«Елге ел қосылса құт» деген, жалпы дүние жүзіндегі демография мәселесінде халық санының соңында «нөлі» көп «дөңгелек» датаға жетуді арнайы атап өту дәстүрі бұрыннан бар. Елді елең еткізетін мұндай айтулы даталар Қазақстанда да үлкен қуанышпен аталынып өтіп келеді. 1981 жылдың 28 желтоқсанында Алматы қаласында миллионыншы тұрғын дүниеге келді. Ұлты қазақ сәбиге батыр Баукең батасын беріп, Бауыржан деген ат қойылды.
Одан кейін тәуелсіз Қазақстанда 11 миллионыншы қазақ пен 17 миллионыншы тұрғынның дүниеге келуі ел мерейін бір өсіріп тастады. 2012 жылдың 28 желтоқсанында 11 миллионыншы қазақ Түркістан облысындағы (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы) киелі Қазығұрт қойнауында дүниеге келді. Ол Мәлік пен Шолпан есімді отандасымыздың отбасындағы Мұхтар атты ер бала еді. Мұхтардың анасы – Шолпан ауылдағы мектепте мұғалім, ағылшын тілінен сабақ береді. Мәлік – ауыл шаруашылығымен айналысады. Бау-бақша, жер өңдеу, мал бордақылау, міне, негізгі кәсібі осы. Сол кезде Мұхтардан бөлек бір қызы, екі ұлы бар болатын. Осы мақаланы жазу барысында Мәлік Бадамбаевтың өзімен де хабарластық. «Мұхтар қазір ауылдағы Құлмат Өмірәлиев атындағы мектептің 2 сынып оқушысы. Сабақ үлгерімі жақсы. Шүкіршілік, Мұхтар балам ақжолтай болып, одан кейін Тоқтар, Мұхаммед деген ұлдарым дүниеге келді», деп ағынан жарылды Мәлік балуан.
Ал еліміздің 17 миллионыншы тұрғыны 2013 жылдың 15-мамыр күні Астана уақытымен сағат 23:10-да дүниеге келді. Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Таскен ауылында кіндігі кесілген сәбидің туған кездегі салмағы 3 кг. 670 грамды, ал бойы 53 сантиметрді құрапты. Сансыз бабтар елі саналатын Сайрам топырағында шыр етіп, бүкіл елімізді қуанышқа бөлеген алтын ұлға ата-анасы Алтынбек деген есім берді. Алтынбектің әкесі Мұрат та жеке шаруамен айналысады, анасы Гүлмира – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Алтынбектің бұған дейін туған үш ағасы бар. Яғни Нұрбек, Жәнібек және Асылбек деген балалар – атасы Есқара мен әжесі Зәбираның қолында өсіп, бауырында еркелеп, тәрбиесін көрген, үлкен өнегелі отбасының өрендері.
«Алла қаласа, осы мамыр айының 15-інде Алтынбек балам жеті жасқа толғалы отыр. Биыл 1-сыныпты бітіреді. Таскен ауылындағы №115 Оразбай атындағы негізгі орта мектебінде оқып жүр. Нұрбегім – студент, Жәнібегім – 10 сыныпта, Асылбегім 6-сыныпта оқиды. Балаларымыз аман болсын, үмітімізді ақтасын», дейді Алтынбектің анасы Гүлмира Сапарбаева.
Арада тағы төрт жыл уақыт өтті. Сөйтіп 2017 жылдың 11 мамырында Алматы облысы Талдықорған қаласында туған Мүслима Саматқызы еліміздің 18 миллионыншы тұрғыны ретінде тіркелгені анықталды. Сәбидің әкесі – Самат Бестыбаев, анасы – Диана Омарханова.
«Мүслима бүгін үш жасқа толды. Ол дүниеге келгенде облыс әкімі пәтер сыйлаған болатын. Қазір Талдықорған қаласында сол пәтерде тұрып жатырмыз. Мүслимадан үлкен бір ұлым бар. Жолдасым екеуміз мұғалім болып жұмыс істейміз» дейді Мүслиманың анасы Диана Омарханова.
Міне, енді берекелі, мерекелі мамыр айында ел тұрғындары тағы да жоғарғы жаққа елеңдеп, сүйінші хабар күтіп отыр. Алла қаласа, осы айда Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны анықталуы тиіс. Қарап отырсақ, ел мерейін асырған Алтынбек пен Мүслиманың дүниеге келуі арасында төрт жыл уақыт өтіпті. Яғни төрт жылда 1 миллионға көбейдік. Енді бұл жолы миллионды үш жылда бағындырып, 19 миллионға жеткелі тұрмыз. Бұл еліміздің демографиялық мәртебесін тағы бір дәлелдеп, алтын құрсақты аналарымыздың қатары артып келе жатқанын байқатса керек. Бір жағы ел тұрмысының жақсарып қалғанын да білдіретіні анық. Елімізде Тәуелсіздіктің көк туын көтерген жылдары қазақ халқының үлес салмағы небәрі 37 пайызды құрайтын. Сол жылдары: «Қазақ өз алдына егемен ел бола ала ма, жоқ, әлде үлес салмағы басым басқа ұлттардың жетегінде кете ме?» деген қорқынышты сұрақтың әрбір қандасымыздың көкейінде тұрғаны анық. Аллаға мың мәртебе шүкіршілік, ынтымақ пен бірліктің арқасында осы дәрежеге жеттік. Міне, осының бәрі Тәуелсіздіктің арқасында мүмкін болды.
Лайым, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, халқымыздың саны арта берсін!