Шайбалы хоккейден Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін елорданың «Барыс» хоккей клубы өткен маусымда команданы өрге сүйреген негізгі үш ойыншысымен қоштасты.
Атап айтар болсақ, қақпашы Эдди Паскуале, шабуылшы Корбан Найт және қорғаушы Атте Охтамаа келесі маусымда ҚХЛ-дің өзге командаларында бақ сынайды. Үш хоккейші де «Барыс» сапына 2019 жылы қосылған. Найт былтыр «Барыс» сапында 65 рет мұзайдынға шығып, 20 шайба соққан. Сондай-ақ 22 нәтижелі пас асырған. Ал Охтамаа 41 матч өткізіп, 7 рет мергендігімен көзге түскен. 16 рет әріптестеріне нәтижелі пас асырған.
Айта кетейік, алдағы уақытта Эдди Паскуале мен Атте Охтамаа «Локомотив» (Ярославль), Корбан Найт «Авангард» (Омск) клубында ойнайды. Ал «Барыстың» экс-бас бапкері Андрей Скабелка келесі маусымда «Локомотивті» жаттықтыратыны белгілі болды.