Әлемдегі медицина қызметкерлерінің жартысынан көбі мейірбикелер екен. Соған сай мейірбикелердің денсаулық сақтау саласындағы қызметінің маңызы да зор. Өйткені емдеу ісінде біздің қызметіміз өте маңызды, жауапты, сондай-ақ асқан төзімділікті талап етеді.
1990 жылы Балқаш қаласындағы медициналық колледжді бітіргеннен бері осы салада еңбек етіп келемін. 2006 жылы елордадағы №11 қалалық емханасына ауыстым. Өзім таңдаған мамандығым болғандықтан қандай қиындықтар мен қауіп-қатерге қарамай білек сыбана кірісуге тиіспін деп есептеймін. Әрине жұмыс жүктемесінің ауырлығынан ішкі дүниеміз кей кездері алай-дүлей болып жататыны бар. Ондайда жағымсыз ойлар мен жабырқаңқы көңіл күйді есіктің сырт жағында қалдырып, әр пациентке күлімсіреген күйде қызмет көрсетуге, бізден медет тілеп келген науқастардан жасыруға тура келеді.
Әрине әр мамандықтың өз қызығы мен шыжығы болатыны анық. Өз басым осы салада еңбек етіп жүргенімді мақтан тұтамын. Яғни өз мамандығыммен мақтанамын. Медициналық көмекке мұқтаж әрбір адамға жанымызды салып қызмет ету – біздің борышымыз. Біз дәрігерлердің көмекшілері ретінде профилактикалық іс-шаралар жүргізуге, дәрілік заттарды тағайындау мен беруге, науқастарды алғашқы қарап-тексеру, қарапайым медициналық манипуляциялар, ана мен бала денсаулығын бақылау сияқты үрдістерге тікелей қатысамыз. Сонымен бірге қарт кісілер, аяғы ауыр әйелдер, балалар мен созылмалы аурулары бар қарттарға үй жағдайында көмек көрсету, күтім мен әрі қарай емді жалғастырудың біріктірілген жүйесін ұйымдастыру, дені сау және диспансерлік есепте тұрған науқастармен жұмыс істеуде бізге өте үлкен жауапкершілік жүктеледі.
Мейірбикелер адам денсаулығына қауіп төндіретін эпидемия, пандемиямен күресте де алдыңғы қатарда тұрады. Пациенттермен бірінші болып қарым-қатынас жасайтын емхана қызметкерлері екені анық. Соған қарамастан біз бәріне сақадай сай дайын болдық. Өз емханамызға қарайтын қарт кісілерге, аяғы ауыр әйелдерге және балалар мен созылмалы аурулары бар үлкендерге дәрі-дәрмектерін волонтерлер арқылы жеткізіп отырдық.
Міне, біздің жауапты да қажетті қызметіміз қай кезде де маңызын еш жоймақ емес. Сондықтан болар әлемді әлекке салған қауіпті індетпен күрес кезінде де ақ желеңді жандардың еңбектері еленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне сыйақы тағайындап, үлкен демеу көрсетті. Бұл – бізге көрсетілген зор құрмет. Бұл біздің кәсіби жауапкершілігімізді арттырмаса, әлсіретпейді.
Саяжан МҰҚАТАЕВА,
Нұр-Сұлтан қалалық №11 емхананың мейірбикесі