29 сәуір күні Ұлттық академиялық кітапханасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Кітап карантинге қарсы: жаңа форматтағы кітапханалар» атты халықаралық онлайн-форум өткізді.
Кітапхана саласының барлық мамандары мен ғалымдарға ұлттық құндылықтарды сақтау, қолдау, рухани-адамгершілік және мәдени аспектілерді, жаңа вирустың пандемиясы кезінде кітапхана жұмысының бағытын сақтау мәселелері бойынша пікірталастық кездесуге қатысуға мүмкіндік беру үшін ақпараттық және ғылыми-мәдени онлайн-алаң құру мақсатын діттеген форум түрлі тақырыптарды талқыға салды.
Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Дәуренбекқызының модераторлығымен өткен онлайн-форумға Ресей Федерациясы (Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосібір), Қытай Халық Республикасы, Италия, Румыния, Болгария, Малайзия, Түркия, Якутия, Чуваш, Өзбекстан (Хорезм, Бұхара, Самарқанд, Джизак, Науои, Әндіжан, Сырдария, Боз, Қашқадария, Наманған, Асақан, Жалақұдық, Қорғантелі, Қаракөл), Әзербайжан, Қырғызстан, Грузия, Удмуртия, Молдова мемлекеттерінің ұлттық кітапханалары мен еліміздің кітапханалары қатысты.
Конференция модераторы шара қатысушыларына алғыс білдіре отырып:
–Ұлы қазақ ақыны, философ, ойшыл Абай Құнанбайұлы «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деді. Бұл жоғары қасиеттер өмір бойы адамзат жинақтаған үздік әлемдік әдебиетті оқу арқылы ие болады. Бүгін әлемді вирус пандемиясы жаулаған кезде, адамдарға өзін-өзі дамыту мен өзін-өзі жетілдіруге кітапхана мен кітаптар алғашқы көмекшісі болды деп айтуға толық себеп бар. Өйткені, қазір карантин кезінде барша адамзат қауымы жаппай кітап оқуға кірісіп кетті, – деді.
Форум барысында баяндама жасаған Ресей мемлекеттік кітапханасының Бас директоры Дуда Вадим Вальеревич карантин кезіндегі атқарылған жұмыстарын атап өтіп, қашықтықтан жұмыс істеудің ерекше тәсілімен бөлісті.
- Біз қорымыздағы құжаттарды оқырмандарға жеткізуде тиімді тәсілді қолдандық. Оқырман белгілі бір бөлімге өтінім берген соң, сол кітап автоматты түрде сканерден өткізіліп, оқырманның жеке кабинетіне келіп түседі. Осы тәсілмен күніне 700-800 кітапқа тапсырыс қабылдап, оқырманға жеткіземіз. Схема бойынша жұмыс істеген өте тиімді деп танылып отыр және тіпті карантиннен кейін де осы әдіс арқылы жұмыс істеуді жалғастыра береміз. Осы жүйе арқылы ТМД елдері арасындағы электронды кітапханалар бірлесіп қызмет атқарамыз деп сенеміз, – деді Ресей мемлекеттік кітапханасының Бас директоры.
Кітапхананың әлемдік руханиятқа бірден-бір әсер етуші фактор екенін айтқан Рим (Италия) Ұлттық кітапханасы директорының халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары Дезире де Стефано:
–Смарт жұмысымен байланысты мәселелерді жедел шеше алған IT-мамандардың атқаратын маңызды жұмысы туралы да ұмытпайық. Кітапханашылар ретінде біз барлық уақытта қолдау сұраған пайдаланушыларымызға жауап беруге тырыстық. Енді кітапхананы ашу жақындағанда, біз жаңа шешімдерді тауып, жаңа қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, жаңа қызметтерді ойлап табуымыз керек. Кітапхана тірі организм ретінде өздерін қайта ойластыруы және біздің алдымызға осы жаңа және жаһандық жағдайды қоятын қажеттіліктерге жауап беруі тиіс, – деп ойын тарқатты.
Малайзия Ұлттық кітапханасының Бас директоры Майзан Бинти Исмаилдің сөзінше, аталған кітапхананың электронды жүйесінде 24 миллион кітап сақталған екен. Егер оқырман онлайн тапсырыс берсе, кітапты үйіне жеткізіп береді. Сондай-ақ, карантин кезінде кітапханаға 23 000 жаңа оқырман тіркелген екен. Бұл, әрине, Малайзиядағы кітапханаға деген сұраныстың жоғарылығын көрсетсе керек.
«Оқытудан оқымақ жақсы» деп өзбек ақыны айтқандай, Алишер Науаи атындағы Өзбекстан Ұлттық кітапханасы бөлім меңгерушісі Муратова Мухтарама карантиндік режім адамдардың интеллектуалдық деңгейін көтеруіне таптырмас мүмкіндік екенін тілге тиек етті.
Ал Саха Республикасы Ұлттық кітапханасы кітапханалық-ақпараттық қызмет бөлімінің меңгерушісі Попова Светлана Александровна:
- Кітапханашылардың барлығы цифрлық қызмет көрсетуде. Электронды кітапханада 33 мың кітап бар. Жалпы қорда 1000600 кітап. Электрондық жүйедегі статистика бойынша ең көп оқылатын кітаптар қатарына якуттық авторлардың шығармаларын жатқызамыз. Соңғы мәлімет бойынша көш басында Н.А.Лугиновтың еңбектері оқырман сұранысына ие, – деп оқырман талғамындағы авторларды да атап өтті.
Әлемнің 15 елінен баяндамашылар қатысқан халықаралық конференция қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өтті. Онлайн-форумда кітапханалардың қашықтан жұмыс режімі, ақпараттық қызметтің құқықтық аспектілері, болашақ электрондық кітап, заңнамалық проблемалар мен бастамалар, карантин кезеңінде халықтың электрондық және баспа ақпаратына қол жеткізуін қамтамасыз ету мәселелері аясында кітапханалық-ақпараттық инфрақұрылым мен аралас облыстарды дамыту саласындағы соңғы жетістіктер мен инновациялар жарияланатын болады.