Әйелдер теннисінен әлемнің экс-бірінші ракеткасы, Жапонияның мақтанышына айналған Наоми Осака бір жылдың ішінде 37,4 миллион доллар табыс тауып, әйелдер спортында рекорд орнатты.
22 жастағы Наоми Жапонияның Осака қаласында туғанымен, үш жасында ата-анасымен АҚШ-қа қоныс аударған. 2012 жылдан бастап үлкен спортқа қадам басқан жапон қызы бүгінге дейін WTA санатындағы 5 ірі теннис турнирінде топ жарған. Оның ең ірі жетістіктерінің қатарында «Үлкен дулыға» додасының екі бірдей бас жүлдесі бар. 2018 жылы АҚШ ашық чемпионатында жеңімпаз атанған Осака араға жыл салып, Аустралия біріншілігінде қарсылас шақ келтірмей, тұғырдың биік сатысынан көрінді.
Бұған дейін әлемдегі табысты әйел спортшылардың көшін америкалық теннисші Серена Уильямс бастап тұрған еді. Биыл АҚШ спортшысы Осакадан 1,4 млн доллар аз қаржы жинап, екінші орынға түсіп қалды. Осака 2019 жылдың 28 қаңтарында Азия спортшылары арасында әлемдік рейтингте көш бастаған ең бірінші спортшы атанды. Ол бұл атағын 25 апта сақтап тұрды. Қазіргі таңда Наоми WTA рейтингінде үшінші орынға жайғасқан.