Большевиктердің қисынсыз революциялық қайта құруларының кесірінен ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ халқының әжептәуір бөлігі Қазақстаннан басқа жаққа көшуге мәжбүр болды. Біздің отбасымыз, менің аталарым мен ата-анам осы қасіретті басынан өткізді. Олар Ресеймен шекаралас өңірде тұрғандықтан елдегі заңсыздық пен дүрбелең басылғанша бала-шағасын аман сақтау үшін Сібірге бас сауғалады...
Алғашында әке-шешем Омбы облысын паналаған. Ол жақта ешкім күтіп отырған жоқ еді: не жұмыс жоқ, не баспана жоқ, не мал жоқ. Олар деревняларды аралап қаңғып жүрді. 30-жылдардың соңында қазақтарды күштеп Қазақстанға қайтарады екен деген сыбыс шыққан. Содан Түмен облысына қарай көшіп, мен 1941 жылы сол жерде дүниеге келіппін.
Анамыз текті әулеттен шыққан, бай отбасының қызы болған соң ба, өте бірбеткей кісі еді. Көзі жұмылғанша өзінің тілін, ділін бермей кетті жарықтық. Заман райынан шошыды ма, әлде жат жерде жүрген ұрпағым азып, орыстанып кетеді деп қорықты ма, әйтеуір, бәріміздің басымызды қосып, өткен дәуір, ата-бабамыз туралы жиі әңгіме қозғайтын. Соның ішінде әулетіміздің тағдырында ерекше із қалдырған оқиғалар жөнінде айтқандары әлі күнге дейін есімде...
– Біздің атажұртымыз Солтүстік Қазақстандағы «Құртай ауылдары» деген жерде (қазір Тимирязев және Шал ақын аудандарының жері – автор). 50-жылдардың ортасында тың игерушілер қоныстанып, атын өзгерткенге дейін солай аталып келді, – деп бастаушы еді анам әңгімесін. – Аталарың Мұқыш Құртайұлы 1866 жылы сол жерде дүниеге келген, малы мен жаны қатар өскен, тұрмысы күйлі, аса бақуатты адам болды. Бірінші әйелінен – Қасым (менің әкем, 1887 жылы туған – автор), Ғабдолла, Әлім, Оразбай атты төрт ұл мен Бибіш деген бір қыз дүниеге келген. Екінші әйелінен Уәли, Зүбәйда атты бір ұл, бір қыз сүйген. Балаларының бәріне білім беруге тырысты. Бірақ бес баланың ішінен тек Ғабдолла деген қайным ғана оқуға икемді болып, орыс-татар мектебін толық аяқтап шықты. Қашан көрсең жан-жағын түрлі кітапқа толтырып, көміліп отыратын. Қалаға, одан беріде жатқан орыс селоларына жиі барып, қазақ, орыс тілдеріндегі газеттер мен журналдарды арқалап әкелетін. Соларды оқып, білген-түйгенін әкесіне, бауырларына айтып, түсіндіріп отырушы еді.
Ол кезде – Ақ патшаның дәуірі, орталық қазіргідей Мәскеуде емес, Петерборда. Елден жырақ жатыр демесең, онда болып жатқан оқиғалардың дүмпуі бізге де жетіп тұратын. Әлсін-әлсін «Өкімет өзіне қарсы шыққан қара халықты түгелдей қырып тастапты, қанға бөккен көшеде аяқ басар жер жоқ көрінеді», «Мемлекеттік Думаға қазақтар да сайланады екен», «Алапат соғыс басталыпты» деген хабарлар естіліп тұрушы еді. Солардың арасында елге қатысты болғаны да бар шығар, кейде атқамінерлер ұзақты күн тыным таппай, ауыл арасын шаңға бөктіріп, ерсілі-қарсылы сабылып жататын. Әсіресе «солдатқа адам алады екен» деген сөз шыққанда ел іші ерекше дүрлігіп қалды. Әр тайпаның тұтқасын ұстап, тірлігін бағып отырған ақсақалдар бір күн ана ауылға, бір күн мына ауылға жиналып, кеңес құрып жатты. Біреулері «Патша жарлығына қарсы тұрар не халіміз бар, көнейік» десе, басқалары «өлімге байлап берер баламыз жоқ» деп айтыс-тартыс ұлғайды.
Қазақ қай кезде де ел қамын жеген ерлерге кенде болмаған. Бұл жолы да солай болды. Әлихан, Ахмет, Міржақып деген есімдер, істеп жатқан жұмыстары жұрттың аузынан түспеуге айналды. Олардың жанашыр, қазақ елінің болашағы туралы пікірлері ел ертеңін ойлайтын адамдардың көңіліне қона кетті. Мұқыш аталарың да олардың жоспарларын, еңбектерін, жүргізіп жатқан істерін тізіп, сараптап отыратын. Қара жұмысқа алынған жігіттерге жасап жатқан жақсылығын айтып, заманға сай бірнеше жұрттың тілін білетін, білімі мықты, нағыз жаужүрек ерлер» деп отырушы еді.
Бір күндері «Патша құлады» деген хабар келіп, ауылдың үлкенді-кішісі «я, құдай, ақсарбас» деп қалысты. Бұған дейінгі дүрлігу, дүрлігу ме, шын дүрбелең енді басталды. Бұрын-соңды естімеген «Алаш туын қолға аламыз», «өз алдымызға мемлекет боламыз» деген ұран пайда болды. Міржақыптың «Оян, қазағын» ауылдың балаларына дейін сарнап айтып жүретін. Қалаға көп қатынап, қағазға көп шұқшиятын Ғабдолла қайнымнан естуімізше, алашшыл азаматтар арнайы газет шығарып, Бүкіл қазақ құрылтайын шақырып жатқан көрінеді. Ғабдолланың өзі де аяқ жететін жерге осы хабарды жеткізіп, таратушының бірі болды. Кейіннен «Алаш» партиясы құрылып, «Алаш Орда» автономиясы ұйымдастырылып жатыр деп естідік. Бізге бәрі – таңсық, бәрі қызық. Соңы не болар екен деп елеңдеп жүрміз.
Сонымен бір күні «биылғы (1918) жылдың шілде айында «Алаш» басшылары елге келіп, халықпен кездеседі екен» деген хабар жетті. Кездесу бізге көрші жатқан Әлти Көкенұлының ауылында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының жеріндегі «Аққұсақ» ауылы – автор.) өтетін болыпты. Таңдаудың Әлти қажыға түскені де бекер емес. Осы өңірдегі ең ірі байлардың бірі, қазақ пен орысқа сөзі де, беделі де өтіп тұрған, кісіге қайырымы мол, аса ауқатты кісі еді.
Сонымен жұрттың ендігі көрген-баққаны сол кездесу болды. Жақын ағайындар Мұқыш атаның үйіне жиналып, алашордалықтардың келу мақсатын қызу талқылады. Әлихан Бөкейханның кісілік қасиеттерін, атқарып жүрген істерін жақсы білетін әрі оны қазақ халқының нағыз көсемі деп санайтын Мұқыш атамыз өз айналасына ғана емес, басқа ауылдарға барғанда да «көзі ашық қазақ баласы «Алаш» партиясын қолдауға тиіс, өйткені ол қазақ халқының азаттығы мен болашағы үшін күресетін бірден-бір күш» деп айтып, үгіттеп жүрді.
Аталарың елдің сөзін ұстаған, әр кез туралықтан таймаған, сонысымен сыйлы болған, аузы дуалы, алды кең шешендердің бірі еді (оның осы қасиеттерін С.Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» атты трилогиясында сипаттайды (1-том, 473-бет. – автор.). Содан ба екен, кездесуді ұйымдастырушылар біздің өңірдегі беделді адамдармен кеңесіп, алдағы жиында жергілікті халықтың атынан Мұқыш Құртайұлы сөйлесін деген шешімге келіпті.
Бұл жиынға алашордалықтардың қарсыластары да қатты әзірлік көріп, олардың қала үлгісінде киім киген өкілдері атама келіп, «Алаш» партиясына қолдау көрсетпе, не болмаса сөз сөйлеуден бас тарт» деп талап етіпті. «Осыдан көнбесең, өзіңмен қоса балаларыңның көзін құртамыз» деп қорқытыпты. Келесі күні Ғабдолланы аңдып жүріп қолға түсіріп, байлап әкетеді. Көрші орыс селосына апарып кепіл ретінде ұстайды. Онымен қоймай, кеңес болардан бір күн бұрын жол үстінде келе жатқан Мұқыш атаңды да ұстап әкетіп, әбден соққыға жығыпты (С.Мұқанов жазғандай «дүрелепті» – автор.). Ғабдолланы өлтіреміз деп қорқытып, «халықтың атынан алашордалықтардың саясатын қолдаудан бас тартамын деп айт, кездесуге келген «Алаш» басшыларының барлық ұсынысына қарсы шық» деп шарт қойыпты.
Мұқыш ата «Басымды кесіп алсаңдар да, бұл ұсыныстарыңды қабылдап, сенім артқан жұртыма сатқындық жасай алмаймын. Мұндай масқараға барғанша өлгенім артық. Мен жиналыста өзімнің жеке ойымды емес, сөз сөйле деп тапсырған басым көпшіліктің пікірін айтуға тиіспін» депті. Әрі-бері айтысып, ұзақ ырғасқан соң Мұқыш ата олардың Ғабдолланы босатпайтынына, оған анық қатер төніп тұрғанына көз жеткізеді. Сөйтіп екі жаққа да ыңғайлы бірден-бір дұрыс жол ұсынады. «Менің бұл жиналыста халықтың атынан сөйлейтінімді жұрттың бәрі біледі. Ал егер мені жиналысқа жібермей, халықтың сөзі айтылмай қалса, оның арты үлкен саяси жанжалға ұласады. Сондықтан кеңеске барып, екі көзқарасты да айтайын», – дейді ол, – оның біріншісі, жергілікті халықтың атынан мәлімдейтін пікір, ал екіншісі, – осы жерде отырған кісілер мен олардың артында тұрған адамдар талап етіп отырған көзқарас». Біраз кергілескеннен кейін олар да осы пікірге тоқтап, таңға таяу Мұқыш атаны босатады.
Мұқыш ата «Әлти Көкенұлының ауылына келгенімде халықтың көптігіне көзім тұнды. Ауыл іргесінің адамдарға толғаны сонша, жұрттың қарасынан көкжиек көрінбей қалды. Бұрын-соңды халықтың мұнша көп жиналғанын көрмеппін», деп отырушы еді. Алашордалықтармен кездесуге келген жұрт арнайы тігілген жүзден аса үйге сыймай, ашық далаға ер-тоқымын төсеп, емін-еркін жайғасыпты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сол кеңеске «Алаштың» отыз мыңнан астам жақтаушысы жиналған екен.
Сонымен көптен күткен кеңес өз жұмысын бастайды. Оған «Алаш» қозғалысы мен партиясы көсемдерінің бірі Міржақып Дулатов пен партияның Орынбордан келген басқа басшылары (оның ішінде «Алаш» партиясының Омбы облыстық комитетін басқаратын Ережеп Итбаев пен Айдархан Тұрлыбаев, Қызылжар ояздық комитетін басқаратын Жұмағали Тілеулин мен Салмақбай Күсеметов, Көкшетау ояздық комитетінің басшысы Ерқосай Мұқышев – автор.) және партияның басқа да ондаған жауапты қызметкері қатысады. Күн тәртібіне «Алаш» партиясының бағдарламалық міндеттерін халыққа түсіндіру, елді большевиктердің өктем саясатынан қорғау, «Алаш Орда» үкіметінің әскери бөлімдерін құру және басқа да өзекті проблемалар қойылады.
М.Дулатов пен «Алаштың» басқа басшылары сөйлегеннен кейін халықтың пікірін білдіру үшін Мұқыш атаға сөз беріледі. Мұқыш ата, ең алдымен, осы жиында сөйлеуге уәкілеттік берген және «Алаш» партиясы мен «Алаш Орда» үкіметінің саясатын, міндеттері мен ұсыныстарын қолдайтын халықтың сөзін жеткізіп, «менің өз басым да осы партияны қолдаймын, өйткені олардың айтқаны қазақ халқының түпкі мүдделеріне сай келеді» дейді.
Сонымен бірге «қазақ жастарын «Алаш Орданың» халық милициясына алу мәселесі бойынша бұдан басқа да пікір бар» дей келіп, белгілі бір саяси күштер тобының «1916 жылы халқымыз патша билігінің қазақтарды тыл жұмыстарына алу жөніндегі жарлығына қарсы шығып, көтеріліс жасады. Сол кезде қара халықты алдап соғып, майданға тек қарапайым шаруаның баласын жіберді. Қазір де сондай жағдай қайталана ма деп қорқамыз» деген пікірін жеткізеді. Әрине Мұқыш ата сол жерде алашордалықтармен жауласқан бандиттердің өз баласын кепілге алып ұстап отырғанын, өзге балаларын да өлтіреміз деп қорқытқанын, өз отбасына нақты қауіп төніп тұрғанын айтпаған.
1970 жылы басылған қазақ кеңес әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» деп аталатын трилогиясында тұтас бөлім Әлти Көкенұлының ауылында «Алаш» басшыларының халықпен кездесуіне арналыпты. Барша туыстарымыз осы кітапта Мұқыш ата туралы жазылыпты деп сүйінші сұрады. Бәріміз сол кітапты бас алмай оқыдық. Мен де оның орыс тілінде шыққан нұсқасын, әсіресе атама қатысты тұстарын ерекше қызығушылықпен оқыдым. Басында кейбір жерлерде жазушының сөзі мен анамның айтқаны қиыспай жатқанына қатты ашуланатынмын. Бірақ бірнеше рет оқып, ойға салып сараптағаннан кейін мәтіннің артында қандай мағына жатқанын түсіне бастадым. Жалпы, Әлти қажының ауылында өткен кеңес туралы менің анам айтқан және С.Мұқановтың кітабында жазылған жайттар негізінен өзара сай келеді. Егер оқырман кітаптың осы тұсын саяси, идеологиялық бағасынан ажыратып, зер салып оқып шықса, бұған көз жеткізе алады.
Жазушы солтүстік өңір қазақтарының бұл кездесуге қызығушылығы шынында да зор болды деп жазады. Әлти қажы мен сол жердің басқа да беделді, елге қадірлі кісілері, ақсақалдар бастаған халық келе жатқан қонақтарды қазақ халқының көсемдері, ұлттық Үкіметтің басшылары деп есептеп, құрметті қарауыл қойып, «Алаш» әнұранын («Арғы атам Ер Түрік») шырқап, бар сән-салтанатын жасап күтіп алды деп баяндайды.
Кездесуге алдын ала келеді деп болжанған елге белгілі, ақсүйектен шыққан 150-200 кісінің орнына 22 болыс елдің халқы (Қызылжар, Омбы, Көкшетау, Ақмолаға дейін жатқан және сол төңіректегі ауылдардың өкілдері) түгел жиналғанын айтады. Бір жүз, бір мың адам емес, ондаған мың адам «Алаш» көсемдерін көріп, сөзін естиміз деп, салт атпен 100-200 шақырым жол жүріп арнайы келген. Ол бұл жөнінде «Сол тұстағы белестердің де, ойлардың да өн бойына адам сыймауға айналды…» деп жазады (С. Мұқанов, сонда, 1-том, 472-бет). «Алаш» партиясының халық арасындағы беделі орасан зор болғанын ашық айтпаса да, кездесуге он мыңдаған адамның жиналғанын айғақтайды.
Алайда жазушы кеңесте талқыланған тұтас проблемалар кешенін «Алаш Орда» үкіметінің халықтық милиция құру үшін жігіт беру жөніндегі жалғыз өтінішіне тіреп қояды. «Алаш» басшылары ондаған мың жақтаушысымен кездескен кезде бұдан басқа мәселелерді де талқылағаны анық, бірақ кітапта ол туралы ештеңе айтылмайды. Жазушы жиынға келген «Алаш» басшыларын, сондай-ақ осы партияның жергілікті белсенділерін жағымсыз жағынан сипаттайды. Мысалы, халыққа құрметті Абылай Рамазановты «шоқынған қажы» деп атайды. Ал «Алаштың» жауапты қызметкерлерін саясат жолында күні біткен адамдарға жатқызады.
Жазушы Мұқыш атама қатысты оқиғаны былайша сипаттайды. «Жиналыстың қарсаңында қызық болды – Мұқыш жоғалып кетті» дейді. Оны бәрі жабылып, бүкіл жерден іздесе де, таба алмапты. Ұйымдастырушылар да, алашордалықтар да, сол жердегі беделді кісілер де іздепті. Бірақ ешкім оның қайда кеткенін айта алмапты. Тек таң атар алдында арып-ашып, түсі қашып кеткен, сөйлеуге де әлі жоқ Мұқыш табылыпты. Жазушы оның жоғалып кету себептері мен оны «ұрлаушыларды» сол кездегі идеологияның талабына сай, өз болжауы бойынша жазған. Дегенмен, сол жиналыста Мұқыштың екі пікірді айтқанын растайды. Оның біріншісі – халықтың атынан сөйлеуге тапсырма берген жергілікті беделді кісілердің, ақсақалдар мен атқамінерлердің ұстанымы, ал екіншісі Мұқышқа оны ұрлап әкеткендер қорқыту мен бопсалау арқылы күштеп айтқызған ұстанымды айтады.
Кейіннен Ғабдолла мен Мұқыш атаны қамауда ұстап, қорқытқандардың кім екені белгілі болады. Олар Омбы мен Петропавлдан келген, «қызылдармен» ұжымдасқан «Үш жүз» қазақ партиясының белсенділері екен. «Қызылдар» мен «Үш жүз» партиясының өкілдері халық арасында «Алаш» партиясының беделі артып бара жатқанын біліп, оның басшыларына қалайда күйе жағып, халыққа ұсынған саяси бағдарламасын қабылдатпау үшін «Алашқа» қарсы бүлдіргі әрекеттерін жүргізеді. Айтпақшы «Алаш» қозғалысын қолдағаны үшін қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабайұлын абақтыға жаптырған да осылар. Осыны білетін жұрт өз баласы жау қолында жатса да, қорықпай сөз сөйлеп, халықтың пікірін жеткізген Мұқыш атаның ерлігін ұзақ уақыт жыр қылып айтып жүрді. Өкінішке қарай, большевиктер мен кеңес өкіметі оның бұл әрекетін кешірмеді, біздің атамыз да олардың кешпейтінін жақсы білді. Анамның айтуынша, Мұқыш ата елде жүрген кезде алашордалықтармен байланысын үзбеген. Олармен сөйлесу үшін Қызылжарға барып, қолдан келген көмегін беріп тұрған. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бізге бейтаныс бір ақсақал «Жас Алаш» газетінде бұл туралы жазды да.
«Қызылдар» қанша жерден тыйым салса да, атаңның сол жиында сөз сөйлеуі кейіннен біздің отбасымызды кеңестік жазалаушы органдардың өз қырына алуына себеп болды» дейтін анамыз. Содан кейінгі оқиғалар осы сөздің рас екенін айғақтайды.
1928 жылы тәркілеудің алғашқы легі ірі байларға жүргізіледі. Сол кезде алдағы жағдайды анық болжаған атамыз өз балаларына «Кеңес өкіметі мұнымен тоқтап қалмайды, кезек бізге де жетеді, бәрімізді бұл елде қалдырмай, жер аударады» деп айтқан екен. Ол болашағын күні бұрын болжап, қолда бар малын жан-жаққа таратып, сата бастайды. Елдегі бассыздық пен заңсыздық тыйылғанша, көрші жатқан Ресей облыстарының біріне барып бас сауғалай тұрып, кейіннен қайта оралу қажет деп санайды.
Сонымен тәркілеу кезегі 1930 жылдың жазында атамызға да жетеді. Мұқыш атамыз қалған азын-аулақ мүлікті түгелдей кеңес өкіметіне өткізеді. Ал оның өзі ресми жер аударуды күтпестен, Ұмытшақ әжеміз бен Мұқан інісін алып, Ресейге бас сауғалайды. Барған бетте ыңғайлы жер таба алмай, жиі қоныс аударады. Қашқын адамда не күй болсын, 30-жылдары сол жерде қайтыс болып, Курган облысы Лебяжинск ауданының Лопаткино селосында жерленеді. Атамыздың моласын ұрпақтары 70-жылдардың басында іздеп тапты. Айтуынша, атамыз өле-өлгенше туған жерге жетуді армандаған екен. Амал қанша, жат жерден топырақ бұйырды. Кейіннен немересі Сейіт Оразбаев атамыздың басына белгі қойды. Қазір қалған ұрпақтары тәу етіп, құран бағыштау үшін ата бейітіне барып тұрады.
Мұқыш атамыздың балалары да тәркілеуден тыс қалмаған. Анамның айтуынша, әкем Қасым Мұқышұлы ауылда мал өсіріп, оған қоса 1917 жылғы революцияға дейін және 20-жылдары сол кезде аса пайдалы кәсіп саналатын саудамен айналысқан. Өз көмекшілерімен бірге Қарқаралы (Қоянды), Атбасар жәрмеңкелерінен, сондай-ақ Орталық Қазақстанның ірі байларынан үйір-үйір жылқы, жібек, мата, кілем, басқа да өтімді тауарларды сатып алып, оларды Ресейдің Қорған (Курган), Омбы (Омск), Селебе (Челябинск) қалаларына жеткізіп, екі-үш есе қымбатына сатқан не болмаса, ұнға, киімге не ауыл тұрмысына қажетті басқа тауарларға айырбастаған. Әкеміз Ресейден арнайы қиылған ағаш алғызып, ауылда үлкен ағаш үй тұрғызыпты. Орысша сөйлеп, ежіктеп болса да жаза алған. Өзінің ұлдарын Ресейдің үлкен қалаларында оқытуды армандапты. Бірақ аяқасты құбылған дүние оны өз дегеніне жеткізбеді.
Анам Мағрипа Омарқызы 1893 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданының Айымжан ауылдық округіне қарайтын жерде түп атасынан бері тұқымынан дәулет үзілмеген орташа бай Омар Көшерұлының отбасында дүниеге келген. Әке-шешесі бетінен қақпай, ерке ғып өсірген екен. Жас күнінде ауылдағы молдадан арабша хат танып, құран оқуды үйреніпті. Бізді бала кезімізден әкеміз бен Мұқыш атамызды мақтан тұтып, сыйлап-құрметтеуге тәрбиеледі. Содан ба екен әкемнің түрін көрмесем де, жас кезімнен бастап бала жүрегімде оған деген ерекше сәбилік махаббат пайда болды. Әкем мен Мұқыш атама деген сол құрметті, олардың өміріне деген зор қызығушылықты өмір бойы сақтап келемін. 1960 жылы Қазақстанға оралып, Қызылжар (Петропавл) қаласындағы Солтүстік Қазақстан педагогикалық институтына оқуға түсуіме де сол іңкәрлік түрткі болған еді.
Тағдыр жолы талай қасіретін артып, қиындығын аямай үйіп-төксе де, анам 90 жасқа дейін өмір сүріп, 1982 жылы қайтыс болды. Өмір бойы атажұртқа оралуды аңсап өтсе де, сәті түспей, Түмен облысында, әкеміз жерленген жерден жай тапты. Анамыздың есте сақтау қабілеті бәрімізді қатты таңғалдыратын. Кеңес өкіметі орнағанға дейінгі өмірін ерекше сағынышпен, бүге-шігесін қалдырмай айтып отыратын. Ленинді, Сталин мен Голощекинді жек көретін. 1950-60 жылдары Голощекиннің кім екенін онша көп адам біле бермеуші еді, бірақ анамыз оның аты-жөнін анық айтатын. Себебі тәркілеу басталып, туған жерден кетуге тура келгенше, отбасында дәл сол жендеттің аты мен саясаты талай қарғысқа себеп болған.
Анамыз бізге «Егер сол «оңбаған жауыздар» болмағанда, сендердің барлықтарың ата-баба жерінде тамаша өмір сүретін едіңдер. Олар бізді өз жерімізден қуып қана қоймай, қазаққа тән бар нәрсені – дінімізді, тілімізді, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды құртқысы келді. Соның салдарынан қазір мен әке-шешемнің, ата-енемнің басына барып құран оқи алмай да отырмын. Біздің отбасымыз тартқан тауқымет пен бейкүнә балапандарымның өлімі, біз сияқты сан миллион адамның көз жасы мен қарғысы Голощекинді жібермеді. Ол нағыз «халық жауы» ретінде ату жазасына кесілді» деп отыратын. Өмірінің соңына дейін кеңес насихатына әсте мойынсұнған жоқ, өйткені оның көргені мен түйгеніне негізделген өз ақиқаты бар еді...
Түкірік ҚАСЫМОВА,
ардагер-ұстаз
(Жалғасы бар)