Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауы “Жаңа онжылдық — жаңа экономикалық өрлеу — Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” деп аталыпты. Барша қазақстандықтар тағатсыздана күткен тарихи құжатпен өзім оқырманы саналатын “Егемен Қазақстаннан” оқып, жан-жақты танысып шықтым. Елбасының Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауы алдағы онжылдықта елімізді одан әрі өркендетудің басты міндеттерін айқындап берумен ерекшеленеді. Және бір құндылығы, 1997 жылы қабылданып, ұзақ мерзімге арналған “Қазақстан-2030” Стратегиясының басты мақсаттары мен басымдықтары айқын көрініп, заңды жалғасын тауып жатуында дер едім.
Президент атап өткендей, ХХІ ғасырдағы алғашқы онжылдықта еліміз серпінді дамуын сәтті жалғастырып, қуатты да табысты мемлекетке айналды. Ендігі мақсат – еліміздің алдағы онжылдықтағы экономикалық өрлеуін қамтамасыз етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу. Оның нақты талаптары мен міндеттері Жолдауда атап көрсетіліп, қазақстандық жолдың көшбасшылық нұсқасы қолмен қойғандай жіліктеп берілген. Маған, әсіресе, экономиканы әртараптандыру мәселелері бойынша айтылған ойлар қатты ұнады. Бүгінгідей күрделі кезеңде өркениетті, дамыған елдер қатарына жету, олармен теңесуге ұмтылу өте құптарлық. Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, еңбек өнімділігін еселеп өсіру, озық инновацияларды өндіріске енгізу аса маңызды міндет болып табылады.
Сондай-ақ әр өңірдегі әрбір индустриялық жоба жергілікті биліктің ғана емес, сонымен бірге жұртшылықтың да айрықша бақылауына алынуы тиістілігі бөле-жара айтылған. Бұл орайда кәсіподақ айрықша азаматтық белсенділік танытып, өз үлестерін қоса аларына сенімдімін. Мәселен, азық-түлік бағасын қолжетімді ету, жұмыссыздық санын азайту, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері бойынша облыстық кәсіподақ әкімдікпен, жұмыс берушілермен үшжақты келісімге келудің арқасында нақты істер тындырылды. Демек, еліміздегі кәсіподақ армиясына арқа сүйей отырып, ортақ іске жұмылдыра білсек, индустриялық жобалар бүкіл еліміздің жалпыұлттық міндетіне айналары сөзсіз.
Жолдауда ғылым және білімге үлкен көңіл бөлініп, нақты ұсыныстардың белгіленуін солтүстікқазақстандық ұстаздар қауымы қуанышты сезіммен қарсы алды. Бұл салада атқарылатын шаруалар қыруар. Солардың бірі—мектеп жасына дейінгі тәрбие беру және оқыту ісін жетілдіру. Осыған орай “Балапан” бағдарламасының ұсынылуы өте құптарлық. 2020 жылға қарай орта білім беруде 12 жылдық оқыту моделінің табысты жұмыс істеуі үшін Үкімет бірқатар шаралар атқаратын болып белгіленді. Мұның бәрі еліміздің ертеңгі азаматтарын қалыптастыру жолындағы аршынды қадамдар дер едік.
Бір сөзбен айтқанда, еліміздің алдағы онжылдық даму бағыттарын айқын белгілеп берген Жолдау қағидаттары ертеңге деген берік сенімді ұштап, жігерлендіре түседі.
Назымбек ОРАЗЫМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы.