• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Мамыр, 2020

Жеңіс деген жалғыз сөз жанды баурап...

396 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда Көкшетау қаласында небары  13 майдангер тұрады. Оның бірі – Валентина Мазурова. Таяуда іздеп барып, тілдестік.  Сұм соғыс туралы сыздықтатып сыр шертпек түгілі аузына да алғысы келмейді. Жадында тек Жеңіс күніне қалай жеткені жатталып қалыпты.

1945 жылы қаршадай бағыттаушы-зенитші қыз Польшада жүрген еді. Терезенің жақтауында анасына хат жазып отырған сәтте оқ атылып, кейін Жеңіс деген қуанышты дауыстар естілген.  Ақ түйенің қарны жарылған сәтте жүрек толқығаны сондай, манадан бері амандығын баяндап отырған қолындағы хат та толық жазылмады. Сол кезде қос жанардан моншақтап жас төгілген. Бұл қуаныштың нышаны еді. Сәлден соң, «Біз жеңдік! Мен Бийскіге міндетті түрде ораламын» деп анасына бір бума хат жазып жібереді.  

–Кешкісін мен анама хат жазуға кіріскен едім. Кенеттен ұрыс басталып, кейін тыныш орнай бастады. Жеңіс, Жеңіс деген дауыс естілді. Денім дірілдеп, тұла бойым шымырлап кетті. Осы күні ешкім ұйықтай алмады. Ертең қалай өмір сүреміз деген ойда болдық,–дейді майдангер Валентина Мазурова.   

Валентина Мазурова қан майданға небәрі 19 жасында аттанды. Әкесі ол кезде еңбек армиясының қатарында, ал анасының мойнында тағы сегіз баланың күтімі бар еді.  Екінші Украин полкының құрамында жауға қарсы тойтарыс берді. «Отан соғысы» орденімен және «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталды. Валентина Мазурова  майдан даласында  жарақат алған жауынгерлерге үнемі көмек көрсетумен болды.   

Валентина Мазурова 1948-ші жылы Көкшетауға қоныс аударды. Тұрмыстық химия фабрикасына жұмысқа орналасты. Тұрмыс құрды. Бүгінде күйеуі мен ұлы өмірден озған. Жалғыс басты кейуана сұм соғысты ауызға да алмайды. Ол туралы фильмдерді де көргісі жоқ. Ашық аспан мен бейбіт күн ардагер ана үшін баға жетпес байлық іспетті.