«Үйдегі сауданы базардағы нарық бұзады» деген бар. Биыл көлденеңнен киліккен коронавирус та біраз нәрсеге кесірін тигізейін деп тұр. Мысалы, жылда осы уақытта Қызылордада құрылыс қызып жататын. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан баспаналармен қатар қарапайым жұрт та үй құрылысын бастап, көктемнен басталған тіршілік қара күзге дейін бір тынбайтын. Сол құрылыстың басында көбіне-көп шетелден келген жалдамалы жұмысшылар жүретіні және рас еді. Биыл ондай қарбалас байқала қоймайды.
Әдетте кім болса да қаржы бар жерді үйірсектейтіні белгілі ғой. Ел тұрмысы түзеле бастағаны сол еді бізге де жан-жақтан ағылғандарда есеп болмай кетті. Екі қолға бір жұмыс іздегендердің көбі құрылыс саласын жандандырды. Олардың арасында кімдер жоқ дейсіз? Көпшілігі – көрші Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстаннан келгендер. Тіпті күнкөріс үшін сонау Қытайдан Сыр бойын адаспай тауып келгендерге де таңданған жоқпыз. Қайта кеңқолтық мінезге салып, оларға мүсіркей қарадық. Әйтеуір, осы тұста құрылыс компанияларының көпшілігі бап тілемейтін арзан жұмыс күшіне жарып қалып еді. Соңғы 5-10 жылда облыста пайдалануға берілген талай құрылыста осы гастарбайтерлердің үлесі басым екенін ешкім жоққа шығара алмас. Ілкімді жігіттердің біразы осы тұста жалдамалылардан бригада жасақтап, үлкен нысандарды салуға тендерлер ұтып алып жатты.
Одан беріде шетелдік жалдамалылардың бізде жұмыс істеуіне ерік беретін ережелерге өзгеріс енгізіліп, біршама тәртіпке келтірілді. Осының өзінде де заңды айналып өтіп, жалдамалыларға жебеуші болып, сол арқылы пайда тапқысы келетіндер жеткілікті. Қазір шетелден келетіндерді облыстық полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы қатаң қадағалайды. Осы басқарма мәліметі бойынша жыл басынан бері облыс аумағына келген 2338 (2019 жылғы осы кезеңде – 9380) шетел азаматы уақытша тіркелген. Жұмыс істеуге келгендерге барлығы 2087 (былтырғы осы уақытта – 3364) рұқсат рәсімделіп, оның ішінде Өзбекстан Республикасының 2050 азаматы ел аумағында еңбек етуді заңдастырған.
ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабын бұзған 404 (2019 жылы – 1404) шетелдік анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 518-бабын бұзған 174, шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның ел аумағында қызметін заңсыз жүзеге асыруына жол берген 11 қазақстандыққа әкімшілік шара қолданылды. Бас-аяғы 25 шетелдік республика аумағынан шығарылыпты.
Қазіргідей уақытта олардың өз елдері аумағынан шыға қоюы да неғайбыл. Бұл, ең алдымен, киім мен азық-түлікті былай қойғанда жұмыс күшін де шетелден алдыратын бізге оңай тимесі анық. Әрине, олардың кәсібі жергілікті жігіттердің де қолынан келеді. Бірақ олардың ақысын ауырсынған жұмыс беруші бәрібір шекара асып келгендерді қолай көріп тұрады. Оның үстіне гастарбайтерлерден бригада жасақтап, бизнес жасап отырғандар үшін де бұл – тиімсіз. Бірақ жалдамалылардың шектен тыс көбеюі – жақсы құбылыс емес. Қайбір жылы Ресейдің экономикалық сарапшылары бір жылда гастарбайтерлер еліне 10 млрд АҚШ долларын әкететінін есептеп шығарды. Жалдамалы жұмысшы қалтасында қанша қазақ теңгесі кеткені бір Аллаға ғана аян.
Осы күні мемлекет тарапынан халықтың экономикалық белсенді бөлігін жұмыспен қамту, мамандарды қайта даярлау, сол арқылы шетелден келгендерді ығыстыру бағытында біраз жұмыс қолға алынды. Бізге осыны жалғастыра бергеннен басқа жол жоқ. Нәпақа іздеп келген гастарбайтерлердің заңды жиі бұзуы сырттан ағылғанның бәрі жақсы ниетпен келіп жатпағанын көрсетеді. Қысқасы, жалдамалы жұмысшының жарылқамайтынына көзіміз жетті. Енді қолы алтын құрылысшыны өзіміз дайындайық. Қазіргі заманның да талабы осы.
Қызылорда