Байырғы сақтың баласынан әйеліне дейін атүсті жауынгерлікке бейімделген. Содан да болар, Еуропадан бастап, Жерорта теңізіне дейінгі халықтың зәресін алғаны. Әлгі мифке астар болған кентаврлар туралы аңыз осы тұста бой көтереді. Хас тұлпардың құны артып, тауарға айналды. Сол заманда Қытайдың ханы үйсіннің Күнбиіне қызын беріп, мың қара ат алғаны тарихтан аян. У қорғасындай үйсіннің кеудесіне батқан Қытай ханшасы үйір-үйір сәйгүлікке татығанын ойлағанда, бір өкініш кеудеңді қариды. Өйткені, сол арқылы Қазақ тұлпары Қытайға сапарлады. Осылайша аңызға бергісіз желден жаралған жүйріктер Америка асып кете барды.
Тағы да қарт тарихтың аузын бағамыз. Керей мен Жәнібек сұлтандар алғаш Қазақ хандығын құрған уақытта Шу өзенінің бойында бәйге ұйымдастырыпты. Ылдиға шапса, қаршығадай ұшқыр, өрге салса, қырандай өткір жүйрік біткеннің жұлдызы жанар мереке жайдан-жай өтпесе керек. Тұқымын тұлпардың жалына орап өсірген көшпендінің олай істемеске де дәрмені жоқ-ты. Ор қояндай орғыса, тұяғы тас мүжитін, қабыландай қарғыса, қара өзенді қақ жарып өтетін қазанат мінген қазақтың қай ғасырда да жалы жуан, шоқтығы биік еді.
Қазанат дегеннен шығады, қазақы мақалға жықсақ, сақ пен үйсіннің тұлпары аунаған жерде түк қалмай қоя ма?! Мысалға тартсақ – Қобыланды батырдың Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы, Ер Тарғынның Тарланы, Қабанбайдың Қубасы, Шақшақ Жәнібектің Қаракөгі, Бармақ батырдың Сандалкөгі, Ақан серінің Құлагері, Исатайдың Ақтабаны, Амангелді батырдың Шалқасқасы, Кейкі мергеннің Кераты, Ерқосайдың торысы сынды жұмыр жердің бетінде жұлдыздай аққан жүйріктер – сол тұлпарлардың біз атаған бір шоғыры ғана еді.
Күліктердің бәсірелі бәсекесіне өзі баптаған тұлпардың көмбеден алғашқы болып көрінуін тілеген атбегінің абыройы асар сәт бұл. Бәйге десе бәтуәлі сөз бастауға бейім халықтың жылқысыз күні жынсыз бақсыдай. Мұңайса мұңын күлігінің жалына төгіп құлдилап шапты. Қуанса шаттығын шалқая шашып, қайқая шапты. Көкпарын тақымға басты. Телі мен тентек болып бүлінсе тағы шоқпарласты. Бірісі ерінің қасын жарып тау асты. Бірінің былайғы біреуді мысы басты. Осының бәрінде кешегі сақ бабасының дәстүрі жатты. Ат қарымын сынады. Әлмисақтан сынақ бар жерде жарыс бары және рас. Ал бұл жарыстың аты «бәйге» болды. Ендігі жерде бәйге көбінесе атқа құмарлықтан гөрі материалдық жағдайға құрылған баққа айналды.
Төңкерілген кеседей тұяғының ізінде тарихтың сыры бұғып жатқан жануар жарысына кіріккенде жаның балқып сала береді. Кешегі Ілияс Жансүгіровтің әйгілі «Құлагер» поэмасында: «Батыраш бала жастан атқа құмар, Айғыршыл ат әперген баққа құмар» деген жолдар есіңізде болар. Сол Батыраш кім? Ол да ат десе ішкен асын жерге қоятын жанның бірі. Бірақ, сөз сүлейі оны қазақтың бойында бар қасиетпен ұштастырып, оқырманның ар сотына тапсырды. Бұған қарап бәйгенің бәсіне таңдай қағасың. Таңдай қағасың да, тілсіз «темір тұлпарға» иек сүйеген замандастарыңды ойлап көңілің алабұртады.
Кейде аламанды ауылға тартып кеткің келеді. Бір ұлы дүбір үйіңнің іргесінен өтердей. Бір қойшы ит-құстан қорыған қойын қорымға тастап, «Бәйге! Бәйге!» деп бөркін аспанға атып, сенің жаныңнан табылардай. Бұл – текте бар дүние. Тұран кеудесін түйдек-түйдек шаңға бөктірген тайтұяқтың жарысы – бағзыдан қазаққа осынша сұлу күй сыйлаған. Мұндай сүйкімді сезімнен соң жүйріктің қадірі артпай көрсін. Сосын ғой, қазақтың талантты ақыны Жұматай Жақыпбаевтың Кенежирен туралы: «Бермейтін-ақ атым еді қайтейін, бес моторлы самолетке баспа-бас», деп күңіренуі. Ал «Мың қатыны қыпшақтың ұл туса да, бәрі бір Иманжүсіп бола алмайды» деп қазақ даласын әнімен тербеген Иманжүсіптің торы арғымағы туралы ел аузында қалған әпсана әлі иіріміне тартады да тұрады.
Үйір-үйір қылқұйрық баққан біздің жұрттың белдеуінен бір тайы кетпегені бүкпесіз шындық. Көшпендінің жылқыны құрметтегені соншалық айшылық сапарда, арпалысты майданда жанын жалына байлаған. Мәселен, Шақшақ Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Тілеулі, Есет батырлар дулығасына таққандай тұлпарларының төбесіне ежелгі сақтардан қалған дәстүрге сәйкес лауазымдық белгі – «жыға» таққан. Сол арқылы ат пен адам ежелгі кентаврдей біртұтас рухқа айналып, қашанда оңынан шешіледі деп сенген.
Асыл тұқымды арғымақтарды бағып-баптау үлкен өнер. Ақанның Құлагерінің маңынан айналып шыға алмайтын Күреңбай сыншы сол асылдардың тұяғы ғана еді. Себебі, көшпенділердің ат баптау өнерінің қыр-сырын баяндайтын ХVІ ғасырдың басында көне ұйғыр жазуымен хатқа түскен еңбекке жүгінсеңіз, осы бір сөзге иланасыз. Онда бәйге атының ішкі, сыртқы және жалпы сипаты болып үш түрлі мүшелік көрінісі айқын жазылған. Бүгінгінің атбегілері үшін таптырмайтын дерек деуге болады.
Айта кетейік, бабатаным, жай жүйріктен болмысы бөлектерін – «қазанат, желқабыз, еңіреу, дүлдүл, өрен, шаңтимес, желтимес, әндігер жүйрік, күлік» деп атаған. Осының ішінде дене бітімі ірі, шымыр, мүсінді, құйма тұяқ, ұзақ жолға шыдамды атты «Қазанат» десе, шашасына шаң жұқпаған жүйрік жылқыны сәйгүлік, саңлақ деп әспеттеген. Мұндайда, бәйгеге қатысты айтылған «Көктемде жілік жүгіреді, күзде күлік жүгіреді», деген мәйекті сөздің мәніне ден қоясыз. Бұл жерде мың жерден тұлпар болса да, сары етін сақтаған атты қоса салуға болмайтынын, күз бұраудай қатып, бауырынан жараған күліктің бабы шабар кезі екенін ұғындырады. Яки, ол үшін нағыз атбегі болуың шарт.
Бәйге тарихындағы топжарған тұлпарға бір қотанды қотарып айдатқан қисапсыз жүлдені ескермегеннің өзінде, Құлагер тұлпар мерт болатын атақты Сағынайдың асында бас бәйгеге мың тұсақ қой мен бес жүз жылқы тігілгенін ескерсеңіз, еткен еңбектің, төккен тердің бодауы өтелетінін аңғарасыз. Әрине, бұл әсте, мал шашудың, ат шығарудың әлпеті емес. Кейбір тарихшылар бәйгенің тарихи маңызы туралы тоқталғанда оның үлкен ат спорты екенін айтады. Түптеп келгенде, біздің батыр бабаларымыз «Ер қанаты – ат» деп біліп, бәйге арқылы тұтас ұрпақты тектілікке тәрбиеледі.
Мынау Алаштың құс қанаты талатын шалқар даласы – жылқыны қолға үйреткен алтын бесік. Соны бағамдаған Елбасымыз: «Ежелден сәйгүлік баптаған елдің ұрпағымыз. Еліміз егемендік алғалы тұлпарлар тағдыры қазақы қаны бар азаматтардың қолына көшті» деуі заңдылық. Керуен ғасырдың бұйдасын жетелеген қазақтың танымы тереңде. Ал бәйге рухымыздың жаңғырығы іспетті.