Қазір жастар өздеріне қайтсе де жұрт назарын аудару үшін түрлі айла-шарғыға барып жатыр. Солайша тез танылудың жолын іздейді. Бұл қазақтың «атың шықпаса жер өрте» дегенінің нақ өзі.
Жуырда Петропавлдың 20 жасар бір азаматы сондай бір оспадар әрекет жасады. Ол әлеуметтік желілерде «Chevrolet TrailBlazer» машинасының алдыңғы әйнегін сындырып жатқан суретін жариялаған. Бұған дейін де осындай оғаш қылықтар жасап жүрген оны қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін полиция бұл жолы 15 тәулік қамауға алды. Мұны естіген қалалықтар сауап болған екен десіп, риза болып қалды.
Қыстыгүні жел берілетін матрацты машинаға тіркеп, оны жолдасының машинасына тіркеп қала көшелерінде апатты жағдай тудырып сүйретілгендер де осы азаматтар болатын. Бірақ бұл қылығымен ол әлеуметтік желіде өзіне анау айтқандай назар аударта алмағанын мойындаған. Ол жолы халықтан кешірім сұрады деп тентекке жаза қолданылмай жіберілген болатын. Ендігісі мынау болып отыр.
Қоғамдық тәртіпті, қоршаған ортаны көзге ілмейтін осындай санасыздарға қатаң жаза қолданылмаса оларды тиятын басқа амал жоқ. Бірақ біздің заңдарымыз мұндайларға қатаң жаза қарастырмаған. Петропавл қалалық Полиция басқармасы бастығының орынбасары Әлібек Ғабдуллин есерсоқтың әрекеттерін ұсақ бұзақылық деп бағалап, 15 тәулікке әкімшілік жаза беруге материалдар жинағандарын айтты. Басқаларға зиянды үлгі болатын бұл оспадарлықты судья да қолдап, оған ұсынылған жазаны берді. Әрине, қатаң жаза болмаса «тойып секіретіндерді» тыю қиын.
ПЕТРОПАВЛ