• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Мамыр, 2020

Әкімдік қызметкерлері 11 жасар қызды өлімнен құтқарды

131 рет
көрсетілді

Қызылжардың «Береке» мөлтек ауданында қызметтік шаруаларымен жүрген қалалық әкімдіктің қызметкерлері Досұлан Босынов пен Наталья Дерова 14 мамыр күні Калинин көшесінің бойындағы жекеменшік үйлердің бірінен шығып жатқан жалынды көздері шалып қалады.

Өздерінің адамдар алдындағы жауапкершілігінен айнымаған адал қызметкерлер машиналарын дереу өртеніп жатқан үйге бұрады. Олар өрт сөндірушілер жеткенше адамдар от құшағында қалып қоюы мүмкін екендігін бірден жорыған еді. Жолда келе жатып «101» нөміріне дабыл да түсіріп үлгереді.

Бұлар жеткенде тілсіз жау күш алып, үйдің іші жалын құшағына оранған. Досұлан үйде адам барын сезіп, есікті бұзып кірудің қамына шұғыл кіріседі. Наталья оған болысып, шыныны сындыратын қару іздеп табады. Үйге кірген құтқарушылар онда жас қыздың отырғанын көреді. Есі шығып кеткен 11 жасар бала бұлардың шақырғанына келмей, ана жақта атасы барын айтып, айғайлап, соны құтқару керек дей береді. Бірақ ол жаққа өту мүмкін емес еді. Жалын әбден күш алып, лапылдап жатқан. Сонда да кірмек болған Досұланды қайта шыға алмасын көрген Наталья ұстап қалады. Екеуі 11 жасар Ксенияны қолынан тартып, сынған терезеден күшпен шығарып алады. 

Бұл өртте өкінішке орай 63 жастағы үй иесі қаза болды. Ал әкімдік қызметкерлері 11 жасар қызды сабырға келтіріп, көршілерінің қолына тапсырады. Осы уақытта өрт сөндірушілер мен дәрігерлер де жетеді. Өрт сөндіруге жедел кіріскен №5 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері оны жарты сағатта сөндіріп үлгереді. Соның өзінде өрт 120 шаршы метрдей жерді шарпыған.

Петропавл әкімдігінің өкілдері Досұлан Босынов пен Наталья Дерова өздерінің мемлекеттік қызметкерге лайық міндетін адал атқарып, бір адамды ажалдан алып қалды. 32 жастағы Досұлан Түркістан өңірінің тумасы, Қызылжарда университет бітірген соң осында қызметке қалған. Қазір әкімдіктің бөлім бастығының міндетін атқарады. Ал Наталья өрт сөндірушінің отбасында туған қыз екен. Кейін жедел жәрдем қызметінде де істепті. Сондықтан ол адамдарға көмектесуге жасынан бейіл жан екен. Әкімдік қызметкерлерінің ісіне барлық қалалықтар ризашылығын білдіруде.

 

ҚЫЗЫЛЖАР