Өткен аптада Еуропаға екі айға жуық үзілістен соң ала доп аламаны қайта оралды. Кәрі құрлықта ең бірінші болып ішкі біріншілікті Германия Бундеслигасы бастап берді.
Ал Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы коронавирус пандемиясына байланысты уақытша тоқтаған ел чемпионатын қайта жалғастыру уақытының төрт нұсқасын қарастырып жатыр. Бірінші нұсқа – 31 мамыр мен 4 қазан, екінші нұсқа – 10 маусым мен 25 қазан, үшінші нұсқа – 20 маусым мен 8 қараша, төртінші нұсқа – 1 шілде мен 22 қараша аралығы. Алдағы уақытта мамандар елдегі індеттің таралу қарқынын бағамдап, осы төрт нұсқаның біріне тоқтамақ. Сондай-ақ биылғы біріншілік әдеттегідей үш емес екі айналыммен шектелетін болды.
Айта кетейік, футболдан биылғы ел біріншілігі 7 наурызда басталып, 16 наурызда коронавирус пандемиясына байланысты тоқтаған-ды. Осы уақыт аралығында командалар екі тур ойнады.