Өткен ғасырдың орта тұсына күндей күркіреп өткен ІІ дүниежүзілік соғыстағы ортақ Жеңіс – ізгілікті аңсаған барша адам баласы біріксе, оны ешқандай кедергі тоқтата алмайтынын әйгілі етті. Болашақ мүддесi, адамзат тағдыры, бейбіт өмір жайы талқыға түсiп, таразы басын теңселтiп тұрған «тар жол, тайғақ кешу» шағында бұрын бір-бірін бақ байлар бақталас, ымыраға бас имес қарсылас санаған державалар аспан асты, жер үстін қара бұлттай жапқан түнек күшке, ажал сепкен тажалға қарсы бірікті, бірлесті, тұтасты. Осының арқасында алпауыт басқыншы тізе бүкті. Әлімсақтан жауыздықпен арасы бітіспеген ізгілік жаһандық деңгейде үстем түсті.
75 жыл бұрын Жеңістің шуақ шашқан нұрлы шапағаты барша тіршілік иесіне шаттық сыйлады. Жаһан жұртшылығы ұлты мен нәсіліне, тілі мен дініне қарамай, бір жандай қуанды. Қырғын мен қантөгісті аңсаған қанішер күштердің қаһары қайтқаcын, жоқтық жұтатқан жер-жаһан қайта түледі, дүние жаңарды, ізгілік ілгері ұмсынды. Барша ел тарихта ешқашан болмаған БҰҰ секілді алып бірлестіктің туы астында бас қосты. Жаңа тәуелсіз мемлекеттердің дүниеге келуіне жол ашылды. Демек, ІІ дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс адамды бөлмейтін бірегей мереке. Бұл – жалқының қамын жалпының мұратына жыққан ортақ құндылық. Бұл – барлығымыз ардақ тұтып, асылға балар мұра.
Ұлы Жеңісті әр ел өзінше таниды, әр қырын әспеттейді, таңдағанын, талғамына жарағанын төл тарихына таңбалап қалдырады. Кеңес Одағы бұл ортақ Жеңісті жекешелендіруге тырысқаны белгілі. Салдарынан, кеңестік оқулықтарда, әдебиет пен ғылымда фашизмді коммунизм жеңгендей етіп насихатталды. Жеңісті КСРО халықтарын біртұтас етіп, «бетондай цементтеуге» жан-жақты пайдаланған идеологтар оның бүкіл халықаралық қоғамдастықты топтастыра алар құндылығын тәрк етті. Қаншама құрбандықпен келген Жеңіске «өзге елдердің қосқан үлесі айтуға тұрмастай мардымсыз» деген соқыр сенiм, келте түйсiк өркен жайды. Ұлы Жеңісті сомдаудағы Батыс елдерінің сүбелі үлесі, қомақты көмегі туралы ауыз ашу – бас кетiп, тiрсек қиылатын тiрлiк болатын. Сөйтіп майдан даласында жаумен тізе қоса, бірлесе арпалысқан державалар арасындағы бiрiктiрушi ықпалдар арыны күрт бәсеңсіді, жаппай бәсекелестік жер-жаһанда қайта өрбіді. Германия, Корея, жалпы дүние жүзі екіге жарылды. КСРО – қазақ жерінде, АҚШ – Невада штатында ядролық полигон құрып, ақырзаман қаруын жетілдіруге кірісті. Қаншама мемлекеттің іргесін сөккен, қабырғасын қақыратқан қатігез соғыс бірліктің жоқтығынан, алауыздықтың өріс алуынан, һәкім Абай айтқан адамзаттың бәрін бірдей бауырым деп сүйер ұлы гуманизмнің тоқырауынан туындағаны рас. Оны адамдар тағы ұмытты. Әлемдік державалар бақталастықтың қасаң ұстанымын тiстей қатып ұстанбағанда, кейінгі заман басқаша қалыптасатын ба еді?!
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары Екінші дүниежүзілік соғысты – қазақтың азаттық жолындағы айқасы деп мойындамайтын және ондағы Жеңістің құндылығына күмән келтіретін пікірлер жиі бас көтереді. Бұл қынжыларлық жайт. Өйткені қазақтың түлеуі де, біздің тәуелсіздігіміз де, ұлттық құндылықтарымыз да Ұлы Жеңіспен біте қайнасып жатыр. Бұл Жеңіс арманы азарға айналып, қиялы қысыр қала жаздаған қазақ халқының езілген рухын көтерді, ұйқыдағы ұлт санасын серпілтті. Тоталитарлық қысым құрсауының жұмсаруы арқасында қоғамдық қу тірліктің көкжиегiнен ұлттық жәдігерлер төбе көрсетiп, ортамызға қайта орала бастады. «Батырлар жыры» және басқа да ұлттық жадтан өше жаздаған халық ауыз әдебиетінің жәдігерлері зерттеліп, қайта басылды, қазақ рухани қайнарларынан қанып ішуге мүмкіндік алды.
ІІ дүниежүзілік соғыс сансыз қазақ батырын жаһанға жарқырата әйгіледі: Б.Момышұлы, Р.Қошқарбаев, Т.Бигелдинов, Т.Тоқтаров, М.Ғабдуллин, Н.Әбдіров, Қ.Қайсенов, Қ.Аманжолов, Б.Бұлқышев, С.Нұрмағамбетов, Ә.Шәріпов, Б.Бейсекбаев, С.Баймағамбетов, Қ.Спатаев, Ә.Молдағұлова, М.Мәметова, Х.Доспанова...
398 дұшпанның көзін жойған мерген Т.Әбдіков, 287 фашисті жер жастандырған снайпер Ы.Сүлейменов, атақты Амангелді Имановтың ұлы, жантәсілім етер алдында 13 жауын жайпаған Р.Амангелдиев, қарсыластың бірде бір танкін ілгері жібермей, гранатасымен соңғы танктің астына сүңгіген Кеңес Одағының Батыры Ә.Досмұхамбетов, қазақтан шыққан ең жас Кеңес Одағының Батыры, 18 жастағы Ж.Елеусов... Тізе бүксе, жүрекжұтқан батырлық үлгілері жетерлік. Қуантарлығы, қаһармандарымыздың көбі майдан даласында қалған жоқ, елге оралып өскелең ұрпаққа ұлағат берді, ержүрек жастарды баулыды. Қазақтың ерлік дәстүрі осылай жалғасын тапты. Жеңімпаз аға буынның қаһарман істеріне қаныққан, арынды айбарынан шабыттанған жас ұрпақ 1986 жылдың ызғарлы желтоқсанында алаңға шықты, теңдік пен елдікті ақырып талап етті, тоталитаризмнің қабырғасын қақыратты. Ырду-дырдуы түгесiлмес тiрлiктiң жетегiнде жүріп, жеңістің осы қырын елеусіз қалдырып, ол жайында көп сөз қозғай бермейміз.
Тарихшы ғалымдар байламынша, жаһандық майдандағы Жеңіс бірнеше кезеңнен құралған. Бұл ретте Кеңес кезеңінде Мәскеу, Сталинград, Ленинград үшін шайқастардың жеңіс жолындағы үлкен бетбұрыс болғанына екпін түсірілетін де, одақтастардың жетістіктері еленбейтін. Сол әлемдік соғыстағы антигитлерлік коалиция елдері алған асулардың айтулысы – Нормандия жағалауына әскер түсірудің стратегиялық операциясы. Тарихта Норманд немесе Оверлорд операциясы деген атпен қалған осы шайқас 1944 жылдың 6 маусымының таң азанында басталып, 25 тамызында аяқталды. Негізінен, Ұлыбритания, Канада, АҚШ әскерлерінен тұратын, сонымен қатар Аустралия, Бельгия, Чехия, Голландия, Франция, Грекия, Жаңа Зеландия, Норвегия, Родезия (қазір Зимбабве), Польша әскери мамандары мен жауынгерлері де жұмылдырылған Нормандия шайқасы «әлем тарихындағы ең ірі десанттық операция» болып есептеледі: 3 млн-дай қалың қол Англиядан Францияға қарай Ла-Манш бұғазын кесіп өтіп, ұрыс салды.
Кеңес әскерлері қатыспағандықтан осы ұлы жорық КСРО-дағы тарих оқулықтарынан орын ала алмады. Бірақ тәуелсіз Қазақстанның жеткіншектері ортақ Жеңістің ұстынын нығайтқан осы ұлы оқиғаны біле жүргені абзал. Елбасының «Ұлы тарих кемел келешекке жетелейді» деп айтқаны бар. Оверлорд операциясынан соң одақтастар Парижді азат етіп, француз-герман шекарасына бет алды. 1944 жылдың күзінде олар Германияның батыс шекарасына аяқ басты. Вермахт Батыс Еуропадағы барлық дерлік бекіністерінен айырылды. Артынша 1944 жылғы желтоқсан – 1945 жылғы қаңтар айларында жүрген Арден операциясы, одан кейінгі Эльзас-Лотарингия, Кольмар және Маас-Рейн операциялары да неміс дивизияларын күйретті.
Тағы бір кезең: 1945 жылдың 25 сәуірінде Кеңес Одағы мен Америка солдаттарының тарихи кездесуі болды, олар Эльба өзені арқылы өтетін көпірде алғаш рет қол алысты. Осы жүздесу гитлершілер жеңілісінің жаршысына айналды. «Эльба рухы – елдеріміздің қайшылықтарды кері ысырып, ортақ мақсаттар үшін сенімге ден қойып, ынтымақтаса алатынының жарқын үлгісі болды», – делінген АҚШ пен Ресей президенттерінің 2020 жылғы 25 сәуірдегі бірлескен мәлімдемесінде.
Адам атаулыға қасірет әкелген гитлершілердің жаһанды жаулап алу жоспарына нүкте қойған тарихи оқиға – Берлин операциясы екені сөзсіз. Ұлы даланың қайсар ұланы Рақымжан Қошқарбаев 19 жастағы серігі Григорий Булатовпен бірге оқ пен бомба нөсерлете жауған көшелер мен алаңды жүріп өтіп, 30 сәуір күні кешкі 18 сағат 30 минутта Рейхстагтың қасбет-фронтонына Жеңістің қызыл туын ілді. Бұл фашизмнің Жер ғаламшарында үстемдік етуіне еш мүмкіндігі қалмағанының символына айналып, барлық одақтастың жауынгерлерін рухтандырды. Бір ғажабы, осынау тарихи оқиғаны дүние жүзіне бірінші болып Америка хабарлаған: The New York Times жетекші басылымы 1945 жылғы 30 сәуір күні қатталып, 1 мамырда тараған санында «Рейхстагта Кеңес туы желбіреп тұр!» деген сенсациялық жаңалықты жария етті. Мақала: «Кеше Кеңес әскерлері Берлинді басып алып, Рейхстагқа өз қызыл туын тікті» деген сөйлеммен түйінделеді. 1 мамырда, яғни Үшінші рейхтың бұл «ұясы» тазартылғаннан кейін ғимараттың әр тұсында 20 шақты ту пайда болды. Бірақ тұңғыштың аты тұңғыш. Әйтсе де Кеңес Одағының басшылығы қаһармандарды марапаттауға асықпады. Тек 2 мамырда Рейхстаг төбесіне ту көтеру салтанатын өткізу үшін әскери бөлімдердің өкілдері Кантария мен Егоров таңдап алынады. Кеңес Одағының Батыры атағы да соларға берілді. Ал нағыз батырлардың ерлігі еленбей қалды.
Жуырда 2020 жылдың мамыр айы басында Ресей Қорғаныс министрлігі Берлинге шабуылдың соңғы күндеріне және Рейхстагты алуға қатысты біраз құжаттың құпиялылығын жойып, жариялады. Цифрландырылған тарихи құжаттар ведомствоның ресми сайтында орналастырылды. Олардың арасында Сталинге бағытталған маршал Коневтің Берлиннің берілгені және маршал Жуковтың Рейхстагтың Кеңес әскерлері қолына көшкені туралы баяндамалары бар. Бірақ онда қазақтың хас батыры Р.Қошқарбаев жайында бір ауыз сөз жоқ. Шынында, оның Булатовпен бірге Рейхстагқа ең алғаш болып ту тiккенiн бәрi де бiлген: Сталин де, Бас штаб та, майдандағы сардарлар да. Себебі, Р.Қошқарбаев өзіне жүктелген тапсырманы мүлтіксіз орындағаны анықтала салысымен, полковник Е.Саркисов ерлік жасағандардың аты-жөнiн, оның қай дивизиядан, полктан, ротадан, тіпті қандай взводтан екенiн маршал Г.Жуковқа тәптіштей мәлiмдейдi. Маршал Жуков iле-шала Сталинмен байланысқа шығады. Ақыры немен тынғаны мәлім.
Қазақ батырының ержүрек ісін немістердің өзі мойындады. 1967 жылы Германиядан Қазақстанға ресми делегация келіп, Рақымжан Қошқарбаевты іздейді. Ол кезде батыр Алматының шеткі аудандарының бірінде қарапайым жұмыс істеп жүреді. Бұл жағдайға таң қалған шетелдік меймандар Қошқарбаев фашистер соғысын тоқтатқан тұлғаның бірі ретінде мойындалғанын, тіпті Германияның көптеген кәсіпорнында оған арналған бұрыш ашылғанын хабарлайды. Мұны естіген біздің басшылар дереу Рақымжанға құрмет-қошемет көрсетіп, жаңадан салынған сәулетті, салтанатты стратегиялық нысан – зәулім «Алматы» қонақ үйінің директоры лауазымын ұсынады.
Осы маңызды деректі есте қалдыру мақсатында мен Ауған соғысы ардагерлерінің атынан «Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Алматы» қонақ үйінде Рақымжан Қошқарбаевтың мемориалдық тақтасын орнату» туралы бастама көтеріп, хат жаздым. Өйткені даңқты қазақ батыры 1967 жылдан бастап, 20 жылдан астам уақыт бойы сонда директор қызметін атқарды. Ақыры Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығының және Ұлы Отан соғысы ардагерлері кеңесінің ықпал етуімен 2015 жылдың мамырында нысанның қасбетінде Р.Қошқарбаевқа арналған мемориалды тақта салтанатты түрде ашылды. Біз мұны «шетелден келген қонақтар қазақтың қас батырын танысын!» деген ниетпен де жасадық.
Ақырғы кезең: 1945 жылдың 2 қыркүйегі – сол кезде болған 73 мемлекеттің 62-сі немесе Жер тұрғындарының 80%-ы қатысқан ІІ дүниежүзілік соғыстың ақырғы аккордына айналды. Азия, Еуропа, Африка континенттерін және барлық мұхитты қамтыған ұрыс қимылдары толық доғарылды. Бүкіл әлем дәл осы күнді атап өтеді. Себебі 1945-тің мамырында гитлерлік Германия талқандалғанымен, жер-жаһанның әр бұрышында соғыс қоңыр күзге дейін жалғасқаны белгілі.
Қазақстан ескі кеңестік идеология салқынымен осы датаны сол бойы елеусіз қалдырып келеді.
Ардагерлерге 9 мамырда құрмет-көшемет көрсетумен шектелмей, 2 қыркүйекте де ұлықтау шараларын қолға алған жөн. Оның үстіне соның негізі де қаланып отыр. Жаһандық пандемия салдарынан 9 мамырға жоспарланған Жеңістің салтанатты шаралары өтпей қалды. Коронавируспен күресте адамзат жеңіске жетсе, осы салтанатты рәсімдерді биылғы 2 қыркүйекте ұйымдастыруға болады. Демек, Ұлы Жеңісті мерекелеу тарихының жаңа беті ашылады. Біріншіден, бұл фашистік Германияға ғана емес, империалистік Жапонияға қарсы майданға қатысқан қазақстандықтардың ерлігін ескеруге жол ашып, әділдікті қалпына келтірер еді. Екіншіден, көп бағдарлы саясат ұстанатын Қазақстан халқы жеңіске жету жолында АҚШ, Ұлыбритания және басқа да одақтастар көрсеткен зор көмектен хабардар болғаны дұрыс. 1941 жылдан бастап ленд-лиз аясында жеткізілген заманауи ұшақтар, озық әскери техника, азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеңіске жетуге айтарлықтай ықпал етті. Мәселен, 1941 жылғы қазанда Одақтың «жүрегі» – Мәскеуді қорғауға бұйрық алған 3 майдан әскеріне жалпы саны 568 ұшақ беріледі, оның 389-ынан басқасы ақаулы және бұзылған болып шығады. Дәл осы кезде, 1941 жылдың қазан-желтоқсанында Англиядан КСРО-ға 669 ұшақ, 487 танк келген. Ал АҚШ мұхит арқылы 1942 жылдың 30 маусымына дейін 545 ұшақ пен 783 танк жеткізді. Бұдан бөлек, тек «Алсиб» (Аляска-Сібір) бағыты бойынша 7925 ұшақ әуе жолымен жіберілді. Ұлыбритания 1941–1945 жылдары КСРО-ға миллиард фунтқа бағаланған 4 млн тонна әскери жүк, тамақ және дәрі-дәрмекті тегін берді. Америка көмегі 9,4 млрд доллардан асты, оның 41,15%-ы – әскери техника, қару-жарақ. Бүгінде Ресей зерттеушілері де Кеңес заманында мән-маңызы қасақана төмендетілген одақтастар көмегін қайта зерделеп, шындықты ашуда.
Дамыған елдер сапына ұмтылған еліміз ТМД көлемімен шектелмей, дүние жүзіндегі достарымен ортақ жеңіс-жетістіктерінің тарихын да тануы қажет. Мұның бәрін таным кеңiстiгiндегi ақтаңдақтың орнын толтыру үшін айтып отырмыз. Кешегі тарихтың сын кезеңінде әлемдік қоғамдастық ортақ жауға қарсы жұдырықтай жұмыла білді. Ендеше болашақ қауіп-қатерлер алдында да баршамыз бас біріктіре аларымыз сөзсіз.
Ортақ Жеңісті ұлықтау арқылы біз жеңімпаз ата-бабамыздан мирасқа қалған ізгі құндылықтардың келешекте жалғасуына жол ашамыз. Алдағы бел астында бейтаныс ұрпақ тұр. Оған Ұлы Жеңістің адамзатты араздастырмай ағайындастыратын, таластырмай табыстыратын ұлы құндылығын табыстап үлгеруіміз керек. Батырлардың ерлік жолын, өнегелі өмірін жас ұрпақ санасына берік ұялатуға, соған баулуға тиіспіз.
Тәуелсіз елімізде тәуелсіз сана қалыптастырудамыз. Азат ел есебінде бұл істе де бөгдеге бодан болмай, сондай-ақ серіктестерімізбен сыйластығымызды да сақтай отырып, Жеңісті мерекелеудің ұлттық рәміз-нышандарын түзе беруіміз қажет. Қоғам осыны талап етіп отыр. Қазақ елі үшін Жеңістің бір символы «Георгиевская лента» немесе «Ажалсыз полк» шеруі емес. Біздің өз жолағымыз, өз жолымыз бар. Мемлекеттегі әр мейрамның мазмұны қазақы ұғымға сай болуы тиіс. Бұл – Құран бағыштап, әруақтарды еске алар күн. Осы істе азаматтық қоғаммен санаса, заманмен жараса білгеніміз маңызды. Бұл іргелі елдермен тереземіз тең болуы үшін керек.
Жанқиярлық ерлік, азаматтық өрлік, тынымсыз еңбек, адалдықтан нәр алған отаншылдық өзара үйлесім тауып, құрыштай тұтасқанда ғаламат күш-қуаты бар ұлылық тудырады. Ол ұлылық – Жеңіс. Жеңіс күні құтты болсын, ағайын!
Бақытбек СМАҒҰЛ,
Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығының төрағасы