Биыл Оңтүстікте көкөніс түрі көп егілді. Нәтижесінде төтенше жағдайға байланысты ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өз өнімдерін өткізуде бірқатар проблемаларға тап болды. Айталық қырыққабат өнімдерін ТМД елдеріне жөнелтуді жоспарлағанымен, дүкендер мен базарлардың жабылуына байланысты оған сұраныс азайды. Тіпті атыздағы гектар-гектар қырыққабат 5 теңгеге де өтпей жатыр.
Бұл қиындық диқандар үшін биыл ғана пайда болған жоқ. Жыл сайын қайталанады деуге болады. Мақтааралдық диқандардың арасында «Диқаншылық – карта ойыны» деген қағида бар. Бір жылы ұтсаң, енді бірде ұтыласың.
Үнемі ұтыста болу үшін жүйелі қаржылық жоспарлау болуы керек дейді шаруалар. Бір ғана мысал, 2000 жылы Мырзашөл өңірінде ақ алтынның бағасы аспандап, 3 гектар мақталы алқаптан 4-5 мың доллар пайда тапқан кез болыпты. Ал келесі жылы жағдай күрт өзгерген.
Былтыр қырыққабаттан қырып пайда тапқан ағайын бұл жылы да табысқа кенелеміз деп өнім көлемін екі еселей түскен. Нәтижесі жоғарыда айтылды.
Бір сөзбен айтқанда, көкөнісін мол өсіріп, тиімді бағаға сатамын деген тәтті арман ада, есіл еңбек еш кетті. Осыған байланысты Парламент қабырғасында сенатор, «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев Үкімет басшысы Асқар Маминнің назарына Оңтүстіктегі диқандардың осы жанайқайын жеткізген болатын.
«Оңтүстік өңірлердегі диқандар үшін дайын өнімді өткізу өте күрделі мәселеге айналды. 300 мың тонна қырыққабат егіс алқаптарында қалып қояды деген қауіп бар. Әрине негізгі себеп – пандемия. Десек те, барлық деңгейде дабыл қағып, дағдарып тұрған диқандардың мәселесін шешуге ел болып ат салысуға тиіспіз. Төтенше жағдайдың алдын алу бойынша мемлекеттік комиссияның құзыретін пайдалана отырып ел Үкіметі шұғыл шара қолданып, шаруаларға қол ұшын бермесе, қыруар қаражат, төккен тер зая кетпек. Бұл жағдай өңірдің ауыл шаруашылығы саласы үшін де ауыр соққы болғалы тұр», деген еді Әли Бектаев.
Жалпы биыл Түркістан облысында ауылшаруашылық дақылдарының егістік алқабы 825 мың гектарды құрады. Өткен жылмен салыстырғанда картоп, көкөніс және бақша дақылдарының егіс алаңы 3,2 мың гектарға, жемшөп дақылдары 11,6 мың гектарға ұлғайыпты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, бүгінгі таңда 159 мың га алқапқа жаздық дақылдар себіліп, 1273 шаруа қожалығы көкөніс жинауға кіріскен.
Депутаттық сауалдан соң 30 сәуірде өткен Үкімет отырысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Үкіметтен өңірдегі шаруалардың қырыққабатын өткізіп беруге көмек сұрады. Айтуынша, аймақта қазір сатылмай жатқан 250 мың тонна қырыққабат бар. Ал Ауыл шаруашылық министрлігінің мәлімдеуінше, шетелде қазақстандық қырыққабатқа деген сұраныс төмендеп кеткен.
Қолбайлау болған карантин
Түркістан облысына қарасты Келес ауданында да ерте егілген бау-бақша өнімдері нарыққа шығарыла бастады. Дегенмен, мұнда да төтенше жағдайға байланысты шектеулер қол байлауда. Жергілікті ауыл әкімдігінен өнімін қалаға жеткізу үшін блок-бекеттерден өтуге рұқсатнама сұрап барған диқандарға құжат рәсімдеу жағы қиындық тудырған.
Мұнан бөлек, ауыл шаруашылығына бөлінетін жеңілдетілген несиелер, қаржылай көмектер еңбектің қайнаған ортасы – ауылдарға әлі жете қоймаған. Бұл тұрғыда үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, диқандарға оны алу жолдары түсіндірілмесе, шаруашылық шатқаяқтай түсетіні анық.
Келестік Бекзат Шағырбаев ауыл шаруашылығына бөлінген мемлекеттік көмекті алмай-ақ, өз арбасын өзі сүйреп жүрген диқан. Жыл сайын дайын өнімді базарда саудалап, босаған алқаптан қара күзге дейін кемі 2-3 рет өнім алады. Жылдағы әдетімен ауыл іргесіндегі жерге шалқан еккен Шағырбаев биыл өнімін Шымкент қаласына жеткізіп, өз бағасына сата алмауда. Ауылдан қалаға тек бір күнге ғана рұқсатнама берілген. Егер бір күн ішінде өнімін өткізе алмаса, қайтып алып қайтуға мәжбүр.
«Ауыл шаруашылығына қажетті түрлі субсидия, жеңілдетілген несиелер туралы теледидардан көреміз. Көмек алайық деп барсақ қағазбастылық көп. Құжат тасумен күн өтеді. Онан да өз күшіме сүйеніп, тіршілік етуді жөн санадым. Биылғы жыл шаруалар үшін оңай болмай тұр. Карантин салдарынан көктемгі егіс жұмыстарын кеш бастадық. Енді өнімді ірі қалаларға жеткізу, лайықты бағаға саудалау қиынға соғуда. Оның сыртында базарды көршілес Өзбекстаннан келген ерте піскен өнімдер жаулап алған. Бағасы арзан болғандықтан, жергілікті диқандардың өнімінің бағасын жерге ұрып жібереді», дейді ашынған диқан.
Айта кетерлік жайт, дайын өнімді бүлдіріп алмай нарыққа шығару үшін сапалы инфрақұрылым – даңғырап жатқан автожол қажет-ақ. Ал Мақтаарал, Жетісай, Келес, Шардара аудандары мен қала арасындағы автожолдың сапасы сын көтермейді. Бұл да диқанның жұмысына кедергі келтіретін фактордың бірі деуге негіз бар.
Өзбек өнімдері нарыққа ерте келіп жатыр
Шындығында, көрші елдің климаттық артықшылығы оңтүстік диқандарының бас ауруына айналған. Алатақиялы ағайын 10-15 күндей ерте піскен өнімін әуелі біздің нарыққа кіргізіп жақсы бағаға сатады да, қалғанын Мәскеу асырады. Ресейге барған жүк көліктері қайтарда бос келіп, Сарыағаш кеден бекетінен өз еліне ағаш тиеп кетеді. Өзбек кәсіпкерлері осылайша көктемде бар-жоғы ай ішінде піскен өнімдерін қазақ орманында кемі 50-100 жылдай өскен ағаштарға айырбастауда.
Сарыағаш кеден бекетінде жүк көлігінің жүргізушісі болып істейтін Бақытбек деген жігіттен мына бір жағдайға қанықтық. Жас жігіт темір жол арқылы Сарыағашқа келген ағаш өнімдерін жүк көлігі арқылы шекара асырмақ болған. Алайда өзбек шекарашылары отандасымыздың құжаттары толық болса да өткізбей қойған. «Ішкі тәртіптері» бойынша тек өзбекстандық көліктер ғана тасымалдауы керек екен.
Естеріңізге салар болсақ, 2017 жылғы 31 наурыздағы «Өзбекстан Республикасының алдағы уақыттағы сыртқы экономикалық жұмысын реттеу шаралары туралы» қаулысына сәйкес, аталған жылдың 1 сәуірінен бастап Өзбекстан импорттық ауыл шаруашылығы өнімдеріне акциздік салықты төмендетті. Атап айтқанда, макарон өнімдеріне акциздік салық жойылды. Сонымен қатар Өзбекстанға тасымалданатын бидай, мақсары, күнбағыс майы, жеміс және көкөніс шырындары сынды бірқатар ауылшаруашылық өнімдеріне акциздік салық төмендеді.
Осы арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін қазақстандықтар үшін Өзбекстан нарығына шығуға қолайлы жағдай жасалды. Алайда көршілер бұл жеңілдікті өз пайдаларына шешіп кетіп жатты. Есесіне, біздің тарап олардан келетін ауылшаруашылық, бау-бақша өнімдеріне кедендік бақылауды жеңілдетті.
Жуырда Өзбекстан президенті Ш.Мирзиёев карантин мен коронавирус Өзбекстан шаруалары үшін үлкен мүмкіндік екендігін айтты. Осы жылы көкөніс, бау-бақша мен диқаншылықты арттырып, сыртқы саудаға көптеп шығаруымыз қажет депті. Осы мақсатта ел үкіметіне тапсырма беріп, шаруаларға жеңілдіктер жасап, қолдау көрсетуді бастап кетіпті.
Тіпті Өзбекстан биылдан бастап жыл бойы егін еге бастайды. Бұл туралы елдің ауыл және су шаруашылығы министрлігі мәлімдеді. Айтуларынша, сол арқылы көкөніс экспортын ұлғайтуды көздеп отыр. «Президенттің ұсынысымен бидай жиналған соң, оның орнына көкөністің бірнеше түрін екпекпіз. Республиканың оңтүстік өңірлерінде қазан айында картоп, сәбіз және қызылша отырғызылады», деді министр. Қазіргі таңда Өзбекстан жыл сайын шамамен 20 миллион тонна жеміс, көкөніс өнімін егеді. Сыртқы сауда жыл өткен сайын артып келеді. Осылайша көршілер әлемнің 80 елімен сауда жасайды.
Өзбекстан Еуразиялық экономикалық одаққа қарай алғашқы қадам жасады. Ел парламентінің төменгі палатасы одаққа бақылаушы ретінде қатысу ұсынысын қолдады. Сарапшылар мұны алашапандылар экономикалық кеңістіктің ұтымды тұстарын түсінді деп топшылап отыр. Мысалы, ұйымға мүше 5 мемлекеттің арасында тауар айналымына кедергі жоқ. Кәсіпкерлер үшін сауда нарығы кеңейген. Еңбек миграциясы да жеңілдетілген режіммен жүріп жатыр. Егер Өзбекстан ұйымға толық мүшелікке өтсе, ауыл шаруашылығы өнімдерін, мақта мен киім-кешегін шекара сыртына кедергісіз сатуға мүмкіндік алады. Бұл орайда біздің кәсіпкерлеріміз бен шаруа қожалықтарымыздың бәсекеге қабілеттілігі артпаса, қиын болғалы тұр.
Ендігіде етек-жеңді қымтап, отандық ауылшаруашылық өнімдеріне қолдау көрсетпесек, өзбектің өрік-мейізі, көкөнісі, ет өнімдері еліміздің ірі сауда орталықтарын жаулап алуы әбден мүмкін.
Айтпақшы, өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің Үкіметке жасаған өтініші негізінде вице-премьер Роман Скляр Түркістан облысының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау мәселесіне қатысты селекторлық жиын өткізген болатын.
Отырыс қорытындысы бойынша үкімет резервінен зардап шеккен фермерлерге екінші көктемгі егіс жұмыстары үшін 1,6 млрд теңге несие бөлу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ облыстардың, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әкімдіктеріне әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар есебінен қаражатты Түркістан облысының фермерлерінен ерте пісетін қырыққабатты сатып алуға жұмсау туралы тапсырма берілді. Ал ерте көктемде егілген қырыққабат өнімдері ең төменгі бағамен сатылды. Мүлдем сатылмағандарын атызды тазалау мақсатында шауып тастаған.
ШЫМКЕНТ