Батыс Қазақстан облысында соңғы бір тәулікте коронавирус жұқтырғандардың саны 28 адамға жетті. Олардың ішінде балабақша, білім беру саласы және оқу орталығы мамандары бар. Орал қаласында №2, 3, 4, 5 емханалардың жұмысы уақытша тоқтатылды.
Батыс Қазақстан облысында аумағында сенбі күні – 16, жексенбі күні – 24 адам коронавирус жұқтырып, өңірде COVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны 414-ке жетті. Індеттің 93 ошағы тіркелген.
– Коронавирус 100 мың тұрғынға шаққанда 63,2 адамды құрады. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 15 жағдай тіркелді. Облыстың өңірлерін жіктесек, Ақжайық ауданында – 5, Бөрлі ауданында – 7, Жәнібек ауданында – 2, Бәйтеректе – 5, Сырым ауданында – 5, Тасқалада – 11, Теректіде – 2, Орал қаласында – 377 науқас тіркеліп отыр, - дейді Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.
Соңғы күндері өңірде вирусты қарым-қатынастан жұқтырып алғандар көбейіп барады. Күні бүгін олардың саны – 162-ге жетті. Соның ішінде медицина қызметкерлері – 55 адам, 9-ы сол саланың қарапайым мамандары. Ауру жұқтырғандардың ішінде 5 полиция қызметкері, 2 балабақша, 2 білім беру бөлімі, 2 оқу орталығы, 1 блокпост қызметкері, 1 мемлекеттік кіріс департаменті қызметкері бар. Тағы 85 адам ауруды үй ошағынан жұқтырған.
Жоғарыда айтылған аурудың 93 ошағында науқастар 1115 адаммен қарым-қатынаста болғаны анықталды. Оның ішінде 597 адам жақын байланыста болған. Бүгінде инфекциялық, провизорлық және карантиндік стационарларда – 342 адам, үй оқшаулауында – 1134 адам дәрігерлер бақылауында.
Бұдан бұрын айтқанымыздай, Орал қаласындағы барлық балабақша уақытша жабылды. Бұған себеп – соңғы екі күнде 2 балабақшада екі қызметкерден коронавирус жұқпасы анықталған. Ол науқастар COVID-19 вирусы анықталғанға дейін қаладағы №2, 3, 4, 5 емханаларға барып, дәрігерлерге қаралып жүріпті. Сондықтан облыстық мемлекеттік бас санитарлық дәрігер бұл емханалардың қызметін уақытша тоқтатты. Қазір бұл жерде науқаспен қарым-қатынаста болған қызметкерлер түгел тексеріліп, дезинфекция шаралары жасалуда. Бірақ «Жедел жәрдем» қызметінің жұмысы тоқтамайды.
- Егер қала тұрғындарының бойында коронавирус белгілеріне ұқсас белгілері болса, қызуы көтеріліп, жөтел басталса, емханаға келмесін, «Жедел жәрдем» қызметін үйге шақыруын сұраймыз,- деді Нұрлыбек Ермекұлы.
Орал қаласынан ең шалғай жатқан Жәнібек ауданында да соңғы күндері екі науқас тіркелді. Олардың бірі – Атырау облысындағы Теңіз кенішінде вахталық әдіспен қызмет ететін жұмысшы болса, екіншісі ауылда азық-түлік дүкенін ұстап, Орал қаласына тауар әкелуге барып-келіп жүрген жеке кәсіпкер болып шықты. Қазір науқастар тұратын Борсы және Қамысты ауылдарында карантин шектеулері енгізіледі.
Батыс Қазақстан