Алматы облысы, Іле ауданы, Ақши ауылында дүниеге келген егіз ұл – Қасым мен Жомарт Орынтай бүгінде Орал қаласында Отан алдындағы парызын атқарып жүр.
– Ағайынды сарбаздар 5517 әскери бөлімде байланыс торабына кезекші радиотелеграфист міндетін атқаруда. Жомарт жауынгерлік қызметке таңда түссе, Қасым түнгі ауысымды алмастырады. Жауынгерлер лейтенант Абай Қожамұрат пен ефрейтор Эльдар Самиғолла үйреткен әрбір тәлімді жадында сақтап, іс жүзіне қолданып жүр, – дейді осы әскери бөлімнің қызметкері, майор Жамал Мұқышева. Қасым мен Жомарт жауынгерлік кезекшілікте әрдайым қырағылық танытып, әскери міндетін жауапкершілікпен атқарғаны үшін бірнеше рет марапатқа да ие болыпты.
Көп балалы отбасында дүниеге келген қос сарбаз әскер қатарына Алматы облысынан 2019 жылдың жаз айында шақырылған. Орынтай әулетінің кенжесі жауынгерлік дайындық нормативтерін әрдайым ең үздік бағаға орындайды екен.
– Әскерге келгеніме қуанамын. Бұл жерде үйдегідей еркіндік болмаса да, әрбір ісіңе жауапкершілікпен қарауды үйренесің. Жалпы, әскери өмірді көру, қатал тәртіпті бастан өткеру әрбір жас жігітке шыңдалу үшін қажет. Отан алдындағы әскери борышымды аман-есен атқарып, елге оралған соң полиция қатарында қызмет еткім келеді, – дейді Қасым.
– Жас күнімнен спортты серік еттім. Сондықтан болар, әскер қатарындағы жаттығулар мен үшін аса қиындық туғызған жоқ, – дейді жас күнінен футболшы ретінде талай жарысқа қатысып, жүлдегер болған Жомарт. Ол әскерден кейін де спорттық мансабын жалғастырмақ.
Ерекше есімді иеленген егіз сарбаз бүкіл Қазақстан халқын Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, әскери міндетін абыроймен атқаруға уәде беріп отыр.
Батыс Қазақстан облысы