Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 76 есірткі қылмысы тіркелді. Заңсыз айналымнан 4,5 килограм түрлі есірткі заты, оның ішінде бір килограмдай синтетикалық есірткі алынды.
Сондай-ақ ағымдағы жылы жедел уәкілдер синтетикалық препараттар сатқан екі интернет-дүкеннің жұмысын тоқтатты. Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Жандос Басыбаевтың айтуынша, жедел уәкілдер есірткімен байланысты қылмыстарды анықтау және жолын кесу жұмысынан бөлек, барлық қол жетімді арналар бойынша алдын алу жұмысын да жүргізеді.
Атап айтқанда, алдын алу жұмысы белгілі әлеуметтік желілерде жүргізіледі. «Жыл басынан мектеп оқушыларымен және жастармен есірткіге қарсы күрес бағытында дәріс, кездесу мен әңгіме түрінде 130-дан астам іс-шара өткізілді. Карантиндік шаралар күнделікті жұмыс режімін өзгертті, алайда, «Қамқор» еріктілер клубы көмек көрсетуден қол үзген жоқ. Нашақорлық тақырыбына арналған бейнероликтер әлеуметтік желі үшін мемлекеттік және орыс тілдерінде арнайы дайындалып жасалды. Ол СҚО Полиция департаменті ресми аккаунтарының парақшаларында жарияланып, желі қолданушыларының оң пікіріне ие болды. Әлеуметтік желідегі жұмыстан бөлек, еріктілер есірткі саудалайтын интернет-ресурстардың мекенжайы салынған есірткі граффитиін бояуға көмектесіп тұрады»,- деді Жандос Басыбаев.
ПЕТРОПАВЛ