Педагогтердің шамадан тыс есеп беру мәселесін түбегейлі шешетін Бұйрық мамыр айынан бастап күшіне енді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады. Ведомство басшысы бекіткен 2020 жылғы 6 сәуірдегі №130 бұйрықта орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мұғалімдері толтыруға міндетті құжаттардың нақты тізімі көрсетілген.
Бұл құжаттың маңызы сол бұдан былай мұғалімдерді шамадан тыс есеп беруден заң жүзінде қорғайды. «Педагог мәртебесі туралы» заңға және Әкімшілік кодекске сәйкес, мұғалімдерден бекітілген тізімнен өзге құжаттар бойынша артық есепті талап еткендерді арнайы орган айыппұл түріндегі әкімшілік жауапқа тартуға болады. Құжаттағы тізімге орай енді пән мұғалімі күнделікті екі құжатты – сынып журналы мен сабақ жоспарын толтырады. Ал оқу жылының басында күнтізбелік-тақырыптық жоспарды дайындап, әр тоқсан соңында критериалдық бағалау бойынша құжаттарды толтырады. Осы екеуінен өзге есеп талап етілмейді.
Дегенмен мұғалім жалақысына үстемеақы алып отырған қосымша міндеттері болса, онда бірқатар құжаттарды толтыруға тиіс. Айталық педагог жас маманның тәлімгері болып, сол үшін 17 мың теңгеге жуық үстемеақы алса, онда жас әріптесімен бірлесіп атқарған жұмысы бойынша әдістемелік құжат толтырады. Сондай-ақ мұғалім сынып жетекшісі болса, оқу жылының басында тәрбие жұмысының жоспарын әзірлеп, өткізілген ата-аналар жиналысы бойынша электронды форматта хаттама мен оқушылардың табельдерін толтырады және қажеттілігіне қарай олардың жеке істерін жаңартып отырады.
«Мектеп басшысы мен басшының орынбасарлары толтыратын маңызды құжаттардың да нақты тізімі белгіленді, артық құжаттың еш қажеті жоқ. Колледж педагогтері толтыратын құжаттар тізімі де бекітілді. Олар жылдың басында жұмыс істеуге арналған оқу бағдарламасын құрып, күнтізбелік-тақырыптық жоспар құрады, ал күн сайын сабақ жоспарын дайындап, теориялық, өндірістік оқыту және жеке сабақтарды есепке алу журналдарын толтырады. Егер педагог куратордың қызметін атқарса, тағы бір құжат қосылады», деді министр.
А.Аймағамбетовтың айтуынша, шамадан тыс есеп беру көрсеткішін түбегейлі азайтуға қатысты нақты жұмыстар мектепке дейінгі және жоғары білім беру деңгейлері бойынша да жүргізіліп жатыр. Жоғары оқу орындарының оқытушылары да қажетсіз қағаз жүктемесінен арылады. Қазіргі уақытта министрлік тарапынан нормативтік құжаттарда көрсетілген бақылаудың жүргізілуіне қатысты толтырылатын құжаттар тізімі қайта қаралып жатыр. Басым бөлігін алып тастау туралы шешім қабылданды. Мәселен, кафедраның жұмыс жоспары, комиссияның хаттамасы, қызметтік оқу жоспары сынды құжаттар бізге қажет емес. Бұл шешім ең алдымен педагогтердің жүктемесін жеңілдетеді. Оның шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік береді, артық құжат айналымын оңтайландырып, түрлі құжаттар арқылы ақпарат жинау сияқты ескірген тәжірибеден арылтады.
«Барлық білім беру ұйымдарының назарында тек білім алушы болуы тиіс. Педагогтер барлық жұмыс уақытын білім беруге, білім сапасын арттыруға бағыттауы қажет және олардың балалармен жеке айналысуға мүмкіндігі болуы маңызды. Сондықтан министрлік мұғалімдерді артық жұмыстан арылтуға мән беріп отыр. Бұл ретте мұғалімдерге артылған артық жүктемені азайту бойынша жағдай жасап қана қоймай, педагогтерден жоғары кәсіби біліктілікті және сапалы білім беруді талап етеміз. Өйткені білім сапасы ең алдымен мұғалімдердің біліктілігіне тікелей байланысты. Сол себепті, педагог үнемі өзін өзі жетілдіріп, кәсіби деңгейін арттырып отыруы керек», деді ведомство басшысы.
Енді мұғалімнен артық есеп пен құжат талап еткендерді жауапкершілікке тарту мәселесіне келсек, педагог кәсіби міндеттеріне кірмейтін жұмыс түрлеріне тарту, олардан қызметтік міндетіне кірмейтін мәселелер бойынша ақпарат немесе есеп талап ету фактілері бойынша арызды ведомствоға қарасты Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі комитетінің аумақтық департаментіне береді. Департамент сол шағымның негізінде жоспардан тыс тексеруді тіркейді. Тексеруді ұйымға барып немесе қашықтан жүргізеді. Бұл ретте құқық бұзушылық фактісін дәлелдейтін материалдар тізіміне мән беру керек:
– педагогтердің кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыс түрлеріне тартылғанын растайтын фото және бейнежазбалар, хаттардың, бұйрықтардың, актілердің, хаттамалардың көшірмелері немесе басқа да материалдар;
– жазбаша тапсырмалар немесе олардың көшірмелері, бұйрықтардың көшірмелері, есеп беру нысандарының көшірмелері мен педагогтен білім беру саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген есептіліктің немесе ақпараттың талап етілуін растайтын басқа да материалдар;
– Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген тексерудің жүргізілгенін растайтын фото немесе бейнежазбалары, күні, тексеруші тұлғалардың аты-жөні, тексерудің мәні және басқа да материалдар;
– тауардың немесе көрсетілетін қызметтің фото немесе бейнежазбасы, сондай-ақ сатып алу рәсімдері, чектері, тауарлық шоттар, шот-фактуралар, түбіртектер мен басқа да материалдар;
– мектеп ұйымдастырмаған іс-шараларға қатысқанын растайтын фото немесе бейнежазба, хаттардың, бұйрықтардың, актілердің, хаттамалардың көшірмелері немесе педагогтің іс-шараларға жіберілгенін растайтын басқа да материалдар бұзушылық жасау фактісін дәлелдейді.
«Егер алғаш рет бұзушылық жасаған адам кінәсін мойындаса, Комитет және оның аумақтық органы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырмайды, бірақ кінәлі адамға ескерту жасау туралы қаулы шығарады.
Бұзушылыққа қайта жол берген адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылады және 20-дан 120 АЕК-ке дейін әкімшілік айыппұл салынады», деп қорытындылады А.Аймағамбетов.