• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Саясат 13 Мамыр, 2020

Ауыл шаруашылығын қолдау қарқын алады

607 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі комиссияны Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия ретінде қайта құру туралы шешім қабылдады.

Шын мәнінде төтенше жағ­дайда жеке кәсіпкерлік пен бизнес саласы бұрын-соңды болмаған дағдарыспен бетпе-бет келді. Сондықтан ел экономикасының негізгі өзегіне айналған өндіріс орындары мен шағын және орта бизнес саласына мемлекеттік қолдау одан әрі жалғасын таппақ.

Мемлекет басшысының елі­міз­дің индустрияландыру сала­сындағы саясатты қайта қарап, оны қазіргі әлемдік нарық пен ішкі нарықтың сұранысына икем­деу туралы тапсырмалар бе­руін өте маңызды шешім деп білеміз. Сондай-ақ мемле­кеттік және ква­зи­мемлекеттік сатып алу жүйесін отандық эконо­ми­калық белсен­ділікті арттыру құра­лы ретінде пайдалану керек деген шешімі де құптарлық.

Президент азық-түлік қауіп­сіздігі мәселесі маңыздылығына ерек­ше тоқталып өтті. Пандемия ішкі нарықты азық-түлікпен қам­та­масыз етуде импортқа тәуел­ді­лік­ке жол беруге болмайтынын ай­қын көрсетіп берді. Азық-түлік – адам­ның басты қажеттіліктерінің бірі. Елімізде ет, сүт, ұн тағы сол сияқ­­ты халық көп тұтынатын тауар түрлерімен өз-өзімізді толық қам­­тамасыз ете алатындай өндіріс кө­лемі бар. Алайда ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өңдеу мәселе­сін тиісінше жолға қоя алмай келе жатқанымыз белгілі. Бұл – еліміз­дің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіретін фактор. Қазақ­стан­ның ауылшаруашылық өндіріс кеше­нін дамыту әлеуеті аса жоғары. Сондықтан Президент ауыл шаруа­шылығы саласына ерекше көңіл бөлуде. Ең алдымен, бұл сала­да кешенді стратегиялық бағдарла­малар әзірленіп, жүзеге асырылуы тиіс. Әсіресе ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу өнеркәсібін дамытуды мықтап қолға алу қажет.

Ауыл шаруашылығы саласына қолдау бұдан әрі арта түспек. Осы уақытқа дейін экономикалық айналымнан тыс, мемлекеттік бақылау мен қолдаудан ада, өз бетінше дамып келе жатқан қосалқы шағын шаруашылықтар Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссиясы жүзеге асыратын шаралар шеңберінде қолға алынатын болды. Осы арқы­лы ауыл шаруашылығы саласын­дағы қаншама жылдан бергі күр­меуі қиын мәселе шешімін табады деп сенеміз. Қосалқы шағын шаруа­шылықтардың дамуы ауылдардағы тұр­ғындарды жұмыспен қамту мәсе­лесіне де оң әсерін тигізеді деп білеміз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­­тың мәлімдемесі тұрғын­дар­ды әлеуметтік қорғау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыс­пен қамту, салық жүйесін оңтай­лан­дыру, қаржы саласын реттеу, білім беру мен ғылымды дамыту сияқты күрделі салалардағы өзекті мәселелерді қамтыды. Бір сөзбен айтқанда, ел азаматтарының өмірі мен денсаулығын сақтау, табысын арттыру, бизнесті қол­дау және оны дамыту, білім және ғылым жүйесін жетілдіру мәлім­деменің негізгі өзегі болды. Аталған салалардың барлығында оң өзгерістерге бастайтын нақты бағдарламалар іске қосылып, ел экономикасының пандемия тудырған дағдарыстан кейін қалпына келіп, қарқынды даму жолына түсеріне кәміл сенеміз. Мемлекет басшысы ұсынған экономиканы сауықтыру шаралары ел болашағының кепілі болары анық.

 

Әли БЕКТАЕВ,

«Ауыл» халықтық демократиялық партиясының төрағасы, Парламент Сенатының депутаты