Төтенше жағдай жарияланып, карантин режімі енгізілген уақыттан бері Солтүстік Қазақстанда 43 блок-бекет ашылған еді. ТЖ аяқталып, шектеу шаралары жеңілдетілгеннен бері соның 19 ғана жұмысын жалғастыруда. Олар Қызылжар, Есіл, Аққайың және Шал ақын аудандарынан басқа аудандарда тұр.
«Қазір облыс аумағында қозғалыс шектелмеген, облыс орталығынан Солтүстік Қазақстан облысының аумағында орналасқан барлық елдімекендерге шығуға болады. Тек барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуы талап етіледі. Облыстан тыс жерге – жергілікті атқарушы органдардың келісімі бойынша рұқсат етілген құжатпен ғана шығуға болады», - дейді ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Байматов.
Блок бекеттерге қазір 202 полиция, сондай-ақ медициналық және ветеринарлық қызметкерлер жұмылдырылған. Полицейлер аймақтағы карантиндік шаралардың жеңілдегеніне қарамастан елдегі және Ресей Федерациясының шекаралас аудандарындағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты шектеулерді сақтау қажеттілігі жалғасып жатқандығын айтты. Бас санитарлық дәрігердің Қаулысына сәйкес, қазіргі уақытта көршілердің, таныстардың, туыстардың және әріптестердің келуіне шектеу қойылды.
Сонымен қатар тұрғылықты жері бойынша отбасылық іс-шараларды өткізуге әлі де тыйым салынған. Сондай-ақ, қоғамдық орындарда 3 адамнан артық топтасуға болмайды. Дүкендерге және басқа да орындарға барған кезде бетперде кию режімін сақтау өзгерген жоқ.
Солтүстік Қазақстан облысы