Жәй Вася. Жас жігіт. Мұрны шуылдақ, көзі ірің, аяғы шуаш, киімі көнетоз, жамау-жасқау, сорпаны қорпылдатып ішіп, тамақты обырланып жейді. Суды кесесімен бір-ақ төңкере салады. Тамақ ішкенде қарап отырмай, арсыздығымен жанындағылардың берекесін ала отырады.
Даусы шаңқылдаған қатты не шіңкілдеген жіңішке болуы мүмкін. Мәселе мұнда емес. Мәселе оның екі сөзінің бірі боқтыққа (шата деген сияқты), үш сөйлемінің бірі қарғысқа («сайтан алғырдан» бастап «қолың сынғыр», «желкең үзілгір», «көріңде өкіргірге» дейін), жалпы, әңгімесінің ұзын-ырғасы мән-мағынасыз өсек-аяңға, «кінәлілерді» іздеуге құрылатынында. Сол Вася ғайыптан тайып бақ қонып, он шақты жылдан соң Василий Марковичке айналуы да мүмкін. Дегенмен бұл екі адамның арасында анау айтқандай айырмашылық болмайды. Маңайындағы сыпайы адамдар, қымбат киімдер, дастарқан толы ас оны өзгертуі тиіс еді. Бірақ ол өзгермейді. Киімі түзелгенмен, әдебі түзелмейді. Оның көзі де, өзі де тоймайды. Баяғы боқтық, баяғы қарғап-сілеу, мәнсіз өсек-аяңмен күн өлтіретін болмысы да сол қалпында.
Орыстың классикалық әдебиетінде бұл сияқты рухани таяз адамның типтік бейнесі өте көп. Әсіресе, Буниннің, Чеховтың шығармаларында қырланып-сырланған, қашалған, әбден жетілген күйінде кездеседі. Ол бірде бас кейіпкердің қалыңдығына қырындап жүр, бірде әкесінің досы, бірде көршісі, бірде жауы, т.б осылай кете береді. Былай қарасаң, нағыз жексұрын бейне. Бірақ жек көрмейсің. Оның мінез-құлқы, өзін өзі ұстауы, мәнері орыс адамына тән ашықтықтың үлгісі. Белгілі бір ұлтқа тән ашықтық дегеннен шығады ғой, Тургеневтің бір кейіпкері бар еді, әкесін қарғаға ұқсататынын ашық айтатын. «Менің әкем қарғаға ұқсайтын» деп басталады сол әңгіме. Бірақ ол жердегі қарға-әке негізінен қатыгез, сұмырайлығымен есте. Ал Вася сияқты типтік бейнелерге ортақ қасиет – арсыздық, обырлық. Осы арсыздығымен, обырлығымен ол қоғамға анау айтқандай зиян да келтірмейді. Қайта дарақы күлкі, оспадарсыз қалжың, жөн-жосықсыз боқтық қадірін кетіріп, өзі зиян шегіп жатады.
Енді бір кейіпкер шартты түрде Аркадий Петрович. Кедейленген ақсүйек тұқымынан шыққан жігіт. Мұнтаздай киінген, сақал-мұрты бастырылған, бет-аузы тап-таза, тамақ ішкенде міндетті түрде мойнына алжапқыш байлайды. Тамақты ақырын, өзіне назар аудартпай ішеді. Ол үйдегі қызметшілерге дейін сыпайы сөйлейді. Тәңір жарылқағыр, көгершінім, ардақтым, қымбаттым дегенді ол жасандылықпен айтпайды. Солай тәрбиеленген. Сөз солай сіңген. Бұл кейіпкердің ішкі мәдениеті боқтауға, қарғауға, өсек-өтірік айтуға жібермейді. Бұл кейіпкер тіпті өмір бойы қоңыр төбел тіршілігімен күн көре береді. Арсыздықпен біреуге жағымпазданбайды, бірді бірге айдап салмайды. Ең бастысы – бұл жағымды бейне. Орыс классикалық әдебиетіндегі бас кейіпкердің типтік бейнесі көбінде осылай жасалады.
ХІХ ғасырдағы орыс классикалық әдебиетінің өкілдері адамның туабітті болмысын суреттеуде асқан шебер. Олар адам жаратылысындағы ерекшелікті қырағылықпен айқындап береді. Әсіресе өз ұлтына тән ерекшеліктерді бүкпесіз баяндайды. Ол шығармаларды оқыған соң сен сол ұлтты біршама танисың. Олардың дүниетанымына жақындай түсесің. Артықшылығы мен кемшілігін салмақтайсың. Жоғарыда мысалға келтірген типтік бейнелер адам жаратылысының жарқын үлгісі. «Торғайды қанша жерден консерваторияда оқытсаң да, ол бұлбұл болып сайрай алмайды» дейтін тәмсілге сәйкес, арсызға бақ қонғанымен, тектілік қонбайтынына, ал текті қанша жерден кедейленсе де, қасиетін жоғалтпайтынына меңзейді.