Батыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында «COVID-19» инфекциясынан емделіп жатқан бір топ науқас 1 мамыр күні дәрігерлерге бағынбай аулаға шығып, үйлеріне кетпек болған.
«1 мамыр күні түскі сағат 14.15.-шамасында облыстық инфекциялық аурухананың 30 шақты пациенті аурухана ауласына шығып, өздерін босатуды, үйге жіберуді талап етті. Олардың бәріне де «Сovid-19» диагнозы қойылған, бірақ науқастар тұлабойында ешқандай ауруы жоқтығын айтып, өз бетімен медициналық мекеме аумағынан кетпек болған. Дәрігерлердің талабына құлақ қоймаған. Оқиға орнына полиция жасағы барды. Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция басқармасы қызметкерлерінің түсіндіру жұмыстарынан кейін олар сағат 14.45.-те палаталарына тарады. Қоғамдық тәртіп бұзылған жоқ» - деген мәлімдеме таратты полицияның баспасөз қызметі.
Орал қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасына баратын жолдарға тосқауыл қойған полиция қызметкерлері журналистерді оқиға орнына жібермеді. Өйткені, ереуілшілермен кездескен тілшінің өзі коронавирус жұқтырған науқаспен қарым-қатынаста болғаны үшін карантинге жатқызылуы тиіс болады.
Бізге мәлім болғандай, кейбір науқастардың ауруханада жатқанына 14 күн болған, бірақ олар медициналық мекеменің ішкі тәртібін бұзып, аурухана ішіндегі өзге науқастармен қарым-қатынаста болған. Сондықтан олардың оқшаулану, емделу мерзімі де қайта ұзартылған.
Соңғы мәлімет бойынша Батыс қазақстан облысында 152 адамға «Сovid-19» диагнозы қойылған.
Батыс Қазақстан