Қыстан қалған қардың көбесі сөгілген тұста төтенше жағдай жарияланып, ерте көктемнің басында-ақ баспанасында бас сауғалауға мәжбүр болған жұрт күн ысып, жаздан хабар келген кезде бір-ақ көшеге шыққан-ды. Мамырдың басында карантин режімі жеңілдетілгенін хабарлап, ұнжырғасы түсе бастаған халықты бір серпілтіп қойған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев кеше төтенше жағдай режімі аяқталғанын мәлімдеді.
Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзінде Президент дағдарыс әлі толық еңсерілмегенін, бірақ індеттің шарықтау шегін артта қалдырғанымызды атап өтті. «Батпандап кірген дерт – мысқалдап шығатыны» мәлім. Індет толығымен жойылып кеткен жоқ, кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдер емес. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті. Сол себепті карантиндік шектеу шаралары әр өңірдегі жағдайға қарай қабылданатын болды.
Жалпы, індеттен туындаған дағдарысты еңсеруге Президент тарапынан бірқатар нақты тапсырмалар беріліп, тиісінше жүзеге асырылғанын атап өткен ләзім. Ол қандай шаралар? Алдымен әлеуметке тікелей ба- ғытталған шараларға тоқталсақ:
4,5 миллионнан астам адамға 42 500 теңгеден қаржылай көмек көрсету қолға алынды;
1 миллионнан астам адамға азық-түлік пен басқа да қажетті заттар үлестірілді;
Коммуналдық төлем тарифі төмендетіліп, аса мұқтаж адам- дарға тиісінше қаражат аударылды;
2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі шегерілді.
Карантиннен кейінгі өмірдің де қамын жасау үшін экономиканың маңызды салаларына мемлекет тарапынан қолдау шаралары қолға алынған-ды. Атап айтқанда, қолжетімді несие беруге, көктемгі егіс науқанын уақтылы жүргізуге, жұмыс орындарын ашу және сақтауға қаражат бөлінді. 700 мыңнан астам компанияның салық жүктемесі төмендетілді.
ХХ ғасырда «қара алтын» атанған көмірсутегі шикізатынан ХХІ ғасырда дәурен ауғаны соңғы 2-3 айдың көлемінде анық байқалды. Әрине, мұнайдан қуат алуға тәуелді салалар әлі жеткілікті. Дегенмен ел экономикасын энергетикалық секторға байлап қоймай, ауқымды реформа жүргізу қажеттігі анық байқалды. Президент айтқандай, дағдарыстан кейін ол сала «бұрынғыдай болмайды». Алдағы уақытта «жасыл энергетиканы» бетке алу – өмірдің өзі қойып отырған талап.
«Арпа-бидай ас екен» деген аталарымыздан қалған сөзді де санамызда қайта жаңғыртуға дағдарыс себеп болғандай. Азық-түлік қауіпсіздігі – мемлекеттің жалпы қауіпсіздігінің негізі екені айқын сезілді. Бұған қатысты Президент: «...Біз аграршыларға барынша қолдау көрсетуді жалғастырамыз», деп қадап айтты. Өнімнің сапасын жақсартып, көлемін арттырып, бағасын арзандату үшін ауылдарда «Егіс даласынан – дүкен сөресіне дейін» кооперациялық тізбек құру жобасын қолға алуды тапсырып, ол міндетті «Атамекен» палатасына жүктеді. Келер жылы аграрлық секторда жаңа бағдарлама қабылдануы мүмкін.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 триллион теңге бөлінгені, баспанамен қамтуға бағытталған «5-10-20» жобасына 390 миллиард теңге бағытталатыны елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту жолындағы ең басты қадамдар болмақ.
Президент жуық арада шешілуге тиіс өзекті мәселелердің бірі ретінде ұлттық бизнеске қолдау көрсетілетінін айтты. Бұл орайда «Даму» қоры Ұлттық банк тарапынан берілген несиелерге кепілдік береді. Оның көлемі 600 милиард теңгені құрайды. Яғни банк секторындағы осынша қаражат ел экономикасына бағытталуы тиіс.
55 күнге созылған төтенше жағдай, әлемді шарпыған дағдарыс медицина, білім беру, әлеуметтік қорғау салаларының қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Ендігі уақытта аталған салалар уақыт талабына сай бейімделіп, кез келген төтенше жағдайға дайын болуы керек.
Президент төтенше жағдай режімін тоқтатқаны қуанышты жаңалық, әрине. Алайда еркінсуге әлі ерте. Бөрікті аспанға атып қуанудың жөні жоқ, себебі COVID-19 қайта күш алмайтынына да кепілдік жоқ. Дүние жүзін шарпыған вирустан толық тазарып, зардабын жою уақыт пен төзімді талап ететіні түсінікті. Қырқына шыдаған халық қырық біріне де шыдап, Үкімет әзірлеп жатқан жаңа санитарлық ережелерді, карантин шараларын қатаң сақтауы тиіс.