Былтыр Қазақстанда автомобиль өнеркәсібінде 359,5 млрд теңгеге 50 447 дана көлік құралы шығарылып, нақты көлем индексі 162,5% құрады. Барлық жаңа техниканың жартысы ең ірі автокөндіруші «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» кәсіпорнында шығарылды.
Өткен жылы Қостанай зауыты өндірісті екі есеге арттырып, 25 802 дана жеңіл, жүк көлігі мен автобустар шығарды. Ал биыл өндіріс көлемін 51 400 бірлікке дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Өнімділік өлшемі бойынша қазақстандық «АЗИЯ АВТО» автоқұрастыру зауыты да көшбасшыға айналды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша зауытта 20 мың арнаулы техника шығарылды. Биылғы жоспар бойынша кәсіпорында 44 мың техника шығарылуы тиіс.
Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау секторында 2018 жылдан бастап өндіріс өсімі байқалады. Оған өнімді өткізу кезінде қосымша құн салығын төлеуден босату сияқты мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етті. Өткен жылы 41,2 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы машиналары жасалып, өсім 144%-ды құрады. Отандық өндіріс техникасы егін жинау науқаны барысында жоғары сұранысқа ие болып отыр. Оның өнімділігі, тораптары мен агрегаттарының сапасына механизаторлардың айтатын шағымы жоқ. Мысалы, былтыр ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласында 1200-ден аса трактор шығарылды. Қостанайдағы ауылшаруашылық техникасын өндіруші «Агромашхолдинг KZ» 130-дан астам Lovol тракторын және 355 Essil комбайнын шығарды. 2020 жылдың І тоқсанында кәсіпорын 62 трактор және 20 комбайн өндірді.
Сондай-ақ қазіргі уақытта теміржол машина жасау кластері белсенді дамып келеді. Зауыттарда шығарылатын өнім желісін жаңғырту және кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде «Тұлпар-Тальго» ЖШС зауытында былтыр 91 жолаушы вагоны өндірілді. «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ ТЭ33А сериялы 11 магистральдық тепловоз шығарды.
Жалпы, биыл автоөнеркәсіп өнімінің жалпы көлемін 100 мың техникаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Оның 10-15 мыңы Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь, Әзербайжан және басқа елдерге экспортталмақ. Бүгінде автомобиль саласын дамыту мүмкіндіктері өте мол. 2019 жылы маусым айында машина жасауды дамыту жөніндегі 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Бұл машина жасаудың барлық кіші салаларын және қолдау шаралары жөніндегі іс-шаралар кешенін – салықтық преференциялар, қаржылық және шикізаттық қолдау, білікті кадрлармен қамтамасыз ету және тағы басқаны қамтиды.