(Соңы. Басы 98-нөмірде)
Тәркілеу реті әкемізге жетіп, бар мал-мүлкі хатталады. Әкемізді кәмелетке толмаған үлкен ұлы Ахметжанмен бірге қолын байлап, арбаға салып әкетеді. Сол беті Қызылжарға (Петропавл) апарып абақтыға қамайды. Кейіннен әкемізді Омбыға алып кетіп, Ахметжанды босатады. Анамызды басқа балаларымен бірге Жарқын ауылының жанында құрған (қазіргі Тимирязев ауданы) «Бай қала» деп аталатын лагерьге жабады.
Осы лагерьде көрген күні мен Омбыға жетер жолда шеккен азабын, тоғыз баласынан қалай айырылғанын айтқанда анам байғұс көз жасын көлдетуші еді. «Менің балаларым кеңес өкіметінің озбыр саясатының құрбаны болды» дейтін. Бұл оның аналық жүрегінде беріш боп қатқан, мәңгі бақи жазылмайтын жарасы еді. Ата-анаға бір перзенттің қайғысы қандай қиын, ал 9 баланы бірінен соң бірін жер қойнына беру... Ажалға араша боларлық амал таппау...
– Қос кенжем Баян (әкем оны Баян батырдың құрметіне атаған – автор.) мен Ноян тәркілеуге дейін қызылшамен ауырды. Құлындарымның сол жағдайына да қарамады ғой, қанішерлер, – деп бастаушы еді анам осы әңгімесін. – «Бай қаладағы» жағдай ауру баққан адам түгіл сау адамның өзі шыдамайтындай қиын болды. Күн мидай ыстық. Көлеңке болар қалқа жоқ. Қоршаудың іші иін тірескен адам. Не дұрыс тамақ, не жөнді төсеніш бермейді. Ішіп-жерің де сол жерде, түзге шығарың да сол жерде. Күзетшілерден бірдеңе сұрайын десең, жанына жолатпай, қатты зекіп, боқтап тастайды. Қамшы үйіретіндері де бар. Тіпті дауыс көтеріп жылауға да рұқсат жоқ. Көздері жаутаңдап үмітпен қараған он балапанымнан көз жасымды жасырып, алдаусыратып, жұбатқандай боламын. Адамға – аштық емес, шарасыздық қатты батады екен. Қанша жанталассам да қос қозымды аман сақтап қалудың ешбір амалын таппадым. Екеуі де бірінен кейін бірі үзілді. Жоқтау айтқызбады. Мылтық ұстаған екі күзетшінің алдына түсіп, жалғыз өзім көтеріп апарып жерлеп келдім. Лагерьдің сыртындағы жонда қос төмпешік болып қала берді құлындарым. Қайтып келе жатып «балаларыма мұндай қорлық көрсеткенше, өліп тынайын» деп, сол жерден қашуға бел будым. Ендігі ойым сегіз баламмен бірге күзеттен сытылып шығу болды. Бір күні күзеттің жоқ екенін пайдаланып, түн қараңғысын жамылып қоршаудан шығудың сәті түсті. Түні бойы ештеңеге қарамай, жанұшыра жүгіріп бір жамағайынның үйіне жетіп жығылдық. Байдың тұқымын жақындатып, биліктің қаһарына ұшыраудан қорықты білем, жамағайынымыз ақыры байыз тапқызбай, бес-алты күннен кейін қуып шықты.
Сонымен барар жер, басар тауым жоқ, бір топ баламен улап-шулап далада қалдым. Елдің жағдайын жақсы білетін жасы үлкен адамдар «Мұқыштың келіні, қамаудағы Қасымның келіншегі екеніңді білетін өкімет сені бұл елде тыныш қоймайды. Ресейге, Сібірге кетіп, сол жақты сағала» деп ақыл берді. Менің төркінім тәркілеуге бір-екі күн қалғанда Омбы облысына қашыпты. Соны естіген соң ең болмаса қалған балаларымды сақтап қалайын деп, Сібірге жетіп, сол жерде Ахметжан ағаң мен әкеңді күтуге бел будым.
Өз басың болса бір сәрі, жас баламен жол жүру қандай қиын. Оның үстіне бұт артар көлігің жоқ, жаяусың. Таң атқаннан басталған ыстық күн бойы бір қайтпай, жердің апшысын қуырып жібереді. Қайта сол кезде әудем жерден бір кездесетін шоқ тоғайларды көлеңкелеп жан сақтадық (бұл тоғайлар кейіннен тың игеру кезінде түгелдей отап тасталды – автор.). Жолыққан өзен, көлден, деревняның құдығынан су ішіп, шөл басамыз. Шағын торсықтарымызға су толтырып аламыз, бірақ ол да ұзаққа жетпейтін еді. Кеш батып, ымырт үйірілсе, шыбын-шіркей мен маса талайды, күндіз ірілігі бармақтай соналар маза бермейді. Жол соққан әрі әлжуаз балапандарымның оларды қағып, қорғанатындай не шамасы бар. Әйтеуір, біртіндеп жылжи беру керек. Жолда бірнеше рет қасқыр кездесті, әйтеуір тиіспей, жөніне кетті. Шынында, сол кезде жыртқыш аңнан гөрі «қызылдардан» көбірек қорқатын едім.
Не де болса, күздің қара суығы басталып, алғашқы қар түскенше Ресейдің бір деревнясына жетіп алу қажет еді. Жанымда сегіз балам бар. Он жастан үлкен балаларым тәулігіне ары кеткенде он, он бес шақырым жол жүре алады. Оның үстіне әбден тозығы жеткен аяқ киімдері жыртылып, тегіс жалаңаяқ қалды. Балаларым да біршама жүдеп, сылынып, әлсіреді. Көп жүруге шамасы келмей, жылай беретін. Әсіресе бала кезден дімкәстігі бар бес жастағы қызым қатты қиналды. Ұзақ жолды көтере алмай, дем алуы қиындай бергесін, арқалап алдым. Басын көтеруге шамасы жетпей желкеме сүйеп, сұлқ жататын. Сол жатқан күйі дыбыс шығармастан жүріп кетіпті. Бұл кезде Қызылжарға апаратын жолдың жартысына келіп қалып едік. Ұзақ жылап, аза тұтып отыратын жағдай жоқ, жасымызды ішімізге жұтып, жолға жақын жердегі бір деревняның шетіне жерлеп, білгенімді оқып, әрі қарай жолға түстік.
Ендігі уайымым «Бай қалада» жатқанда іш ауруға шалдыққан балам болды. Әлсірегені соншалық, аяқ-қолы тартыла берді, соңынан тіптен есінен танып қалды. «Бұл құдайға не жаздық» деп боздап келемін. Қайта алдымыздан бір ауыл кездесіп, соның шетінде тұрған үйдің иесі, егде тартқан қазақ әйелден ес жиып алғанша, екі-үш күн мал қорасын паналай тұруды өтіндім. Ол да қолымдағы баламды, шұбырған түрімізді көріп аяп кетті білем, рұқсат бере қойды. Қораның қилы табанына сабан жайып, үстіне көне киізді төсеп, бар баламды жайғастырдым. Таңертең тұрғанда жерде емес, мамық төсекте жатқандай, әл жинап қалыппыз. Сұрастырып қарасақ, Қызылжарға таяп қалған екенбіз. Бірнеше күннен кейін ауру балам да есін жимаған күйі жан тапсырды. Сол ауылдың ортақ зиратына жерледік. Бізді тұрақтап қалады деп қорықты ма, үй иесінің баласы «енді кетіңдер, әйтпесе милицияға айтамын» деп, тізе бүгуге мұрша бермей, қорадан шығарып жіберді.
Жазған құлда шаршау бар ма, қайтадан белімізді буып, боқташығымызды арқалап, жолға түстік. Лагерьден қашқан «қылмыскер» деген атым бар, оның үстіне қара басым емес, қарайған балаларым бар, күн жарықта қызыл әскер немесе милиция кездесіп қала ма деп қорқып, қара жолмен жүрмедім. Омбыға жетсек, туыстарымды тауып алармын деген үміт бар, сол жақты бағыт тұтып, бір деревнядан екіншісіне жетіп, қыбырлай бердік. Далада, орманда, сызды жерде түнеп шығуға тура келді, астыға төсейтін төсенішіміз де, бүркенетін жамылғымыз да жоқтың қасы. Шөп жұлып, бұта сындырып төсеп амалдаған боламыз. Кейбір деревняларда құдайға қараған адамдар қорасына қонып шығуға рұқсат беретін.
Күлбән қызым сол кезде 12-13 жаста. Елдің көзіне ілінуге жарап қалған. Бір жағынан соны, екінші жағынан амандығын ойлап, жөні түзу адамдар кездессе, уақытша қалдырып кетейін, арғы жағын көрерміз деп келе жатқанмын. Тілегімді құдай берді ме, иманжүзді қазақтарға тап болдық. Үлкен жастағы ерлі-зайыпты кісілер екен. Соларға бар жағдайды айтып, «кейіннен әкесі келіп алып кетеді, ал егер әкете алмаса, өзімнің қызым деп санап, қолдарыңнан күйеуге ұзата беріңдер» деп, Алла алдында уәдесін алып, тапсырып кеттім. Қызымды көндіру қиын болды. Қосылып жылап, ұрсып жүріп, оның да ретін келтірдім. Сол үйдің иелері бізді атқа мінгізіп, Есілден әрі өткізіп салды. Кейіннен әкелерің келген соң менің айтқан жобаммен іздеп барып, сол отбасыны тауып, қызымызды қайтарып әкелді. Алла разы болсын, солар болмағанда Күлбәнім тірі қалар ма еді, қалмас па еді...
Жолда кездескен селолар мен ауылдардың тұрғындары берген, сатқан нан мен картопты, жұмыртқаны, қысқасы, жеуге жарайтын азықтың бәрін қалдырмай ала бердім. Әр балама жеке-жеке шағын қалта тігіп, соған азығын, торсыққа құйылған суын салып, мойындарына іліп қойдым. «Қызылдардың» көзіне түссем, қамап тастар деп қорқып, Қызылжар (Петропавл) қаласына кірмей, сыртынан айналып өттік. Кейде шаршайтынымыз сонша, аяқ басып жүруге әліміз болмай қалатын. Сондайда жолыққан арбакештерге жүзігімді, сырғамды, білезігімді, әкелерің тұтынған заттарды беріп, келесі деревняға жетіп қалатынбыз.
Сөйтіп жүріп өлдім-талдым дегенде Омбы облысына жеттік. Күз басталып, күн суытқан мезгіл еді, алдымен жаңбыр жауып, арты қарға ұласып кетті. Тіл білмейтін, қалтасында соқыр тиыны жоқ, бес баласын жетелеп қаңғып жүрген қазақ қатынын ешкім үйінің маңына жолатпайды. Бір орысқа артынан қалмай жалынып жүріп жалдандым, соның ақысына ішіне от жағылмайтын, азынап тұрған жер кепесіне қыстап шығуға рұқсат етті. Обалы не керек, үй иесі болар-болмас нан мен картоп берді, бірақ сонша бала қойсын ба, бір сәтте-ақ тәмам қылды. Сондықтан күн демей, түн демей, табылған жұмысты талғамай істей бердім, мал бағып, қора тазаладым, ағаш кестім, кір жудым, қар күредім, диірмен тарттым. Ақысына тамақ алып, балаларымды асырадым.
Сол жылы қыс әдеттегіден ерекше суық болып, қар қалың түсті. Жатқан жерімізде жөнді төсеніш, балаларымда жылы киім жоқ. Қожайынның қас-қабағын бағып, жұмсаған жағына жүгіріп әлекпін. Жарытып тамақ ішіп, жылы жерде жатпағандықтан балаларым қыс бойы тоңып, ауыра берді. Сол аурулары асқынып, екі ұлым (олардың біреуін әкем Абылайхан деп атаған – автор.) мен бір қызымды бірінің артынан бірін ажал алып тынды. Әрқайсысын құшақтап, жер бауырлап жыладым, қайтейін, құдайдың құлағы керең болса... Олардың қайтыс болғанын ешкімге айтқаным жоқ. Әрқайсысы жанымның, жүрегімнің бір кесегін алып кетті. Қыс бойы үш перзентімнің мәйітін суық қоймаға жасырып сақтап, күн сайын егеуқұйрық жеп кетпеді ме деп тексеріп жүрдім. Жүрегімнің қатып қалғаны сонша, күлуді де, жылауды да ұмыттым. Күн жылынып, қар еріген кезде селодағы жалғыз мұсылманның (қарт татардың – автор.) көмегімен орманның шетінен қабір қазып, әр балама жеке-жеке Құран оқып жерледім. Содан басқа не істей алатын едім?..
Сол қыста 35 жастағы анамның шашы түгел ағарып кетіпті.
Басқа түскен тауқымет пен қайғы-қасіреттің ауыр тигені, қатты батқаны сонша, анамның бүкіл санасын «мен балаларымнан қалмай өлуге тиіспін» деген бір ой билеп алады. Сол оймен таң атырып, сол оймен күн батырады. «Соңғы балам өлген күні міндетті түрде мен де өлемін» деп дайындалады. Ол мұны өз өмірінің лайықты, қисынды түйіні деп санайды және соған барынша сенеді. Басқа, мәңгі өмірге тезірек аттануға асығады. Бар ойын сол дүниедегі «тамаша» өмірге бағыштап, бұл фәниден ерте кеткен балаларымен іштей күбірлеп сөйлесіп жүреді. Түсінде де соны көреді. Мына дүниедегі бар тіршіліктен баз кешіп, өз өмірін өзі қиюға дайын болады...
Қолында қалған екі баласының үлкені, он жастағы ұлының аштықтан қиналғаны сонша, селодағы бөтен біреудің үйіне ұрланып кіреді. Сол үйдің дәлізінде үй иелеріне байқатпай, қолына түскен азықты қалтасына сала бастайды. Бірақ келе жатқан аяқтың тықырын естіп, жалма-жан сыртқа жүгіріп шығып, бақшаның ішімен қашады. Соры басым болды ма, әлде ажалына тап келді ме, алдынан шөп басқан қараусыз қалған құдық кездесіп, соған құлап түседі. Құдықта ескі қол шалғы жатқан екен. Соның жүзі баланың күре тамырын қиып, қан шапшып кетеді. Қанша амалдаса да тыйылмай қояды. Көмек беретін ешкім жоқ. Сол жерде қансырап, қайтыс болады. Анам «егер мен мәңгірмей, есімді жоғалтпай жүргенімде, сол бала тамақ ұрлауға бармас еді» дей беретін.
Перзентінің өлімінен соң әбден тығырыққа тірелген анамды үлкен баласы Ахметжанның келуі аман сақтап қалады.
Ахметжан аға Қызылжардың абақтысынан босап шығарда әкеміз сол қаланың шетінде тұратын, ұлты украин жолдасына хат жазып, өзі оралғанша баласының бой тасалай тұруына көмектесуді сұрапты. Хатты оқыған ол ағамызды қалаға жақын жердегі деревняда тұратын ата-анасына (дядя Богданға) алып барады. «Шаруашылыққа көмектесіп, не керектің бәрін істейді, оның есесіне әкесі келгенше ішер ас, жатар төсек беру қажет» дейді. Ағам осы үйде бір жарым жыл тұрады. Соның арқасында күштеп тәркілеу мен ұжымдастырудың салдарынан бүкіл Қазақстанды шарпыған алапат ашаршылықтан аман қалады. Кейіннен Богданның көмегімен жеке басын куәландыратын құжат алып, туған ауылына келеді. Сол жерде анасының лагерьден қашып, балаларын алып Ресейге кеткенін естиді. Сол жерден жүріске жарамды жылқы тауып мініп, жолға шығады. Кездескендерден сұрай жүріп, Омбы облысына жетіп, анамызды тауып алады. Ахметжан аға «анамды алғаш көргенімде танымай қалдым, алдымда жүдеп-жадаған, әбден қажыған, өмірден түңілген, адам шошырлық күйдегі әйел тұрды» дейді. Ағам көп күш салып, анамыздың бетін бері қаратып алыпты. Сол күндері анамның қолындағы соңғы тұяғы, қызы қатты науқас екен, көп ұзамай оны да жер қойнауына тапсырыпты.
Енді ол жерде қалудың жөні жоқ. Екеуі атқа мінгесіп анамның туыстарын іздеуге шығады. Олар да сол араға жақын жерде екен. Москаленки селосынан анамның кіші бауыры, менің нағашы ағам Шұғайып Омарұлы мен басқа туыстарын тауып алады.
Ал Қасым әкеміз Қызылжардан Омбыға жеткізіліп, абақтыға жабылған соң сол жердегі милиция қызметкерлері мен тергеушілерден өзінің қамалуына «Үш жүз» партиясы өкілінің жеткізген «доносы» себеп болғанын біледі. Енді өзінің алашордалықтармен байланысы бар-жоғы тексеріліп жатқанын естиді. Бұған «әкесі Мұқыштың «халық жауларымен» байланысы бар, бұл да құралақан болмауы керек» деген күдік түрткі болған сияқты. Қанша тексерсе де, жеткілікті дәлел таба алмаған болуы керек, екі ай қамауда ұстап, сол жақтан бірден Астрахань облысына жер аударады. Барған жерінде етікші, қайысшы болып істеп, ер-тұрман мен ат әбзелдерін жасайды. Қолы алтын, шаруаға мығым кісі еді.
Астраханьнан оралғаннан кейін өзінің отбасын іздеп, Омбы облысынан тауып алады. 11 баласынан бар-жоғы екеуі, үлкен ағам Ахметжан мен үлкен апам Күлбән ғана тірі қалған екен. Сол Омбы жерінде менің алдымдағы ағаларым Ахмедия мен Ағыбай дүниеге келіпті. Мен Түмен облысында туылыппын. Әкем мен туылардан үш күн бұрын қайтыс болыпты, сондықтан әкесіз өстім. Біздің үшеуімізді анам Мағрипа, үлкен ағам Ахметжан мен жеңгем Күләмдән тәрбиелеп өсірді.
Ата-анамның үлкен келіні, менің асыл жеңешем Күләмдән Ысқаққызы Мұстафинаға Қоскөл ауылында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданының Семиполка ауылы – автор.) дүниеге келіп, әкесінің інісі Хамза Ибраевтың қолында тәрбиеленген. Хамза ағамыз Уфа қаласында («Ғалия» медресесінде) білім алып, болашақ алашордашылармен жақсы араласқан. Қазақ тілінде «Садақ» журналын шығаруға атсалысып, «Алаш» қозғалысына қатысқан, сол үшін Мағжан Жұмабаевпен бірге түрмеде отырған. Большевиктік билік оны абақтыдан шығарса да, өзін де, жақын туыстарын да бақылауды және қудалауды қоймаған. Сондықтан ол да Сібірге, Ресейдің Түмен облысына қашуға мәжбүр болып, сол жерде біздің ата-анамыз тұратын мекенге қоныс теуіпті. Менің ағам Ахметжан 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың майданынан оралып, келесі жылы жеңгемізге үйленді.
Міне, содан бастап Күләмдән жеңгей көзі жұмылғанша әкем Қасым мен шешем Мағрипаның қарашаңырағына ие болып, отын өшірмей ұстады. 40 жылдай анамызбен бір шаңырақ астында тұрып, оның бабын тауып, күтімін жасады. Қайтыс болғанда да өз қолымен аттандырды. Ағаммен бірге әулетіміздің керегесін кеңейткен еңбексүйгіш, жігерлі жеті баланы тәрбиелеп өсірді.
* * *
Міне, біздің әулет осындай ауыр қасіретті бастан кешті. Жойылып кетудің сәл-ақ алдында қалды. «Не үшін бұлай болды, бұған не себеп?» деген сұрақтардың туындауы заңды да.
Әрине оған Қазақстанда пролетариат диктатурасын орнату, бітіспес тап күресі, «қызыл террор» аймағын кеңейту, байлар мен кулактарды тәркілеу және толып жатқан тағы басқа саяси себептерді тізіп келтіруге болады. Бұған бір мәселе – біздің Мұқыш атамыздың бай болумен қатар «Алаш» партиясы мен «Алаш Орда» үкіметін белсенді қолдаушылардың бірі болғаны нақты себеп болғаны айқын. «Алаштың» білімді басшылары сол кездің өзінде өркениетті, еуропалық даму жолымен жүргенде, әрине біздің отбасымыздың тағдыры басқа болар еді.
Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» трилогиясы шыққан кезде Солтүстік Қазақстан облысында тұрып, жұмыс істеп жатқан едім. Анама және Ресейде тұратын туыстарыма көрсетейін деп кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасын сатып алдым. Түменге келген соң анама кітаптан «Алаш» партиясы басшыларының халықпен кездесуі, Мұқыш атамыздың халықтың атынан сөз сөйлеуі жазылған жерлерін оқып бердім. Ол кішкене баяу оқып, өзіне түсініксіз сөздердің мағынасын түсіндіріп беруді өтінді. Содан соң тағы бір рет қайталап оқып беруді сұрады. Кейін бір тәулік бойы жақ ашпай қойды.
Соңынан мені шақырып, өзінің жанына отырғызып (анам бұл кезде аяғын баса алмай қалған еді – автор.), «кешеден бері бәрін қайтадан еске түсірдім» деді. Сөйтіп бұрынғы әңгімесін бір сөзін де бұзбастан қайтадан айтып берді. «Бұл әңгіме мен жазушының жазғаны арасында біршама айырмашылық бар» деген сөзіме ойлана отырып былай деді:
– Осы жиналысқа Мұқыш атаңның қатысып, сөз сөйлегені – ол кісінің отбасы мен балаларының ғана емес, біздің тұтас әулетіміздің тағдыры мен қасіреті. Бірақ атаң сол жиналыста сөйлегені үшін ешқашан өкінген емес. Өкінбек түгіл, соным дұрыс болды деп санайтын. Өз ісінің хақ екеніне анық сенгені соншалық, әрдайым «өз қолыммен істегенімді өз мойныммен көтерейін, сол үшін балаларыма тиіспесе екен» деп айтып жүретін. Мен бұл жағдайды өмір бойы ұмытпаймын. Өмірде қалай болса, солай айттым.
Қасым жер аударудан қайтып келген кезде Омбыда беделді таныстарын араға салып, босап шығуға тырысқанын, бірақ оның пайдасы болмағанын айтты. Бұған Мұқыш атаның алашордалықтардың белсенді жақтаушысы әрі жәрдемшісі ретінде есепте тұрғаны кедергі болыпты. Егер сол кезде Қасым жанымда болғанда бар баламнан айырылып, жер сипап қалмас едім. Сен бар, басқаң бар, біз тартқан қасіреттің анық-қанығына жетіңдер. Бар өтінерім осы...
Содан соң анам дыбыс шығармастан, егіліп жылап жіберді. Әзер дегенде қойдырдым. Екі күн бойы теріс қарап жатып, ешкіммен сөйлеспей қойды. «Жүрегінің жазылмаған жарасын бекер қозғадым-ау» деп қатты өкіндім.
С. Мұқановтың осы оқиғаны жазғанына баға бергенде, сол кездегі саяси жағдайды негізге алу қажет. Осы кітап жазылған 60-жылдардың соңындағы коммунистік идеология мен цензура «Алаш» партиясы мен «Алаш Орда» үкіметінің басшыларымен кездесуге ондаған мың халық өз еркімен келді» дегенге ешқандай да жол бермейтін еді. Елге қадірлі Мұқыш Құртайұлы да «Өмір мектебінің» кейіпкері ретінде міндетті түрде коммунистік идеологияның Қазақстандағы басты идеялық жауы – «Алашқа» қарсы сөйлеуге «тиіс болды».
Бүгінгі күні болған жағдайды ішінара болса да хронологиясын сақтап жазған С.Мұқановқа алғыс айтуға тиіспіз. Егер осы халықтық жиналыс туралы құжаттар жойылған (немесе Мәскеуге әкетілген) болса, ол бүркеулі жатқан шындықтың бетін ашып, үлкен жұмыс атқарды.
Осы мақала арқылы жұртшылыққа, әсіресе, тарихшыларға, қоғамтанушы ғалымдарға, журналистерге өтініш жасап, 1918 жылдың шілдесінде Солтүстік Қазақстан облысында М.Дулатов қатысқан халық жиналысын ғылыми-теориялық тұрғыдан жан-жақты зерттеу қажет екенін айтқым келеді. Бұл жиналыстың еліміз үшін тарихи маңызы зор екеніне қарамастан, әлі күнге дейін зерттелмей келеді. Сондықтан осы оқиғаға арнап, Омбыдан, Қорғаннан, Түмен мен Орынбордан ғалымдарды шақырып, арнайы ғылыми-практикалық конференция өткізу керек. Мұндай форумды ұйымдастыру «Алаш» партиясының өңірлердегі орасан зор ағартушылық және саяси қызметін зерттеп, оның тарихи бағасын беруге жол ашар еді.
«Алаш» – біздің баға жетпес байлығымыз, рухани қазынамыз, ұлттық патриотизмнің, батырлық пен жігерліліктің көзі, туған халық мен Отанға қызмет етудің биік үлгісі. «Алаштың» басшылары мен белсенді қатысушылары – көбірек зерттеп, тереңірек тануға лайықты тұлғалар. Жұртшылық пен ғалымдар алашордалықтардың қалың көпшілік арасындағы жұмысына, соның ішінде бүгінгі мақаламызға арқау болған жиналыс сияқты шараларға көбірек назар аударса екен дейміз.
Түкірік ҚАСЫМОВА,
ардагер-ұстаз