкілодақтық додаларда дараланған спортшыға халықаралық аренаға даңғыл жолдың ашылатыны белгілі. Ал шетелдегі алғашқы қадамдарыңыз қалай болды?
– Жоғарыдағы жеңістің арқасында 1990 жылы жастар арасында өткен екі бірдей дүбірлі додаға қатыстым. Шілде айында Чехословакияның Устья-над-Лабой қаласында ұйымдастырылған Еуропа біріншілігінде 63,5 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, алтын тұғырға көтерілдім. Жарыс қорытындысы бойынша ең үздік боксшы болып танылдым. Қазан айында Оңтүстік Америкаға аттандық. Перудың астанасы – Лимада өткен әлем біріншілігінде 67 кило салмақта жұдырықтасып, күміс медальді иелендім. Финалдық сайыста кубалық Ариэль Эрнандеске есе жібердім. Бостандық аралының өкілі уақыт оза Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы атанды.
– 1987 жылы алғаш рет Одақ біріншілігінде топ жарып, небәрі 15 жасыңызда КСРО спорт шеберінің күміс белгісін кеудеңізге тақтыңыз. Сонда халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін Еуропа біріншілігінде орындадыңыз ба?
– Жоқ, бұл атаққа сәл ертерек қолым жетті. 1988 жылы Болгарияның Хасково қаласында «Достық» ойындары өтті. Бұл – социалистік бағыттағы мемлекеттердің Олимпиадасына баланған жарыс. Сол кезде шетелге тұңғыш рет шығып тұрғаныма қарамастан барлық қарсыласымды сыпыра ұтып, финалда Хектор Винентпен күш сынастым. Бұл бәсекеде қарсыласымның қабағын жарып, айқын жеңіске жеттім. Винент те кейін керемет нәтижелерге қол жеткізді. Ол – Барселона мен Атланта Олимпиадасында және Тампере мен Берлиндегі әлем чемпионаттарында алдына жан салмады. Ал мен осы жеңістің арқасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындадым. Бұл мәртебелі атақ маған 16 жасымда бұйырды.
– Жастар арасындағы жарыстарда қарсылас шыдатпаған боксшыға ересектер дуына қосылу да айтарлықтай қиындық туғыза қоймаған шығар?
– Ересектер дуына қосылғаннан кейін де нәтижем жаман болған жоқ. 1991 жылы Румынияда өткен «Алтын белбеу» турнирінде топ жардым. Содан кейін КСРО халықтары Спартакиадасына қатыстық. Минскіде жалауы желбіреген жарыста күміс медальді еншіледім. Негізі, финалдық айқаста жеңілмеген едім. Бірақ әділдікті белден басқан төрешілер мені Ресей өкілі Андрей Пестряевқа «жығып берді».
– 1991 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік теле-радио комитетінің жүлдесі үшін өткен халықаралық турнирде небір дүлдүлдердің жиналғаны есімізде. Әсіресе 67 кило салмақ дәрежесінде бәсекелестік өте күшті еді. Солардың арасынан сіздің шоқтығыңыз биік болды. Айтулы жарысты жадыңызда жиі жаңғыртып тұратын шығарсыз...
– Сіз әңгімелеп отырған жарыста үш бірдей дүлдүлмен күш сынастым. Алғашқы айналымда Талғат Бердібековтен басым түстім. Одан кейін Аркадий Топаевты тізе бүктірдім. Ақтық сында Ермахан Ыбырайымовтың осал тұсын таптым. Жоғарыда аталған боксшылардың барлығының да есімдері жанкүйерлерге жақсы таныс. Оларды еш күмәнсіз ұттым. Егер менің сөзіме күмәндансаңыз осы бәсекелерді ғаламтордан қайталап көруіңізге болады.
– Оған еш күмән жоқ. Сізден жеңілгеннен кейін қарсыластарыңыздың барлығы да өзге салмақтарға ауысқаны бізге мәлім. Сол тұста дәуіріңіз жүріп тұрса да, Барселона Олимпиадасына бара алмадыңыз. Неге?
– Қырсық деген аяқасты емес пе?! Сол кездері созылмалы бронхит деген ауру жабысты. Сол сырқаттың кесірінен Тамбовта ұйымдастырылған ТМД чемпионатына қатыса алмадым. Ал іріктеуден өтпеген спортшының байрақты бәсекеге қатыспайтыны белгілі ғой.
– Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстанның былғары қолғап шеберлері Азияда алдарына жан салмай, дүниежүзілік додаларда даралана бастады. Сіз бес жыл бойы сол жұлдызды команданың капитаны болдыңыз. Сол кезден бастап, Атланта Олимпиадасына дейінгі аралықта қандай белестерді бағындырдыңыз?
– 1994 жылы Теһранда Азия чемпионы атанып, Хиросимада алауы тұтанған Азия ойындарында бас жүлдені қанжығама байладым. Жапониядағы жарыстан соң елімізге еңбек сіңірген спорт шебері атағын алдым. Айтулы додалардың екеуінде де ең үздік боксшыға тиесілі арнайы сыйлықты иелендім. Басқа да бірқатар аса ірі халықаралық турнирде топ жардым. 1995 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында күміс медальді мойныма ілдім.
– Нұржан, осы жерде сөзіңізді бөлейін. Соған дейінгі жарыстарда өзбекстандық Нариман Атаевты еш қиналмай ұтып жүрген едіңіз. Бірақ Ташкент төрінде есе жібердіңіз...
– Ташкентте де Атаевты «ойнап-күліп» жүріп-ақ ұтатаныма күмәнім жоқ еді. Бірақ финалдық айқаста әлдекімдер тұла бойымды дуалап тастағандай күй кештім. Сенсеңіз, рингке қалай көтерілгенімді және бәсекенің қалай өрбігенін де білмеймін. Әйтеуір, айқас аяқталып, киім ауыстыратын бөлмеге жеткенде ғана есімді жидым. Сол кезде туған ағам Нұрлан мен бапкерім Нұрғали Сафиуллин «Саған не болды? Тіптен, қарсыласып жарытпадың ғой» деп сұраулы жүздерімен қарайды. Мен үнсізбін. Не деп жауап берерімді де білмеймін. Елге оралғаннан кейін бейнетаспаны көрдім. Масқара! Бәсеке барысында Нариман мені нокдаунға жіберген екен. Ішім удай ашып, жылап жібере жаздадым. Кейін білдім, қарсыласым қара магияға қатысы бар адамның көмегіне жүгініпті. Зәулім спорт кешенінің бір бұрышына жайғасқан әйел адам бәсекенің басынан аяғына дейін мені дуалап отырыпты. Бұл жайтты маған кейін өзбектердің өздері айтты.
– 1996 жылы Атланта Олимпиадасында күллі қазақ жұрты Смановқа ерекше сенім артты. Алайда сіз жеңіс тұғырына сынық-сүйем қалғанда сүріндіңіз. Не жетпеді деп ойлайсыз?
– Жарысты жап-жақсы бастаған едім. Алғашқы айналымда Аустралияның өкілін екінші раундта ұрып жығып, келесі кезеңде пәкістандықты ойсырата ұттым. Алайда ширек финалда жолым Хуан Эрнандеспен қиысты. Шыны керек, Барселона Олимпиадасының күміс жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы деген атағы бар әйгілі Куба боксшысына әлім жетпеді.
– Байыптап қарасақ, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатында көбіне-көп сіздің жолыңызды бөгеген Хуан Эрнандес екен. Сонда Куба қабыланының осал тұсын табуға еш мүмкіндік болмады ма?
– Иә, 1993 жылы Тампере мен 1997 жылы Будапеште өткен әлемдік додада және 1996 жылы Атланта Олимпиадасында дәп сол былғары қолғап шеберінен ұтылдым. Несін жасырайын, кезінде ол өте мықты боксшы болды. Өздеріңізге мәлім, 1998-1999 жылдары аралығында Куба құрамасы Қазақстанға келіп, қос команда бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Сол кезде Хуан Эрнандеспен бес рет спарингке шықтым. Бес кездесу де менің пайдама шешілді. Тіптен, бір рет оңбай есеңгіретіп те тастадым. Атағы алысқа жайылған Хектор Винент пен Роберто Гуэроны да жақсылап тұрып сабағанмын. Әрине ресми жарыстарда ұтпағаннан кейін ондай жеңістердің аса бір желпіндірмейтіні анық қой. Бірақ сол жиындардан соң аса жауапты жарыстардың шешуші тұстарында неге есем кетіп жүргенін түсіндім. Барлығы да шектен тыс салмақ қуғаннан екен. Әр жарыс қарсаңында кемінде төрт-бес килодан арылатынмын. Ал салмақ қуған сайын бойдағы күш-қуат кемиді. Бәлкім, кейбіреулерге қайта қалпына келу қиындық туғызбайтын шығар. Ал маған бабыма келу өте қиын еді. Соның зардабын тартып жүріппін. Міне, барлық гәп осыда екен.
– Олай болса, 71 кило салмақ дәрежесіне ауысуыңызға не кедергі болды?
– 1997 жылы Азия чемпионы атанғаннан кейін 71 кило салмақ дәрежесінде күш сынасуға бел будым. Алғашында аяқалысым жаман болған жоқ. 1998 жылы Қостанайда ел чемпионы атандым. Сол аралықта Ермахан Ыбырайымов 75 кило салмаққа ауысып үлгерді. Ол да Қостанайда бас жүлдені олжалады. Көп ұзамай Шымкентте Серік Қонақбаевтың жүлдесі үшін халықаралық турнирдің жалауы желбіреді. Ақыры сол жерде екеуміздің жолымыз қиысты. Финалдық сайыста мен Ермаханды ұттым. Азия ойындары қарсаңында Алматыда Ескендір Хасановтың турнирі өтті. Бастапқы бәсекелерде өз қарсыластарымнан басым түсіп, жартылай финалға жолдама алдым. Келесі күні қонақ үйден шығып, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына баруға бағытталғанымда жол торыған белгісіз біреулер бетіме уландырғыш зат сеуіп, көлікке отырғызып, айдалаға апарып тастап кетті. Бірер сағаттан соң есімді жисам, Панфилов саябағында жалғыз жатыр екенмін. Жарыс әлдеқашан аяқталып қойған. Осы оқиғадан соң көпке дейін өз-өзіме келе алмай жүрдім. Мен ешуақытта біреудің ала жібін аттап көрмеген едім. Ешкімге қиянат жасаған да емеспін. Өзімше «Не болса да, жау алыстан келген жоқ. Осындай арсыздыққа барғандар бокстың төңірегінде жүрген ниеті қара, пиғылы арам адамдар» деп топшыладым.
– Иә, ол оқиғадан құлағдармыз. Сол тұста республикалық басылымдардың бірінде спорт тақырыбына қалам тартып жүрген көрнекті журналист Бақтияр Тайжанның «Нұржанға қол салғаны, ер жігіттің азғаны» деген мақала жарық көрді емес пе?
– Жоғарыдағы жағдайдан кейін жүйкеме салмақ түскені былай тұрсын, денсаулығым да сыр бере бастады. Бірер күннің ішінде қатты азып кеттім. Қайта жаттығу залына келіп, дайындықты бастаған едім, салмағым 68 килодан көтерілмей қойды. Амалдың жоқтығынан, үйреншікті салмағыма қайта оралдым. 1998 жылы Алматыда Куба мен Қазақстан құрамалары арасында жолдастық кездесуі өтті. Мен 67 кило салмақта Роберто Гуэрроны айқын басымдықпен жеңіп, ең үздік боксшы атандым. Көп ұзамай Бангкокта алауы тұтанған Азия ойындарына аттанып, елге күміс медальмен оралдым. Негізі финалда да жеңген едім. Қарсыласымды үш раунд бойы ауыр соққылардың астына алғаныммен, төрешілер жергілікті боксшының «ығына жығылды». Көп кешікпей Хьюстондағы әлем чемпионатында күш сынасып, ширек финалда ойда-жоқта италиялық Леонард Бундудан ұтылдым. Содан кейін былғары қолғабымды шегеге ілдім.
– Сол кезде сіз жалындап тұрған 27 жаста едіңіз. Жоғарыда аталған салмақтардың екеуінде де елшілік жарыстарда ешкімге есе жібермей жүрдіңіз. Бірақ дәл Ташкенттегі лицензиялық Азия чемпионаты қарсаңында үлкен спорттан қол үзуді құп көрген екенсіз. Неге? Алда Сидней Олимпиадасы менмұндалап тұрған еді ғой...
– Бұл аяқ асты қабылданған шешім емес. Сүйікті кәсібімнен бірден қол үзіп кету маған оңай болған жоқ. Өткенге зер салсам, жұдырықтасу өнеріне 15 жыл ғұмырымды арнаппын. Алты жыл бойы КСРО құрамасында болсам, жеті жыл Қазақ елінің туы астында өнер көрсеттім. Сол уақыт аралығында 52 медальға қол жеткіздім: 35 алтын, 9 күміс және 8 қола. Жарыс, жаттығу жиындары деп жүріп, үй көрмедік. Ондай тынымсыз тірлік адамды жалықтырады екен. Ағза да, жүйке де шаршайды. Бұрындары күш-қуатым бойыма сыймай, әр жекпе-жекке құштарланып шығатынмын. Соңғы кездері құлшыныс кеми бастады. Сенсеңіз, кейінгі уақытта жаттығу залына өз-өзімді қинағандай болып баратынмын. Иә, Сиднейге сапар шегуге мүмкіндігім болды. Ташкентте де Азияның алды болып, жолдамаға иелік етуге күш-қуатым жететініне еш күмәнім жоқ. Бірақ 67 кило салмақ дәрежесінде сынға түссем, Олимпия ойындарында алысқа шаппайтынымды іштей сезіндім. Ал Сиднейге жай турист ретінде баруға арым жібермеді. Ал 71 кило салмақта Ермахан Ыбырайымов бар. Оның үстіне, Ермахан бұл салмаққа әбден бейімделіп қалды. Қол жеткізген табыстары да қомақты. Бір жағынан досымның жолын бөгегім келмеді. Екінші жағынан бос елес қумайын деп, үлкен спортпен түбегейлі қош айтыстым.
– Жанкүйерлердің аузынан «Жастайынан жасындай жарқырап, дара талантымен оқшауланған болмысы бөлек Нұржан Смановтай боксшының не Олимпиадада, не әлем чемпионатында жүлде алмағаны қандай өкінішті» дегендей әңгімелерді жиі естиміз. Ал сіз өзіңіз соған өкінесіз бе?
– КСРО, Еуропа және Азияны мойындатқаныммен, жоғарыда аталған қос жарыста жеңіс тұғырына көтеріле алмағаныма еш уайымдамаймын десем, өтірік айтқан болар едім. Иә, іште бір өкініш бар. Бірақ бұл жалғанда бәрі біз ойлағандай болмайды екен. Барлығы да Алланың қалауымен жүзеге асады. Өкінішке қарай, ондай бақ маған бұйырмады. Есесіне тәуелсіздік алғалы бері қаншама қазақ боксшысы көз арбаған биіктерді бағындырды. Өз замандастарым және ізімізді басқан інілерімнің біразы Олимпиада мен әлемдік додаларда атой салды. Міне, соның алтын бастауында біздер тұрдық. Соған да шүкір!
– Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін қандай кәсіптің тұтқасын ұстадыңыз? Қазіргі қызметіңіз қандай?
– Еліміздегі үш жоғары оқу орнын тәмамдап, инженер-экономист, заңгер және дене шынықтыру бакалавр мамандығын алдым. Әр жылдары Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің экономика кафедрасында стажер-зерттеуші, «Казкоммерцбанк» АҚ-ның филиалында қауіпсіздік бөлімі бастығының орынбасары, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы қызметтерін атқардым. Қазіргі кезде жергілікті спорт мектептерінің бірінде жас өрендерді жаттықтырамын. Сонымен қатар М.Өтебаев атындағы жоғарғы технологиялар колледжінде дене шынықтыру кафедрасында еңбек етіп жатырмын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»