«Формула-1» жарысында бақ сынайтын «Феррари» командасы әлемнің төрт дүркін чемпионы Себастьян Феттельмен келісімшартын созбайтынын мәлімдеді. Тараптар жаңа келісімшарттың талаптарына келісе алмаған.
32 жастағы Феттелдің келісімшарты осы маусымда аяқталады. Ол бір жылда «Феррари» командасынан 40 миллион еуро жалақы алатын. Бұған дейін F1-Insider порталы «Феррари» Феттелге екі жылға келісімшарт ұсынғанын жазған еді. Келісімшартта жалақы сомасы коронавирус пандемиясына байланысты қазіргіден аз көрсетілген.
Феттель «Формула-1» жарысында 2007 жылдан бері бақ сынап келеді. Ол «Ред Булл» командасы сапында әлемнің төрт дүркін чемпионы атанған (2010–2013). Неміс автошабандозы «Феррариге» 2015 жылы ауысқан болатын.
Коронавирус індетіне байланысты «Формула-1» бәсекесінің биылғы маусымы әлі басталған жоқ. Бүгінге дейін Бахрейн, Вьетнам, Қытай, Нидерланд, Әзербайжан және Канада гран-приі кейінге қалдырылды. Ал Аустралия, Монако, Испания және Франциядағы жарыстар өтпейтін болды.