Батыс Қазақстан облысында соңғы тәулікте «COVID-19» инфекциясын жұқтырған 12 тіркелді. Оның бесеуі - Ресей Федерациясында жұмыс жасайтын азамат болса, жетеуі – медицина қызметкерлері.
«Коронавирус анықталған екеуі – Түркістан, біреуі – Батыс Қазақстан облысының және екеуі – Шымкент қаласының тұрғындары» деп хабарлады Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.
Коронавирус инфекциясы анықталған 7 медициналық қызметкер вирусты науқастардан жұқтырып алған.
- Бүгінгі таңда жұқпалы аурулар ауруханасында 36 медициналық қызметкер емделіп жатыр, олар – 7 дәрігер, 12 медбике, 12 санитар, 4 буфетші, 1 дезинфектор. Олардың 20-сы – жеңіл түрімен, 14-і – орташа түрімен ауырған, - деді Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюпов. Оның айтуынша, бұған дейін ауру жұқтырған екі медицина қызметкері жазылып шыққан.
Жалпы Батыс Қазақстан облысы бойынша бүгінге дейін коронавирустық жұқпадан 31 адам жазылып шықты. Ал ауруханаларда «COVID-19» диагнозымен 155 адам емделуде. 53 адам – провизорлық стационарда, 157 адам – карантиндік стационарда, 2407 адам - үй жағдайында оқшауланып, дәрігер бақылауына алынған.
Батыс Қазақстан