Орал қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері, Батыс Қазақстан облысы Азаматтық қорғаныс штабының бірінші басшысы Шүкір Омарұлы Мұхтаровқа арналған ескерткіш тақта ашылды.
Батыс Қазақстан облысында Азаматтық қорғаныс штабы тұңғыш рет 1962 жылы құрылған. Оның бірінші басшысы болып Ұлы Отан соғысына қатысушы полковник Шүкір Мұхтаров тағайындалған екен. ІІ дүниежүзілік соғыстың қанды қырғынын көзімен көрген майдангер халық қауіпсіздігі жолындағы жұмыстарды өңірде ұйымдастырып, азаматтық қорғаныс жүйесінің негізін қалады.
Шүкір Мұхтаров 1922 жылы Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданы Базартөбе ауылында дүниеге келген екен. Алматы қаласындағы №12 орта мектепті бітіріп, 1941 жылдың желтоқсан айында Кеңес әскер қатарына шақырылды. Соғыста «Марс» операциясына, Великолук және Невель операцияларына қатысқан Ш.Мұхтаров КВ танкінің механик-жүргізушісі болған. Жауынгерлік ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медалімен және басқа да наградалармен марапатталған.
- Ұлы жеңістің 75 жылдығы тойланып отырған биылғы жылы өңірде соғыс ардагерлеріне көрсетілетін құрмет пен тағзым шаралары жүйелі ұйымдастырылып жатыр. Рас, карантин шарттарына байланысты мұндай шаралардың өткізілу формасы өзгерді. Бірақ өңірдегі бір де бір ардагер біздің назарымыздан тыс қалған жоқ. Бүгінгі шара да аға ұрпақтың ерлігі мен еңбегіне көрсетілген лайықты баға деп ойлаймын, - деді ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев.
Жиынға Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы генерал-майор Жасұлан Жұмашев, Шүкір Омарұлының ұлы мен туыстары қатысты. Жиылған халық ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды.
Батыс Қазақстан